"Кәсіподаққа жарна төлемейміз...". Мұғалімдер министрге хат жазды

Dalanews 04 июн. 2020 11:20 857


Қазақстандық мыңнан астам мұғалім кәсіподаққа жарна төлеуден бас тартатынын айтып, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке ашық хат жазды. Ұстаздар "жарна төлесек де, кәсіподақ құқығымызды қорғамайды" дейді.











Мұғалімдер білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке жолдаған ашық хатта Кәсіподақ федерациясы құрамындағы "Қазақстандағы салалық білім және ғылым кәсіподағы" ұйымына ай сайын жалақысынан жырып, жарна төлейтінін, бірақ "ұстаз құқығын қорғауы тиіс кәсіподақ өз міндетін атқармайтынын" жазған.

"Кәсіподақ жарғысы бойынша, кәсіподақ мұғалімдердің құқығын қорғайтын ұйым болуы тиісті. Сол үшін мұғалімдер ай сайын кәсіподаққа жарна төлеп келеді. Бірақ өкінішке қарай, мұғалім құқығын қорғаған кәсіподақ көрмедік.

Мұғалім мектепке жұмысқа кіргенде кәсіподаққа қоса кіруге міндетті болады. Бұл білім мекемелеріндегі жазылмаған заң болып қалыптасқан.


Яғни, жұмыстан жалақы алған мұғалімнен келісім сұрамастан мектеп есепшілері кәсіподаққа жарна ұстай бастайды. Мұғалім кәсіподақ құрамына кіргенін де білмейді" деп жазылған ашық хатта.

Министрге ашық хат жазған мұғалімдер "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы (жеке меншік мектеп иелерінің мүддесін қорғайды) – Білім және ғылым министрлігі – кәсіподақ арасындағы үш жақты келісімшартты бұзуды, мектепке жұмысқа тұрған мұғалімдерді автоматты түрде кәсіподақ мүшесі қылуды, кәсіподақ жарнасын мектеп есепшісі арқылы төлеуді тоқтауды талап еткен.

Мектеп қызметкерлері жарнаны есепші арқылы жинаудың және мұғалімді автоматты түрде кәсіподаққа кіргізудің артында күдікті әрекет тұр деп біледі.

"Қазақстандағы салалық білім және ғылым кәсіподағы" ұйымының жетекшісі Айгүл Мұқашева бастамашыл топ мәселені "орынсыз" қозғап отыр деп санайды. Сөзінше, кәсіподақтың әрбір мүшесі ұйымға өз өтініші бойынша ғана қабылданады.


- Ол адамдардың келісімінсіз есепші олардың жалақысынан ұстап, жарна аудара алмайды. Мүмкін, кей жерлерде ондай жетіспеушілік бар шығар. Бірақ біз өз тарапымыздан ондай жетіспеушілікті көрсек, бірден қолға аламыз. Және кәсіподаққа ешкімді мәжбүрлеп кіргізбейміз. Ал мұғалімдердің құқығын қорғаудан ешқашан бас тартқан жоқпыз, - деді ол.

Айгүл Мұқашеваның сөзінше, Еңбек кодексіне сай үш жақты жасалған келісімді Білім және ғылым министрлігінің бір жақты бұзуға хақы жоқ. Өзара келісіммен ғана бұзылады.

2018 жылы Халықаралық кәсіподақтар конгресі (ХКК) Қазақстан кәсіподақтар федерациясының мүшелігін тоқтатып, "билік органдары басқаратын және демократия мен ХКК жарғысындағы ұстанымдарды елемейтін ұйымға қатарымызда орын жоқ" деп мәлімдеген.



Рекомендовать
Последние новости