Жетісудың экономикалық даму бағыты сараланды

Dalanews 18 июл. 2019 07:00 975

Күні кеше ғана Алматы облысында Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде облыс басшыларына да маңызды міндеттер жүктелініп, өңірлерді дамыту мәселесі тапсырылған болатын. Міне осы мәселеге байланысты Алматы облысы әкімдігінің активі шұғыл жиналыс өткізіп, өңірді экономикалық даму барысын саралап, өз ойларын ортаға салды. Жиынды облыс әкімі Амандық Баталов тізгіндеп, өзге де сала басшылары атқарылған жұмыстары жайында есеп берді.

2010-2018 жылдары Алматы облысында Индустриалды-инновациялық даму  мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 58 жаңа кәсіпорын іске қосылып, тоғыз мыңнан астам жұмыс орны құрылған.

Бағдарламаның арқасында өңірде экономикадағы өңдеу секторының үлесі 20%-ға дейін өсіп, бұрын соңды өңірде болмаған жаңа – фармацевтика саласы жанданды.

Алда шикізаттық емес сектордың экспортымен айналысу міндеті тұр. Бұл туралы кеше өңірдің актив жиынында облыс әкімі Амандық Баталов айтты.

Амандық Баталов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттің «Қарапайым заттар экономикасының» әлеуетін толыққанды пайдалану туралы айтқанын еске салды. Басым жобаларға қолжетімді несие беру бағдарламасымен облыста бүгінгі күні небары бес ғана жоба банктердің мақұлдауын алса, тағы үшеуі қарастырылу үстінде.

Облыс әкімі бұл көрсеткіштің Жетісу өңірі үшін тым аз екенін сынға алып, орынбасары Б.Манзоровқа, кәсіпкерлік басқармасы мен аудан, қала әкімдеріне «қарапайым заттар экономикасы» бойынша жұмысқа белсене кірісу керектігін қатаң ескертті.

Президент жүктеген міндеттердің бірі – жаңа жұмыс орындарын ашу. Өткен жылы облыста 26 мың жұмыс орнын құру жоспарланса, іс жүзінде 31 мыңнан астамы ашылды.

– «Еңбек» бағдарламасының тиімділігін көтеруіміз керек, сапалы, тұрақты жұмыс орындарын құруға жұмыс істеуге тиіспіз. Тұрғындардың кірісі артса, табысы өссе, халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға зор септігі тиеді. Сондықтан облыстық басқармалар басшыларына, аудан, қала әкімдеріне тұрақты жұмыс орындарының құрылуына бағытталған нәтижелі шараларды қолға алуды тапсырамын, – деді А. Баталов.

Халқының 80%-і ауылдық жерлерде тұратын Алматы облысының экономикасы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына тікелей байланысты.  Өңірдегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі биылғы жылы 3,3% өсіммен 750 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр.

Осылайша Жетісудағы ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция негізгі капиталға тартылған инвестицияның 8,5%-ды құрап отыр. «Бұл республикадағы 3,2%-дық көрсеткіштен жоғары болғанымен, аграрлық аймақ ретінде бұдан да ауқымды жұмыстар атқаруға тиіспіз» деді облыс әкімі Амандық Баталов. Алматы облысында Трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге асқан ірі жобалар бар.

Мәселен 2018 жылы полуфабрикаттар өндіретін «Маревен Фуд» зауыты іске қосылған болатын. Алда картоп өңдейтін «Фарм Фритс» және ұсақ мал етін тереңнен өңдейтін «Бауманн» жобаларын іске асыру міндеті тұр.

Облыс басшысының айтуынша, биылғы жылы аймақта ауыл шаруашылығының өңделген өнімдерінің экспорты 3%-ға өсіп, 82,5 млн. АҚШ долларын құрайтын болады, 4 мың тонна ет экспорттау, соның ішінде 2 мың тонна ірі қара етін экспортқа шығару жоспарланған.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы жерлеріне аудит жүргізу, жер кадастрі жүйесін цифрландыру туралы тапсырма берген еді. Осыған байланысты айтсақ, облыста түгендеу жұмыстары 2015 жылдан басталып, барлығы 496 мың гектар пайдаланылмай жатқан жерлер анықталды. Соның 363 мың гектары пайдалануға беріліп, 120,6 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Цифрландыру ісі қолға алынып, оған 500 млн. теңге бөлініп отыр.

– Өңірде қолға алынған ауыл шаруашылығы жерлеріне аудит жүргізу және цифрландыру ісін сапалы және өз уақытында аяқтауымыз керек. Сол сияқты су ресурстарына, сумен қамту инфрақұрылымдарына, ирригациялық жүйелерге түгендеу жасау оларды жөндеуге, қайта жаңғыртуға, құрылысын жүргізуге, суармалы жерлерді айналымға енгізуге нақты жоспарлар жасап, іске кірісуге мүмкіндік береді. Бізде бұл жұмыстар жүріп жатыр, құжаттандыруды аяқтадық. Қазіргі кезде Ескелді, Алакөл, Ақсу, Көксу аудандарында Ислам Даму Банкінің қаржысы есебінен қалпына келтіру жұмыстары жасалуда. 2023 жылға дейін 138 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз, соның 40 мыңы биылғы жылдың үлесінде болуы тиіс. Жер – өндірістің ең басты факторы. Бұл мәселеде тиімді жұмыс істемей ауылды дамыта алмаймыз, – деді А. Баталов.

Бүгінде өңірге инвестиция тарту жұмыстары да жүйелі түрде іске асып жатқанын актив жұмысында мәлім болды. Айталық, бірінші жартыжылдықта Алматы облысының экономикасына 223,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіштің өсімі 5,5 %-ті құрады. Ал жыл соңына дейін 624 млрд. теңгеден асады деп болжануда.

Сондай-ақ, 2025 жылға қарай инвестиция көлемін облыс 2,5 есе арттырып, 1,6 трлн. теңгеге жеткізу көзделген.

Қазіргі таңда облыс қоржынында жалпы құны 5,6 трлн. теңге болатын 283 жоба бар, оның 83-і биылғы жылы іске қосылып, соның нәтижесінде 5,5 мың жұмыс орны құрылмақ.

– Жаңа инвесторларға өңірдің инвестициялық, туристік және IT мүмкіндіктері мен тартымдылығын, әлеуетін таныту үшін «Жетісу Инвест» форумын өткізуіміз керек. Облысқа инвестициялар тұрақты тартылуы тиіс. Мен әкімдерге айтып отырмын. Президент әкімдердің жұмысы инвестиция тарту көрсеткішіне қарап бағаланатынын ескертті. Осыны аудан, қала басшыларының назарына қайталап саламын, – деді облыс басшысы А. Баталов.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

 

Рекомендовать
Последние новости