Камю. Кафка шығармаларындағы үміт пен абсурд

Dalanews 05 июн. 2017 12:43 1155

 Кафканың барлық шығармалары оқырманды екінші қайтара оқуға мәжбүр етеді. Шығарманың ақырында (тіпті оның ақыры да жоқ деуге болады) сан қырлы түсініктер бар. Бұл түсініктер көмескіленіп тұрады. Сөзіміздің шындығына көз жеткізу үшін шығарманы жаңа таныммен қайта бір оқып шығу керек. Қашанда екі түрлі оқу тәсілі бар, сол себепті, сөзсіз, екінші қайтара оқу керек. Автордың түпкі мақсаты да осы. Дегенмен, Кафканың шығармаларын бүге-шігесіне дейін қалдырмай түсіндіремін десеңіз, қателесесіз.

Символ қашанда жалпылық сипат алады, тағы, оның мәнін анық түсіндім дегеніңізбен, шығарма иесі оны ишаралап қана қояды. Оны сөзбе-сөз түсіну мүмкін емес. Бұдан тыс, символдық туындыны түсінуден өткен қиын нәрсе жоқ. Символ қашанда символдап көрсетуге пайдаланған туындыдан жоғары тұрады әрі бейнелеп тұрған нәрсесі айтпақшы болған нәрсесінен әлдеқайда көп. Сондықтан, оны жіктеп-жіліктеп, көмескі мәнін қуарлағаннан гөрі, шығарманы өзімізге әсер етуге талпынсақ, оны түсінудің сенімді жолын тапқан болар едік. Әсіресе, Кафкаға келгенде, ең абзалы оның қаламының ыңғайына жүгініп, драмаларын сыртқы құбылыс арқылы, прозаларын формасы жағынан игеру керек. Балаң санадағы оқырмандардың көзіне түсініксіз жағдайлар бірден түседі. Мұндай түсініксіз жағдайлар айтып түсіндіріп көрмеген мәселені тыным таппай, табандап тұрып зерттеген кейіпкерлерге қатысты болады. «Сот орындаушы» атты романында Йозеф.К сотталады. Бірақ не үшін сотталып жатқанын білмейді. Ол өзін ақтаудан жазбайды, бірақ не үшін екенін білмейді. Қорғаушы оның ісі қым-қуыт деп қарайды. Сонымен бірге ол сүйген қызын, тамақтануды, газет оқуды, сол арқылы көңіл көтеруді де естен шығармайды. Кейін оған үкім шығарылады, бірақ сот залы тым-тырыс, ол мұның байыбына бара алмайды. Тек өзіне үкім шығарылғанын шамалап біледі, бірақ қандай қылмыс кесілгенін сұрамайды. Кейде тіпті қылмыс кесілгеніне де күмәнданады. Ол жалғасты өмір сүреді. Көп уақыт өткен соң ретті киінген, салауатты екі адам келіп оны алып жүреді. Ол екеуі сондай сыпайы түрде оны қала сыртындағы иен жерге әкеліп, басын тасқа қойып өлтіреді. Үкім кесілген адам өлер алдында «ит сияқты болдым» деген бір ауыз сөзді ғана айтады.
Бұдан, егер прозаның ең көрнекті ерекшелігі оның натуралдығы болса, символ жөнінде ауыз аша алмаймыз. Натуралдық ــ түсінуге қиын ұғым. Оқырман оның көптеген шығармаларынан сюжеттің табиғи өріліп жататынын байқайды. Тағы бір шығармаларында (ондай шығармалары өте сирек) басты кейіпкер өзінің кез болған жағдайларының барлығы табиғи екенін байқайды. Мұнда ескеретін, бірақ көзге ұрып тұратын бір парадокс бар: басты кейіпкердің кешірмесі ақылға сыйымсыз болған сайын, оқиға табиғи өріледі. Ол адам өмірінің қым-қуыт күрделілігі мен сол адамның маңдайына жазылған өмірінің қарабайырлығының арасындағы көрнеу алшақтыққа сәйкес келеді. Бұл Кафканың табиғилығы сияқты көрінеді. Осылай қарағанда ғана біз «Сот орындаушы» атты романда баяндалған барлық нәрсеге шынайы тұшына аламыз. Кейбіреулер «ол адамның басынан өткен кешірмесінің көшірмесі» дейді. Дұрыс айтады. Бірақ оқиға қарапайым әрі күрделі. Бұл турасында Кафканың әңгімелері анағұрлым ерекшеленіп, жеке адамның мәнімен астасады дегенді айтқым келеді. Біз өкініштің отына өртеніп, тәубеге келген кезімізде, ол біз үшін сөз айтады. Ол тірі, бірақ, оған үкім шығарылды. Романның бастапқы бірнеше бетінде мұны сезінеді. Ол осы дүниеде романдағы жағдайды басынан кешірген. Ол тәубеге келген кезде ойламаған жерден осы жағдай туды. Осындай ғажаптанарлық жағдайға ол керісінше, селт етпейді. Мұндай кереғарлықтан абсурдтық шығарманың ең бастапқы нышаны байқалады. Талантты жазушы оның рухани трагедиясын жарқыратып көрсетіп бере алады. Ал ол мұны орындап шығуға тек парадокстік тәсілдің көмегіне жүгінеді. Мағынасыздықты қайта көрсетіп беру үшін өзгеше бояуды ойлап табады әрі күнделікті қимылды мәңгілікті көксеуге қабілетті етеді.
Мүмкін, «Қорған» осындай шығарма болғандықтан ғана оқиғалы теологияға өзгерсе керек. Бірақ ол – әуелі жүрегі мейірімге шөлдеген адамның ғажайып кешірмесі. Ол – жер-жаһаннан патша сарайының құпиясын іздеген, ұйқыдағы әйелдің тәнінен Тәңірдің белгісін іздеген адам. Керісінше, «Құбылу» ــ этиканы айна-қатесіз бейнелеген таңғаларлық картина. Алайда, ол – өзінің жәндікке айналғанын байқаған кездегі сұмдық сезімнің туындысы. Кафканың құпиясы қос қабатты мағынада жатыр. Натуралдық пен өзгешеліктің, даралық пен жалпылықтың, трагедия мен үнемділіктің, абсурд пен логиканың арасындағы үздіксіз шарпысушылық ــ оның бүкіл шығармаларына желі болып тартылған әрі кері әсер және мағына үстеп тұрады. Абсурдтық шығармаларды түсіну үшін осындай парадокстік тәсілдерді дұрыс танып, кереғарлықтарды жадағайластыру керек.
Әуелде бір символдың екі жағы болады: танымдық дүние және сезімдік дүние. Тағы екеуіне бірдей келетін термин керек. Мұндай терминді тауып шығу ــ қиынның қиыны. Көз алдыңда сәт-сайын құбылған мұндай дүниені түсіну үшін екеуінің арасындағы құпия байланысты табу керек. Кафканың шығармаларында бір жағынан, күнделікті өмірдегі қарапайым дүние жатады, енді бір жағынан табиғилықтан озған қасіретті дүние жатады. Бұл жерде мақаламыздың мазмұнына сай келмесе де, Ницшенің «Үлкен мәселелерден аяқ алып жүре алмайсың» деген сөзін түсіндіре кететін сияқтымыз. Адам баласының басынан өткерген тағдырынан негізгі абсурд пен қатал ұлылық бейнеленеді. Бұл екеуі бір уақытта өздігінен пайда болады. Бұл екеуі күлкілі түрде екіге бөлінеді. Біздің жүрегіміздің шексіздігін тәннің уақыттық қуанышынан бөледі. Абсурдты болатыны, жүрек тәннің меншігіне тән, ол әсілінде тәннің уақыттық қуанышынан тым-тым шалғайға озған. Кімде-кім мұндай абсурдты бейнелемекші болса, сөзсіз, параллель желідегі қайшылықтың динамикасында жан бітіруі керек. Міне, Кафка осындай жай дүниелермен трагедияны, логика арқылы абсурдты бейнелеген.
Бір актер әсірелеуі аз болған сайын оның сомдаған трагедиялық образының иландыру қуаты күшті болады. Егер ол белгілі өлшемге ерекше мән берсе, оның бойында қисапсыз үрей мен қорқыныш оянады. Бұл жағынан гректердің трагедиясы бізге сабақ болады. Белгілі бір трагедиялық шығармада логикалық пен натуралдықтың бет қалқаны ішінде тағдырдың құбылуы ең көрнекті болады. Эдиптің тағдырды күні бұрын болжанған, оның өз әкесін өлтіріп, шешесін әйелдікке алатындығы ғайыптан белгіленіп қойған. Драмада бас кейіпкердің басына келетін зұлматтың бір-бірлеп іске асатындығы жөніндегі логикалық заңдылық толық ескертілген. Осы ерекше тағдыр жөнінде жай ғана ескертіп қойса да, адамға үрей салмайды. Өйткені, қанша дегенмен оның өмірде болуы неғайбыл. Бірақ, ол қоғамда, мемлекетте және күнделікті өмірде, сөзсіз, туылатын іс ретінде көз алдымызда пайда болса, үрейленуімізге себебі болар еді. Адамның үрейден тұла бойы қалшылдап: «бұлай болуы мүмкін емес» деп қарсы себеп айтар еді, сонымен бірге, торығып тұрып: «бұлай болуы мүмкін» деген шүбәсіз сенген мағына жатар еді.
Бұл ــ грек трагедияларының барлық құпиясы немесе, тым болмағанда, осы құпиялардың бір парасы. Бұл дегеніміз тағы бір жақтан алғанда, кереғар тәсіл арқылы Кафканы анағұрлым жақсы түсінуімізге болады. Жұрттың көңілінде таптаурын болған бір идея бар: адамды құрдымға жіберетін нәрсені ғана тағдыр деп атайды. Алайда, бақ-тәлей де айналып өтуге болмайтын нәрсе болғандықтан, жаңағы «таптаурын тәсіл» бойынша айтса үйлеспейді. Осылай бола тұрса да, қазіргі адамдар оны танып жетсе, онда өзіне қайтады. Бұдан сырт, грек трагедияларындағы ынтасы ауған тағдыр туралы айтсақ әңгіме көп, байырғы аңыздардағы ең жақсы көретін образдар да осы. Олар (мысалы, «Улисс») аса қатерлі жағдайда өзін құтқарады.
Қалай болғанда да трагедиядағы логикалық пен үнемділіктің арасындағы құпия байланысты мықты ұстау керек. Осылай болғандықтан «Құбылудағы» бас кейіпкер Замза тек бір сауда агенті. Осылай болғандықтан ол сауытты қоңызға айналған, тым сирек ұшырайтын сұмдық жағдайда, бастық оның жұмысқа келмегеніне бола ашу шақыра ма деген нәрсеге ғана алаңдайды. Оған тырнақ пен мұрт өседі, омыртқасы шодырайып шығады, қарнын жыпырлаған ақ теңбіл басады. Мен, бұл жағдай оны қайран қалдырады, ерекше әсер беруі неғайбыл деп айта алмаймын. Қайта бұл жағдай оның бойында болымсыз қасіретті оятады. Кафканың барлық өнер туындыларында осындай нәзік парықтар жатады. Оның басты шығармасы «Қорғанда» күнделікті өмірдегі нәрселер басты орынды иелеген. Өзге туындылардан оқшау тұрған осы шығармада барлық еңбек еш болып, еріксізден бәрін қайта бастайды. Мұнда мейірім аңсаған рухтың сақталған хикметі бейнеленеді. Проблеманы қимылға айналдыруынан, жалпылық зат пен ерекше затты ұштастыруынан әрі бір ұлы суреткердің шеберлігі көрініп тұрады. «Сот орындаушы» атты романдағы бас кейіпкерді Шмидт немесе Франц Кафка деп атауға болады. Бірақ оның есімі – Йозеф. К . Ол – Кафка емес және Кафканың дәл өзі. Ол – қарапайым еуропа адамы. Жай адам. Бұдан тыс, ол – шынайы өмірдегі белгілі бір адамның типі.
Кафка, тіпті, абсурдты бейнелеген кезде де осы байланыстарды қолданады. Ақымақтың ваннадан балық аулаған оқиғасын бәріміз білеміз. Рухани ауруларды емдеу жобасына бас қатырып отырған шипагер одан: «Балық ілінді ме?» – деп сұрағанда, «Нақұрыс неме, ваннадан балық іліне ме?» – деген аса дөрекі жауапқа ие болады. Бұл анекдот тым өзгеше. Бірақ ол адамдарға абсурдтың нәтижесі көбінде әсіре логикадан келетінін түсіндіреді. Кафканың дүниесі – айтып жеткізуге болмайтын әлем. Адам мұнда көл-көсір азапқа шөгеді. Ваннадан балық аулағанда ол ештеңе ілінбейтінін біледі. Сондықтан, шығармада оның негізгі принципі бойынша оның абсурдтық шығармалары туралы сөз айту керек. Мысалы, «Сот орындаушы» атты романда ол ойлаған нәтижесіне жетті деп айта аламын. Тән жеңіске жетті. Мұнда бәрі бар, үнсіз қарсылық та бар (ол – автордың өзі), бәрі айдан анық, бірақ айтып жеткізуге болмайтын торығу да бар, тіпті ақылға сыймайтын әрекет еркіндігі де бар. Романдағы кейіпкер өле-өлгенше осы еркіндікте өмір сүреді.
Алайда дүние оның сыртқы бейнесінен көрініп тұрғанындай томаға-тұйық емес. Шығар жол табылмай тұйыққа тірелген ғаламда Кафка ерекше бір үміт дүниесіне бастап әкеледі. Былай қарағанда «Сот орындаушы» мен «Қорғанда» еш сәйкестік жоқ, бірақ бір-бірімен тұтас. Бір шығарма мен екінші шығарманың арасында көзге көрінбейтін байланыстың бар екендігі байқалады. Шынтуайтында, басталуы мен аяқталуы айырғысыз, құдды шексіз жеңіс сияқты. «Сот орындаушы» бір сұрақ қояды, «Қорған» ол сұрақты белгілі тәсілдермен шешеді. Алдыңғысы ғылыми әдістеме бойынша бейнелеп, ешқандай қорытынды шығармайды, соңғысы оның жауабын әзірлейтін сияқты. «Сот орындаушы» науқасқа диагноз қояды, «Қорған» дауалайды. Бірақ жазып берген дәрілер еш өнімін бермейді. Ол тек күнделікті өмірде ауруды қайта қоздырады. Ол ауру азабына төзуге септігін тигізеді. Белгілі мәннен алғанда (Кьеркегорды ойлаңызшы) біздің сол ауруға деген махаббатымызды оятады. Жер өлшеуші қызметкер K. бар зейінімен оның жанына тыныштық бермеген уайым жөнінде ойланады. Оның жақындары да осы бір мағынасыз, ат қоюға да келмейтін азаптың ықпалына ұшырайды. Бұл азап ــ құдды шығармадағы шексіз махаббаттың бейнесі сияқты. Фрида K.-ға: «Маған сенің жаныңда болу қажет, сенімен танысқаннан бері сенен айырылып көргем жоқ», – дейді. Осындай хикметті дәрі бізді құрдымға жіберетін нәрсеге махаббатымызды оятып, шығар жолы жоқ әлемге бастауын үміттендіреді. Осы тосыннан келген «тебінділік» біздің барлық көзқарасымызды өзгертеді. Бұл ــ болмысшылдық әкелген төңкерістің құпиясы әрі «Қорғанның» да туабітті құпиясы.
«Қорған» сияқты ақыры аса қатыгездікпен аяқталған өнер туындылары кемде-кем. K. – комитеттің қорғанға жіберген жер өлшеуші қызметкері. Сөйтіп, ол қыстаққа келеді. Бір қыстақ пен қорғанның адамдары ежелден бір-біріне ат ізін салмаған. K. түрлі амалдар ойлап, талмай қорғанға кіретін жол іздейді. Ол көп амалды қолданады. Қулықтарды да істетеді. Соқпақ жол іздейді. Ешқашан ренжімейді, қайта қорғанға деген өзі де байыбына бара алмайтын сенім бар. Ол тарау сайын сәтсіздікке ұшырайды, бірақ қайта бастайды. Бұл – логика емес, талмайтын табандылық. Шығармаға бастан-аяқ өзек болған табандылық оның трагедиялығын тудырады.
K. қорғанға телефон соққанда ар жағынан шуылдақ дыбыстар, белгісіз күлкі және алыстан талып жеткен айғайды естиді. Бұл ــ жазғы аспанда белгілі бір нышан пайда болғаны сияқты немесе өмірімізге мән сыйлаған ымырттағы кездесу сияқты оған үміт ұшқынын сыйлайды. Біз бұл жерде Кафканың ерекше қасіретінің құпиясын байқаймыз. Бұдан тыс, біз тағы Прусттың шығармаларынан немесе Плотинның пейзаждарынан осындай қасіретке кез боламыз, яғни жоғалтқан саябақты сағынған қасірет. Ольга: «Барнабастың таңертең қорғанға кеткенін естіп қатты қайғырдым. Мүмкін, бұл – обалды сапар. Мүмкін, бұл – текке кеткен бір күн. Мүмкін, бұл – селге кеткен үміт», – дейді. «Мүмкін, Кафканың барлық шығармалары осындай селге кеткен дүниелер шығар». Бірақ оның еш өнімі жоқ. Шығармада оның мәңгілікке деген арманы тым дәрменсіз. Осы бір тіршілік тынысына толы механикалық құрылым бізге мынадай ой салады, егер өзіміздің көңілімізді көтермей, рухани бұғауға бойұсына берсек қандай нәрсеге өзгерер едік.
«Қорғанда» күнделікті өмірдегі бағыныш этикаға айналады. Қорғандағылардың қабылдауына ие болуы ــ K.-ның ең үлкен арманы. Ол мұны жалғыз өзі іске асыра алмайтындықтан, осы «бақытқа кенелу» үшін барын салады. Егер ол осы қыстақтың тұрғынына айналса, сырттан әкелген төлқұжатынан бас тартуға риза (сол кезде барлық адам өзін сырттан келген адам сезінеді) . Ол өзінің кәсібі, отбасы болуын, ел қатарлы салауатты өмір сүруді ойлайды. Ол ендігәрі елдің табасына төзбейді. Оның байсалды өмір кешіргісі келеді. Фридамен қалыпсыз байланыста болуы бұл жағында ерекше мән алады. Егер ол қорғандағы мансаптының қызымен танысып, өзіне жар еткен болса, онда ол қыздың өткен күндерінің себебінен болар еді. Ол қыздан өзі қажет еткен нәрседен де артық дүние пайдаланады. Сонымен бірге, қорғанның назарында қандай нәрсенің ешқашанда жетпей тұратыны оның көкейінде сайрап тұрады. Кьеркегордың  Регине Олсенге деген ерекше махаббатын ойлап көріңізші. Оларды жалмаған оттың алапат күші олардың достары мен жақындарын да құртады. «Қорғандағы» осы бір қыстырма эпизод бақытсыз қателікке ұрынады, яғни тәңірге тиесілі болмаған нәрсе Тәңірдің меншігіне тиеді. Бірақ Кафка үшін бұл қателік емес. Қайта уағыз және «тебінділік». Ол Тәңірге тиесілі болмаған ешқандай нәрсені алып шыққан жоқ.
Жер өлшеуші Фриданы тастап, Барнабастың қарындасын іздейді. Бұл іс тіпті де мәнге ие. Былайша айтқанда, Барнабастың отбасы қыстақтағылармен де, қорғанмен де барыс-келіс жасамайды. Қарындасы Амалия қорғандағы бір мансаптының жиіркенішті талабынан бірнеше рет бас тартқан. Арсыз қарғыс оның соңынан түсіп, оны Тәңірдің махаббатынан жұрдай етеді. Кім Тәңір үшін өзінің даңқын құрбандыққа шалмаса, сол Тәңірдің шапағатына бөленбейді. Біз бұл жерден болмысшылдық философясының «Мораль мен ақиқат қарама-қарсы» деген өзімізге қанық негізгі тақырыбын тани аламыз. Бірақ көптеген істер бізге әлі анық емес. Өйткені, Кафканың бас кейіпкерінің жүріп өткен жолы ــ Фридадан Барнабастың қарындасына дейінгі жол, шүбәсіз сенген махаббаттан абсурдты табынушылыққа дейінгі жол. Дәл осы жерде Кафка да Кьеркегорды іздейді. Барнабасқа арналған тарауды кітаптың соңына қояды. Бұл адамға оқыс сезілмейді. Жер өлшеушінің ең соңғы құлшынысы Тәңірдің барлық заттарын теріске шығару арқылы Тәңірді байқауға, біздің дағдымыз бойынша ізгілік пен сұлулықтың категориясынан емес, қайта оның қаталдығынан, әділетсіздігі мен өшпенділігінің мағынасыздығынан, кейіпсіз бейнесінің тасасынан таниды. Қорғанның қабылдауын қатты аңсаған осы бейтаныс адамның ең соңында шығар жолы қалмаған кезде жұрт одан безеді, өйткені осы жолы ол өзіне адал болмады. Моральдің, логиканың, рухтың шынайылығынан бас тартты. Тек тиянағы жоқ үмітпен Тәңірдің құлазыған мейірім дүниесіне кірді.
«Үміт» деген сөзді бұл жерде айту еш күлкілі емес. Керісінше, Кафка баяндаған жағдайлар қанша торығушылыққа толы болған сайын, үміт сонша күшейеді. Шынтуайтында, «Қорған» абсурдты болған сайын, ондағы шиеленіскен жағдайлар барынша қасіретке айналып, оған айтар уәж таппайсың. Алайда, біз болмысшылдық ойлау жүйесінің парадоксіне еріксіз жүгінеміз. Кьеркегордың  аузымен айтылған сөзді мысалға келтірсек: «Сөзсіз, біз адамдар арасындағы үмітті жойсақ қана шынайы үмітке қол жеткіземіз». Бұл сөзді: «Сөзсіз, «Сот орындаушыны» жазғаннан кейін ғана, «Қорғанды» жазуға болады деп түсінуге болады.
Көптеген сыншылар Кафканың шығармасын тұйыққа тірелген адамның жанайқайы деп айтады. Бұл сөзді өзгертуге тура келеді. Үміт пен үміт ұқсамайды. Менше Хенри Бордостың оптимистік шығармалары адамды қатты үмітсіздендіреді. Керісінше, Мальроның ойлау жүйесі адам көңіліне қанат бітіреді. Бірақ бұл екеуі де біз тілге тиек етіп отырған үмітпен де, торығушылықпен де қатысы жоқ. Мен абсурдтық шығармалардың адамды еріксіз түрде сенімсіз жолға бастайтынын білемін. Бір шығармада ақыры жоқ ситуацияларды, қас-қағым сәтте сұлулығын жоғалтатын заттарды бір қалыпты қайталай берсе, ол құр елестің мекеніне айналады. Ол қозғау салады, үміт сыйлайды. Шығарма иесі одан енді айырыла алмайды. Ол трагедияның ойыншығы емес. Ол автордың өміріне мән сыйлайды.


Кафканың, С. Кьеркегордың және Л. Шестовтың шығармаларының табиғаты ұқсайды. Түйіндеп айтсақ, болмысшылдық бағытындағы жазушылар мен философтардың шығармалары түгелдей абсурдқа әрі зардапқа бет алады. Бірақ қанша үмітсіз болса да, шығарманың соңы үмітке толы жанайқаймен аяқталады. Бұл ــ теңдессіз шеберлік. Олар Тәңірді құшақтайды, Тәңір оларды жұтады. Қорлыққа толы өмірге болымсыз үміт сәулесін түсіреді. Өйткені, осындай абсурдтың өмір сүруі ــ оның табиғилықтан озған шындық болуына кепіл болады. Егер осындай өмір жолы Тәңірге бастап апаратын болса, онда шығар жол туралы сөз айта алмаймыз. Оның үстіне Кьеркегордың, Шестов және Кафканың бас кейіпкерлері алған бетінен қайтпайтын бірбеткейлігі қайталана берген сайын үмітке деген сенімділік күшейеді.
Кафканың моральдың ұлылығы, өміршеңдігі, ізгілігі және біртектілігі туралы Тәңірмен болған таласы ــ Тәңірдің құшағына ынты-шынтысымен құлау үшін ғана. Абсурд танылды және мойындалды. Адамдар оның табиғи үнін ғана тыңдады. Осы бір қас-қағым сәтте біз оның ендігәрі абсурд емес екенін білеміз. Адамның өзінің қазіргі табиғатынан құтылудан өткен артық қандай ұлы үміт бар? Бұл жағында, біз көріп көзіміз үйренген нәрселерге қарағанда, болмысшылдық ойлау жүйесінің фундаменті ــ шексіз үміт. Ол – христиан дінінің бастауына, киелі хабарлардың қатпарына бойлаған көне дүниенің үміті. Бірақ біз осы болмысшылдық ойлау жүйесінің ұшқыр қиялынан, бірбеткейлігінен, шет-шегіне жетіп болмайтын ақиқатынан өзімізді теріске шығаратын парасаттылығын неге көрмедік? Күнәдан тазару үшін тәкаппарлықтан баз кешу керек. Мұндай баз кешудің пайдасы бар шығар, бірақ содан өзгерер ештеңе жоқ. Менің пікірімше, парасаттылықтың (әрқандай тәкаппарлық сияқты) еш пайдасы жоқ болса, оның моральдық құны да бұған бола кемімейді. Егер ол бір ақиқат болып оған анықтама беру керек болса да, пайдасы жоқ. Әрқандай дәлелдің де пайдасы жоқ. Бәрі толық, бірақ ештеңені түсіндіріп бере алмайтын дүниеде құндылықтың немесе метафизиканың өзі де түк қисыны жоқ ұғымға айналады.
Кафканың шығармалары қандай дәстүрлі идеяға жататыны айдан анық нәрсе. Іс жүзінде «сот орындаушыдан» «қорғанға» дейінгі сапар аса ауыр болды деу де ــ үстірт айтқандық. Йозеф K. мен жер өлшеуші K. ــ тек екі жағы. Оның шығармалары абсурд емес болуы да мүмкін. Осылай бола тұрса да оның шығармаларының ұлылығы мен жалпыға бірдейлігін мойындауымыз керек. Өйткені, ол үміт пен үрейдің, торығушылықтың мәнін жете түсіну мен өз еркімен алданудың арасындағы жай тақ-тақ жолды «тайға таңба басқандай» етіп бейнелеуді жақсы біледі. Оның шығармаларында қамтылмайтын нәрсе жоқ (шынайы абсурдтық шығарманың қамтымайтын нәрсесі жоқ) , өйткені, ол адамзаттың жүрек тебірентерлік образдардан қашқанын, жүрегіндегі сенімі үшін қайшылықтардан себеп іздегенін бейнеледі. Пайдалы үмітсіздіктен үміт ұшқынын табу үшін өмірді өлімге жасалған қорқынышты дайындық деп атады. Ол діндерде дәріптелген ізгілікті қуаттайтындықтан, оның қамтымайтыны жоқ. Барлық діндерде айтылатындай, адам мұнда өмірдің зіл-батпан ауыртпашылығынан құтылады. Мен мұны білемін әрі оған құрмет етемін. Сонымен бірге менің іздейтінім жалпылық емес, ақиқат. Бұл екеуі мүлде бір нәрсе емес.
Бұл көзқарасымды түсіну қиын емес. Нағыз торығушылық идеяларды оған мүлде кереғар өлшемдермен түсіндіреді, ал трагедиялық шығармаларда болашақ туралы үміттің жылтыла да жоқ десек, онда ол бақытты адамның аңызына айналады. Өмір ретсіз болған сайын одан құтылудың тәсілдері де абсурдтана береді. Зайыры, Ницшенің шығармаларында айтылған «Ұлылыққа айналған пайдасыз дүниелердің» құпиясы осында жатқан сияқты. Ницшенің бұл идеялары тек абсурдтық эстетикадан қорытынды шығарғандығынан болса керек. Себебі, оның адамзатқа айтар соңғы сөзі ــ нәтижесі жоқ данышпандықты, әсіре жұбанышқа тойтарыс беруді негіз еткен.
Бұл ــ Кафканың шығармаларының мәнін осы мақаланың аясында көрсетіп берді. Біз Кафканың шығармалары арқылы адамзаттың ойлау жүйесінің шегіне жақындадық. Оның шығармалары түгелдей мәндік қәсиетке ие. Ол абсурдқа қатысты мәселені толық көтерді. Егер шығарған қорытындымызды осы мақаладағы тілге тиек етіп отырған сөзімізбен, мазмұнды формасымен және «Қорғандағы» құпия мағынасы мен еш жасандылықсыз табиғи өрілген өнер туындысымен, K. қызуқанды әрі асқақ мұраты мен сол кездегі болып өткен қарабайыр кешірменің бір қырынан ғана салыстырсақ, оның шығармаларының ұлылығының қайда екенін білеміз. Олай болатыны, аңсарлы арманға талпынуды адамдық қасиеттің бір белгісі десек, жан азабын тартқан осы әруейлерге басқа ешбір адам дәру болар дауа таппаған болар еді. Сонымен бірге абсурдтық шығарманың қандай бір ғажайып ұлылықты, мүмкін, бұл жерде болмаған ұлылықты сұранып тұратынын түсінеміз. Егер де өзгеше мәнін оның жалпылық ерекшелігімен ұштастырсақ, бір тал су тамшысының қас-қағым сәтте жоғалған мәңгілігін оның сәулесімен ұштастырсақ, онда осы екі әлем арасынан пайда болған аралықпен абсурдтық жазушының ұлылығын шамалауға болады. Ол жасырған құпияның орнын ең үлкен үйлесімсіздіктер қақтығысқан жерде тұрақтандыруға болады.
Бүкпесіз түрде айтсақ, тап-таза рухты адам мен адамшылыққа жат геометриялық орынның кез келген жерінен табуға болады. Егер «Фауст» пен «Дон Кихот» ұлы шығарма болса, ол тек сансыздаған адамдар қос қолымен оның шексіз ұлылығын көрсетіп қана бергені. Алайда шығарма ендігәрі абсурд болмайтын, оған мұқият мәміле жасайтын күндер келеді. Сол кезде ғана үміт туралы сөз айтуға болады. Бірақ бұл оның міндеті емес. Оның міндеті ــ әрқандай перделенген сөзден аулақ болу. Ал Кафканың бүкіл ғарышқа жан-тәнімен айтқан шағымының соңында осы перделенген сөзге ұшырастым. Ол мына дүниенің жиіркенішті революциялық дүние екеніне, бұл дүниеде қыл аяғы көртышқан да үміт туралы ойлайтынына сенгісі келмей үкім шығарады.

Қытай тілінен аударған


Қаһар УАЙЫС,


«Солақайлар» әдеби клубы


Рекомендовать
Последние новости