Жетісуда Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының құрылысы басталады

Dalanews 15 мар. 2018 14:57 796

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы» жобасының концессиясы бойынша ҚР Инвестиция және даму министрлігі ұйымдастырған конкурстың жеңімпазы атанған компания өкілдерімен кездесу өткізіп, жобаның облыс аумағында жүзеге асырылу барысын талқылады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында сөз алған облыс басшысы А. Баталов:

– «Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының» іске асырыла бастағанына қуаныштымыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұрақты бақылауының нәтижесінде осындай үлкен жоба қолға алына бастады. Бұл жол Алматы қаласындағы көлік легін азайтуға бағытталған, дегенмен ҮАААЖ-ның айналма жолы облыстың Қарасай, Іле, Талғар аудандарының аумағын да басып өтеді. Сондықтан қазірден бастап өз тарапымыздан барлық ұйымдастыру мәселелерінің сапалы атқарылуына ықпал етуіміз керек, – деді.

Жобаны жүзеге асырудағы дайындық жұмыстарына тоқтала келе:

– Жобаға байланысты біз 742 жер учаскесін босаттық, бұл бағыттағы мәселелер толық шешімін тапты. Ендігі жерде техникалық сипаттағы мәселелерге назар аударып, олардың барлығын дер кезінде реттеуіміз керек. Өз кезегінде мердігер компаниялар жүктелген міндеттерді орындауы тиіс, – деді А. Баталов.

Мұнан соң «АЛСИМ АРКО» АҚ концессионер компаниясының вице-президенті Аббас Шахин жобаның таныстырылымын жасап, онда оны жүзеге асырудың, құрылыс жұмыстарының ұйымдастырылуының егжей-тегжейін баяндады. Ол тоқталған мәселелер қатарында вахталық лагерь, карьерге арналған бұрма, инертті материалдарды пайдалану көлемі және т.б. бар.

Облыс әкімі А. Баталов атап өткендей, ҮАААЖ жобасына қатысты туындаған кез келген мәселені ең алдымен жоғарыда аталған үш ауданның әкімдері және тиісті басқармалардың басшылары шешуі тиіс.

– Жоба жүзеге асырылатын үш жыл ішінде облысқа 512,3 млрд. теңге инвестиция тартылады. Оған қоса жаңа жұмыс орындары ашылады, осы жобаны іске асыру кезінде жұмысқа қабылданатындардың 90 %-і жергілікті тұрғындардан болады, – деді А. Баталов.

Кездесу соңында облыс әкімі бұл жобаның орындалу барысы осы салаға жетекшілік ететін орынбасарлары А. Байжанов пен Ж. Тұяқовтың жіті бақылауында болатынын айтты.

Атап өтсек, «Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы» жобасы ұзындығы 66 шақырымдық автожолын салу мен іске қосуға бағытталған. Жабындысы цемент-бетонды автокөлік жолы 4 және 6 жолақты болмақ. Жобаның құрамына көлік жол айырығы, көпірлер, эстакадалар, жол көрсеткіштері және басқа да қажетті құралдар енгізілген. Құрылыс 2018-2021 жылдар аралығында жүрмек. Жобаның концессионері - «Alarko-Makyol-SK-Korea Express Way»түрік-корей консорциумы.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

https://dalanews.kz/34749

Рекомендовать
Последние новости