Жоғары аудиторлық палата тағы бірқатар бұзушылықтарды анықтады

Кәмшат Тілеухан 19 дек. 2024 12:35 643

Қарағанды облысының Приозерск қаласында 98 пайыз дайын күйіндегі тазарту құрылыстарын реконструкциялау жобасы 2017 жылдан бастап тұралап тұр. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның су бұру саласында жүргізген мемлекеттік аудиті барысында анықталды, деп жазады Dalanews.kz.

Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, аталған жобаның құны 1,9 млрд теңгені құрайды. 

Сондай-ақ Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында кәріз желілерінің болмауына байланысты 5,6 млрд теңге сомасына пайдалануға берілген тазарту станциялары бойынша алты жоба тоқтап тұр.

"Су бұру бойынша 27 күрделі жобаны сараптамадан өткізуді сараптама жүргізуге тиісті құқығы жоқ ұйымдар жүзеге асырған, бұл заңнамаға қайшы келеді", делінген ЖАП хабарламасында.

Өңірлер арасында қаражат бөлуде теңгерімсіздік байқалады. Мысалы, Қарағанды, Павлодар, Ұлытау облыстарында желілердің тозу дәрежесі жоғары болуына қарамастан, Астана қаласы, Түркістан және Алматы облыстары көп қаржыландырылған.

"Түркістан, Қарағанды облыстарында, Шымкент пен Астанада 15 жоба бойынша іске асыру мерзімдері бұзылған, ал жекелеген жобалар бойынша түзетілген жобалық құжаттамаға қайта сараптама жүргізілмеген. Жалпы су бұру бойынша 35 жобаны іске асыру құны түзету нәтижелері бойынша 109 млрд теңгеден 180 млрд теңгеге, яғни 70 млрд теңгеге дейін ұлғайған".

Республиканың 67 қаласында кәріз тазарту станцияларын жаңадан салу, жаңғырту және реконструкциялау керек, ал 27 қалада олар мүлдем жоқ.

Аудит қорытындысы бойынша:

  • барлығы 18,7 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды;
  • бюджет қаражатын және активтерін тиімсіз жоспарлау – 23,4 млрд теңге;
  • оларды тиімсіз пайдалану – 26,7 млрд теңге;
  • ықтимал шығындар мен түспей қалған пайда 17,3 млрд теңгені құрады;
  • 59 жүйелі кемшілік және 277 рәсімдік бұзушылық анықталды.

Оларды жою жөніндегі жұмыс толық аяқталғанға дейін Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.

"Цифрландырусыз, анық ақпаратсыз шығындарды тиімді жоспарлай алмайсыздар. Жағдайды жалпы ел бойынша, өңірлер бөлінісінде және инфрақұрылым түрлері бойынша тұтастай көре алу қажет. Ең маңызды мәселелерді бірінші кезекте шешу керек. Сапалы мониторинг болмаса, болжамға ғана сүйеніп әрекет етесіздер, яғни қай өңір бірінші келсе, сонымен жұмыс істейтін боласыздар. Бұл дұрыс емес және тиімсіз", — деді Әлихан Смайылов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдеріне.


Рекомендовать
Последние новости