“Жұмыс уақытына өзгеріс енгізілуі мүмкін”. Жұманғарин бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 11 дек. 2024 15:36 816

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуінің енгізілуі және оның адамдарға әсері туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Үкімет дұрыс шешім қабылдады деп есептейміз. Бұған бірқатар дәлел бар. Халықаралық беделді институттар мен ғалымдар бұл шешімді қолдады. 2022 жылы Барселона декларациясына 80-нен астам ұйым мен бірнеше ғалым қол қойған. Сол себепті бұл мәселе бойынша біздің ұстанымымыз өзгеше болмайды. Үкімет өз шешімін қолдайды”, – деді Жұманғарин.

Сондай-ақ ол шығыс өңіріндегі тұрғындардың бұрынғы уақыт белдеуін қайтару туралы талабына тоқталды.

“Тұрғындардың наразылығына басқа да себептер бар. Мәселен, қараңғы түскен кезде көшелерде жарықтың қосылмауы, инфрақұрылым тапшылығы, жолдағы қардың тазаланбауы сынды мәселелер назарға алынуы керек. Мұндай жағдайда тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру маңызды. Сонымен қатар жұмыс уақытын ерте бастап, ертерек аяқтау бойынша да өзгерістер енгізу мүмкін. Бұл мәселелерді шешуге тырысамыз”, – деп атап өтті Үкімет басшысының орынбасары.

Сонымен бірге Жұманғарин Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуінің адамдарға әсері бойынша зерттеу жүргізілетінін айтты.

“Нақты қандай шешім қабылданатыны зерттеу нәтижесіне байланысты болады. Мұнда халықаралық тәжірибе мен Қазақстанның жағдайын жан-жақты салыстырамыз”, – деді Жұманғарин.


Рекомендовать
Последние новости