Жындыханаға жеткізілген тіл жанашырына қатысты консилиум өтеді - депутатқа ІІМ жауап берді

Dalanews 26 янв. 2024 04:07 1505

Кеше Павлодар қаласында тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегінің себепсіз психдиспансерге жатқызылуы туралы оқиғаға Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи назар аударды. Ол Dalanews.kz тілшісіне ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілінен өз сауалына жауап келгенін жеткізді.

"Павлодар қаласының тұрғыны Бейсенбайтегі Руза Зайкенқызы, 1958 жылы туған, 2024 жылдың 24 қаңтарында Павлодар қаласында Бекхожина 12/5 мекен-жайында жүргенде өзін агрессивті ұстап, өтіп бара жатқан адамдардың мемлекеттік тілде сөйлеуін талап еткен.
Ол «102» арнасына хабарласып, көмек сұраған азамат Жүнісовке зорлық көрсеткен. Бұл ретте оқиға орнына арызданушы Жүнісовтің өзі жедел жәрдем бригадасын шақырған.


Арыз түскен соң оқиға орнына полиция қызметкерлері жеткен.

Ол жерге медициналық бригада да барып, мамандары азамат Р.Бейсенбайтегінің мінез-құлқынан орынсыз әрекеттер мен агрессия белгілерімен анықтады, тексеру үшін «Сандырақтау, бұзылыс синдромы» алдын ала диагнозымен Павлодар облыстық психоневрологиялық диспансеріне жатқызды", - делінген азбада.

Сонымен қатар ІІМ 25 қаңтар күні Р.Бейсенбайтегіне нақты диагнозды және психикалық бұзылыстың бар-жоғын анықтау мақсатында дәрігерлердің кеңесін өткізу жоспарланып жатқанын мәлімдеген.
Ондағы дерекке қарағанда, полицияның медицина қызметкерлерінің іс-әрекетіне араласуы, сондай-ақ Бейсенбайтегін медициналық мекемеге қасақана және заңсыз орналастыру фактілері жоқ. Патрульдік полиция қызметкерлері өз тарапынан құқық тәртібін және Р.Бейсенбайтегінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданыпты.


"Руза құрдасымның жындыханаға жатқызылу жағдаяты жайында жауап осындай. Әрине, әлі де біраз жағдаят күңгірт, бірақ қалай десек те, әзірге осы жауапты місе тұта тұруға тура келеді.

Мұнда жағымсыз жағдаяттың жай-жапсары (ресми тұрғыда) толық қамтылмаған. Жауапта жазылғандай, дәрігерлер консилиум мән-жайды 25-қаңтарда анықтайды. Осыған байланысты, мен ІІМ мен Денсаулық сақтау министрлігіне қосымша сауалдар жолдадым.

Айтпақшы, мен ішкі істер министрі Ержан Сәденов мырзаға: "Негізі, қоғамдағы жағдайды ушықтырмай, жедел шешкен дұрыс. Қағажу көрген қазақ тілінің бірбеткей патриотын көшеде күштеп ұстап, әлдекімнің арызымен (көрсетуімен) жындыханаға қамау - қоғам қабылдайтын әрекет емес. Руза Бейсенбайтегін менің депутаттық гарантияммен ауруханадан шығарып, туысқандарының қамқорлығына тапсыруға жәрдем жасауға дайынмын" - дедім.


Жауап күтейік. Шамасы, бұл бір ғана министрдің құзіретімен шешілетін шаруа болмаса керек...", - түсіндіреді Ермұрат Бапи.

Фото: Dalanews.kz

Рекомендовать
Последние новости