Ресей тыңшылары Тоқаевтың ұлын аяғынан шалмақ болған

Көркем Алдабергенова 13 дек. 2024 15:20 1495

Лондонның Орталық қылмыстық соты Ресей барлауына жұмыс істеді деп айыпталған бірнеше болгар азаматына қатысты істі қарауды жалғастырып жатыр. Сот отырыстарының бірінде тыңшылар тобының Қазақстан Президентін беделден айыру мақсатында жоспарлаған әрекеттері жайлы мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп. 

Қарашаның соңында өткен сот тыңдалымдарында ресейлік тыңшылардың жоспарлаған алты «операциясының» екеуі Қазақстанға қатысты екені айтылған. Бірі – қазір Ұлыбританияда жасырынып жүрген Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевке қастандық жасау жоспары. Екіншісі – Лондондағы Қазақстан елшілігінің жанында жалған «наразылық акциясын» ұйымдастыру. Бірақ тыңшылардың қазақстандық билікті қаралау жоспарлары мұнымен шектелмеген.

Ресей агенттерінің тобына бес адам кірген. Олардың екеуі – Орлин Русев пен Бисер Джамбазов тыңшылық жасағандарын мойындады. Ал қалғандары (Катрин Иванова, Ваня Габерова және Тихомир Иванчев) кінәларын мойындаған жоқ. Орлин Русевтің айтуынша, ол нұсқауларды Австрия азаматы Ян Марсалектен алған. Марсалек Ресей барлауына тікелей жұмыс істеген. Қазір ол Интерполдың іздеуінде, оған 1,6 миллиард фунт стерлинг (1 триллион теңгеден астам) көлеміндегі алаяқтық бойынша айып тағылған.

Орлин Русев және оның сыбайластары кірген топтың жоспарлары туралы қосымша мәліметтерді британдық БАҚ – BBC мен The Telegraph жариялады. Олардың деректеріне сүйенсек, ресейлік тыңшылар Қазақстан билігін қаралау үшін ауқымды ақпараттық науқан ұйымдастыруды көздеген.

BBC-дің жазуынша, Қазақстанға бағытталған ақпараттық шабуылдың нысаны президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы Тимур болуы мүмкін еді. Тыңшылар тобы оның беделіне нұқсан келтіретін жалған компромат дайындауды жоспарлаған, бұл арқылы Астанаға қысым жасауға тырысқан.

«Топ Қазақстан президентінің ұлының қатысуымен дипфейк порнографиялық видео жасау немесе оны «бал» тұзағына» түсіру мүмкіндігін талқылады», – делінген ақпаратта. "Бал" тұзағы – арнайы қызметтер жиі қолданатын әдіс. Бұл әдіс бойынша барлау нысанына тартымды адам жіберіліп, онымен жақын қарым-қатынас орнатады. Нәтижесінде қажетті ақпарат алынып, ол шантаж жасау немесе компромат жариялау үшін пайдаланылады.

The Telegraph-тің мәліметінше, Тоқаевтың ұлын жалған ұятсыз контент арқылы ұятқа қалдыру жоспарланған. Бұл нұсқауларды Кремльдің тікелей тапсырысы ретінде орындағанын Ян Марсалек мәлімдеген.


Рекомендовать
Последние новости