ҚМА Абай облысы бойынша департаменті ELL QUATY қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұйымдастырушылар азаматтарды HALYK QUATY кооперативіне мүше болуға шақырып, тұрғын үй мен көліктерді пайызсыз бөліп төлеу арқылы алуға болады деп сендіріп, мүлік жарналарын енгізуді ұсынған.
"halykquaty.kz сайты және әлеуметтік желілер арқылы өз қызметін жарнамалап, "Әр отбасыға бақыт!" деген ұранды пайдаланып, "халық кооперативі" деген жалған бейне қалыптастырған. "HALYK" тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін кооператив атауы ELL QUATY болып өзгертілген. Жаңа салымшыларды тарту үшін басшылық түрлі акциялар өткізген, соның ішінде "Солнечная Турция" туристік жолдамаларын ұтысқа қойған", - деді ҚМА өкілі.
Қылмыстық жолмен түскен табысты заңдастыру мақсатында ұйымдастырушы өз атына QAZ INFO MARKET ЖШС тіркеп, онда кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтерге төлем ретінде көрсетіп, салымшылардан түскен қаражатты шығарған.
Алайда бұл қызметтер іс жүзінде көрсетілмеген. Салдарынан пирамидаға 1,5 мыңнан аса салымшы тартылып, олар жалпы 6,8 млрд теңге қаржы құйған.
Ұйымдастырушы қамауға алынды.
