Жетісуда Мақатаевтың 90 жылдығына арналған байқау қорытындыланды

Dalanews 26 февр. 2021 15:39 1056

Биыл Мұқағали Мақатаевқа 90 жыл толады. Жетісуда ұлы ақынның мерейтойы ерекше ауқымда тойлануда. Ақынның туған жері, Алматы облысының Қарасаз ауылында салтанатты шаралар ресми түрде басталды. Ал бүкіл Қазақстан бойынша ән байқаулары, поэзия кештері, кітаптардың тұсаукесерлері өтіп жатыр.

Талдықорғанда Тілдер сарайында ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқауды Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен «Мұқағали» республикалық әдеби-мәдени танымдық журналы бірлесіп ұйымдастырды.

– Көптеген адамдар байқауға қатысуға ниет білдірді. 18-45 жас аралығындағы 450 үміткер өздерінің материалдарын ұсынды, олар алдымен плагиатқа тексеріліп, сүзгіден өткізілді. Нәтижесінде 360 адам шығармашылық байқауға қатысуға мүмкіндік алды, – деді байқаудың бас қазысы Нүсіпбай Әбдірахым.


Жеңімпаздар екі бағыт бойынша анықталды. Бірінші поэзия бағыты «Қазақтың қара өлеңі – құдіретім» деп аталды. Яғни, мұнда үміткерлер бұрын еш жерде жарияланбаған Мұқағалиға арнау өлеңін жазбаша жолдап және ақынның бір өлеңін оқып, #Мұқағали90жыл хештегімен әлеуметтік желілерде жариялаған болатын. Мұнда арнау өлеңмен қатар мәнерлеп оқу ырғағына және бейнеролик сапасына да мән берілді.

Екінші бағыт «Мұқағали шығармашылығындағы ұлттық таным». Бұл бағыт бойынша қатысушылар Мұқағали шығармашылығындағы ұлттық таным, ұлттық код пен болмыстың мәнін ашып, зерттеу мақаласын жазды. Шығарманы бағалауда мазмұнына, идеясына, құрылымына, көркемдігіне және тақырыптың жан-жақты ашылуына мән берілді.

Байқау қорытындысы бойынша, жеңімпаздар грамоталармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Құрметті 1, 2, 3 орындарды 9 қатысушы иеленді, ал бас жүлде 2 үміткерлерге бұйырды.

Рекомендовать
Последние новости