Журналист: «Бораттың келесі фильміне сценарий жазып берейік»

Dalanews 31 окт. 2020 09:28 874

Боратты қойшы, былжырай берсін. Сізге оның аспаннан алған өтірік сюжеттері ұнамаса, онда шынайы оқиға желісімен деп Қазақстанның күнделікті өміріне сүйеніп, оның келесі фильміне сценарий жазып берейік? Ол шамамен мынандай оқиғалардан тұр еді.

- Қазақ тілін дамыту үшін деп қазынадан қыруар ақша бөліп, бірақ жоғарыдағылардың өздері мінберлерде беттері бүлк етпей орысша сайрап тұрсын.

- Бір депутат ханым қазақтың әнұраны ойнағанда жүрегінің қайда орналасқанын білмей қалсын.

- Күллі әлем індетпен айқасып, халық жанымен қайғы боп жатқан тұста бір әкім елді жинап, баласына тығылып той жасасын.

- Ұшақтарымызда, қоғамдық көліктерде 1 метр арақашықтық сақтаңыз деп хабарлап, бірақ жолаушыларды сығылыстырып отырғызып қорласын.

- Қазақ тілінің сойылын сойып жүргендей боп көрінген қазақтар банкомат тілін орысша таңдасын.


- Әншілер неге фонограммамен айтады деп күйіп-піскен бір қазақ сол әншіге қыруар ақша беріп тойына шақырып, фонограммамен 2 ән айтып бергені үшін өзін дүниедегі ең бақытты адам сияқты сезінсін.

- Пара алды деп әлдекімді сөккендер жол ережесін бұзып, сосын гаищникке «әке, көке» деп пара берсін.

Қысқасы, мұндай шынайы оқиғалар желісі толып жатыр. Бірақ мұндай фильмді көрген басқалар бұған күлер ме екен? Меніңше, бұл ыржақтайтын комедия емес, еңіреп тұрып жылайтын драма боп шығатын сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

Ертай НҮСІПЖАНОВ, журналист.

Рекомендовать
Последние новости