Біртановтың ұсталғаны туралы ақпарат тарауда

Dalanews 31 окт. 2020 14:42 910

Әлеуметтік желіде Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановтың ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ақпарат Telegram-дағы бірнеше арнада анықтамалық құжат түрінде жарияланды. Кейінірек бірқатар БАҚ ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, бұрынғы денсаулық сақтау министрінің ұсталғанын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта экс-министрдің ұсталғаны туралы ақпарат расталған жоқ, бірақ жоққа да шығарылмады.

Кейінірек Қаржы министрлігінің қаржы мониторингі комитеті Біртановтың «ұсталғаны» туралы ақпаратқа түсінік берді. «Бұрынғы ҚР Денсаулық сақтау министріне қатысты тергеу әрекеттері туралы мәліметтер ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес жарияланбайды» деп хабарлады ведомстводағылар.


Еске салайық, Елжан Біртанов биыл 25 қаңтардан 25 маусымға дейін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі болды. Ол қызметінен кетер алдында коронавирус жұқтырғаны белгілі болған. Сол кезде Біртанов ауруы пневмонияға асқынғандықтан, оған қосымша емделу қажет екенін хабарлаған еді.

Айта кетейік, Біртанов 2015 жылдың 12 қарашасынан бері ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі болып қызмет атқарған еді. Бұл қызметіне дейін ол «Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жобаларын сүйемелдеу орталығы» ЖШС Басқарма басшысы қызметін атқарған болатын.

Елжан Біртанов 1971 жылдың 18 қазанында Тараз қаласында дүниеге келген. Ол Алматы медициналық институтында, Аризона штатының университетінде, Ресей медициналық дипломнан кейінгі білім академиясында, Шарите университеттік клиникасында (Германия), Тұран университетінде, Duke University, Fuqua School of Business (АҚШ), Global Executive MBA магистратурасында білім алған.

Рекомендовать
Последние новости