Жетісуда биыл жиырма бір блокты-модульді медициналық пункт салынды

Dalanews 24 нояб. 2023 07:33 939

Облыста апатты және үш ауысымды мектептер жоқ. Алайда бейімделген мектептердің проблемасын шешу өзекті болып отыр. Осы жылы жоспарланған 6 мектептің 5-уі іске қосылған, жыл соңына дейін тағы 1200 орынды бір мектеп пайдалануға беріледі.

Ал денсаулық сақтау саласында жергілікті бюджет есебінен биыл 21 блокты-модульдік медициналық пункт орнатылды, жыл соңына дейін тағы 6-уы, ал 2025 жылға дейін 35-і тұрғызылады. Бұл туралы бүгін Астана қаласында өткен брифинг кезінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Журналистерге өңірдің дамуы жайлы баяндаған облыс басшысы қазір 5 мектептің құрылысы жүргізіліп жатқанын, оның 2-уі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, 2026 жылға дейін облыста 21 жаңа мектеп салынады, оның 7-еуі «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде тұрғызылады.

Бейбіт Исабаев өз сөзінде денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. Мәселен, мәдениет пен спорт салаларында бюджет қаражатына 18 нысанның құрылысы жүргізілуде, оған 10,9 млрд. теңге бөлінген, оның 8-і қолданысқа берілді.

Облыс басшысы бұл әлеуметтік салаларға жеке инвестиция салып жатқан ірі кәсіпкерлер де бар екенін атап өтті:

–  Демеушілер есебінен Қаратал ауданының Үштөбе қаласында ауысымына 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ашылды. «Қазақмыс» корпорациясымен Талдықорған қаласына демеуші ретінде онкологиялық орталық салу жөнінде уағдаластық, –  деді спикер.

Сол сияқты спорт саласында да жеке демеушілер есебінен Талдықорғанда «Жетісу Арена» жыл бойы жұмыс істейтін жабық мұз аренасы іске қосылған. Жеке инвесторлар қаржысына «Жетісу» волейбол клубы үшін салынып жатқан 4 қабатты тұрғын үй жыл соңында беріледі, үстел теннисі орталығының құрылысы келесі жылы бітеді.

«Әрине, жаңадан құрылған өңірдің барлық проблемалық мәселесі шешілді деуге әлі ерте. Тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылық жерлері мәселесі, ауыл ішілік жолдардың сапасы, газдандыру, облысқа инвестиция тарту, Талдықорған қаласын абаттандыру, үйлердің шатыры мен фасадын жөндеу бойынша алда атқарар іс жеткілікті. Түрлі саладағы жұмыс барысында жіберілген олқылықтар мен кемшіліктер болса, түзеп, халықтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға күш салудамыз. Заң үстемдігін қамтамасыз етіп, халықпен ашық, әділ жұмыс істейтін білікті, жауапкершілікті мойнына ала білетін жергілікті билік органдарының қызметін ұйымдастыру – бас міндетіміз», – деді Бейбіт Исабаев өз сөзінде.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі


Рекомендовать
Последние новости