Ж.Түймебаев: «Мұғалімдерді жөнсіз жұмсау тоқтатылсын!»

Dalanews 22 авг. 2018 03:04 1081

Түркістан облысының орталығы — Түркістан қаласында білім беру қызметкерлерінің Тамыз кеңесі өтті.

Жиынға аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, ұстаздар, білім саласының ардагерлері, облыстық мәслихат депутаттары және өңір басшысы Жансейіт Түймебаев қатысты. Кеңесті облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков жүргізіп отырды.

Жиында Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықовтың 2017-2018 оқу жылында атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттер туралы баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, биыл өңірдің білім беру саласына 262 млрд. 24 млн. теңге қаралып, қаржы көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 6 млрд. 15 млн. теңгеге ұлғайған. Биыл облыс бойынша бірінші сыныпқа 55385 оқушы келеді. Яғни, мектепке келетін оқушы саны 19 мыңға артқан. Демографиялық өсімге байланысты 2018-2025 жылдары аралығында өңірде 184 мектеп салу қажеттілігі туындап отыр. Биыл білім беру саласына қажетті 83 нысанның құрылысы қолға алынған. Оның 40-ы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 9 апатты, 5 үш ауысымды, 13 ыңғайластырылған және орын тапшылығы байқалған 10 мектептің мәселесі шешіледі. Сондай-ақ 3 колледждің де ғимараты жаңарады. Мектептерді оқулықпен қамту, қысқы маусымға әзірлеу жұмыстары да ойдағыдай. Биыл ҰБТ-ға өңірдегі 25504 түлектің 16181- қатысып, олардың орташа балы 79,6-ны құраған. Биыл Түркістан облысындағы мектептерде 474 мыңға жуық оқушы білім алады.

Кеңесте білім беру саласындағы ізденістер мен жаңа міндеттер, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша қолға алынған жұмыстар туралы бірнеше ұстаз-ғалым баяндама жасап, тәжірибелерін бөлісті.

Ұстаздардың ой-пікірлерін тыңдаған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев білім саласы Елбасының басты назарында тұрғанын атап өтті.

– Мұғалім – қасиетті ұғым әрі киелі тұлға. Ұлағатты ұстаздардың алдында бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Биылғы Тамыз кеңесі ерекше тарихи кезеңде өтіп жатыр. Елбасы Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, оның орталығы болып Түркістан қаласы бекітілді. Ясауидей бабамыз, Абылай хан бастаған қазақтың 21 ханы жатқан, қазақтың қаймақтары мәңгі қоныс тапқан Түркістанның тарихын ұстаздар кауымы оқушыларға үйретуі керек. Барлық аудан және қала әкімдеріне мұғалімдердің жағдайына мұқият қарауды, олардың әлеуметтік мәселелерін барынша шешу жөнінде тапсырма беремін. Ұстаз қайратты болса, еңсесі биік болса ғана мықты шәкірт тәрбиелейді. Бұдан былай мұғалімдерді жөнсіз жұмсау, өз міндеттеріне кірмейтін шаруаларға жұмсау тоқтатылуы керек. Ұстаздардың жағдайын көтеру мәселесі Үкімет тарапынан да назарға алынып келеді. Сондықтан бәріміз бірлесіп отаншыл, намысты ұрпақ тәрбиелеуге, Түркістанды дамытуға атсалысайық. Жиі кездесі тұрайық. Ұстаздар қауымына қолдау көрсетуге дайынбыз. Алдағы жаңа оқу жылының табыстары мен жетістіктері мол, қуаныштары көп болсын! – деді Жансейіт Түймебаев.

Түркістан төріндегі тарихи Тамыз кеңесінде облыс әкімі бір топ ұстаздады марапаттады. Атап айтсақ, 5 адамға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі тапсырылса, 10 педагогқа облыс әкімінің грамотасы мен Алғыс хаты тапсырылды. Сонымен қатар, 20 адам ҚР Білім және ғылым министрлігінің марапаттарына ие болса, 5 ұстаз облыстық мәслихаттың грамотасымен марапатталды.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости