Жетісуда көпбалалы отбасына жаңа баспана берілді

Dalanews 01 мар. 2020 05:50 947

Алматы облысы Талғар ауданының Панфилов ауылында бірнеше күн бұрын үйі өртеніп кеткен 7 балалы Шеңгелбаевтар отбасына тұрғын үй кілті берілді. Жеке меценаттар облыс әкімі Амандық Баталовтың кәсіпкерлерге жасаған үндеуіне үн қосып, өз қаражаттарына қиын жағдайда қалған отбасына Панфилов ауылынан аумағы 91 шаршы метр баспана  сатып алып берді. Жалпы өткен жылдан бері Алматы облысында меценаттардың көмегімен 200-ден астам көп балалы отбасы үйлі болған – деп хабарлайды Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі.

Көп балалы отбасының жағдайына байланысты «Өркениет констракшн» ЖШС жедел үн қатып, 2 күн ішінде баспана алу мəселесін шешкен.

Бүгін осы үйдің кілтін беру салтанатына Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров пен серіктестік өкілдері және аудан жұртшылығы қатысты. Баспананың лентасын қию, шашу шашу рәсімдері атқарылған соң аудан əкімі  Жолан Омаров сөз алып, кəсіпкерлерге жұртшылықтың атынан ризашылығын білдірді.

– Алматы облыс əкімі Амандық Баталов осы отбасының жағдайын ерекше тапсырған болатын. Біз бизнесмендермен бірлесіп, осы істі қолға алдық. Барлық жағдайы бар, газға қосылған, аумағы кең осы үйді балалардың игілігіне ұсынып отырған кəсіпкерлерге зор алғыс айтамыз, – деді Ж. Омаров. Сол сияқты ол Талғар ауданындағы әр округте көп балалы отбасылар үшін кәсіпкер азаматтардың қолдауымен жуырда бір аулада кемінде 6 үй салынатын іргелі жоба басталатынын қуанышпен жеткізді.


– Біз əкімдіктің жеті баланың тағдырына алаңдап, жасаған үндеуіне алғашқы болып ұсыныс білдірдік. Осы ауылда сатылатын 10 шақты үйдің ішінен сапалы, барлық қолайлы жағдайы бар ең жақсысын таңдадық. Маңайына қамқорлық жасау, көпке қол ұшын созу – қаржысы бар қалталы азаматтардың парызы деп білемін. Осы шаңырақтың балалары Қазақстанның ең мықты азаматтары болсын, – деп үйдің құжаттарын иесіне тапсырған серіктестік өкілі Жомарт Райымжанов ЖШС директорлары Айбек пен Дулат Шəкеровтердің атынан келгенін жеткізді.

Үй иесі Бауыржан Шеңгелбаев облыс пен аудан басшыларына, кəсіпкер азаматтарға жүрекжарды лебізін білдіріп, алғыс айтты. 


Бұл тұрғын үй 4 бөлмелі, 11 сотық жері, моншасы, жер асты қоймасы, басқа да шаруашылық қажеттіліктері бар. Отағасы Бауыржан Шеңгелбаев құрылыста жалдамалы жұмыс жасаса, отанасы Ботагөз Байтоқова балабақша тəрбиешісі. 4 баласы Панфилов ауылындағы №17 мектепте оқиды.

Көп балалы отбасының балалары ретінде оларға тиісті жеңілдіктер, материалдық қолдаулар көрсетіледі. Өрттен кейін бұл отбасыға еріктілер мен жергілікті  әкімдік тарапынан көмек көрсетілген. Ал бүгін ең басты қажеттілік – баспана мәселесі осылайша шешімін тапты.

Еске салсақ, 25 ақпан күні Панфилов ауылы Айманов көшесіндегі үй өртенген болатын.  Бұл үйді Шеңгелбаевтар жалға алып тұрып жатқан. Алдын ала болжам бойынша өрт электр жарығы сымдарынан шыққан. Бір қуанарлығы Шеңгелбаевтар отбасының мүшелері түгелдей аман.

 

Рекомендовать
Последние новости