Жетісу облысында биыл 71 мың тонна қант өндіріледі

Dalanews 24 нояб. 2023 07:39 995

Жетісу облысында үш жыл тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты толық жөндеуден өтіп, биыл қайта жұмыс істей бастады.

Өңірдегі Ақсу және Көксу қант зауыттарына биыл 330 мың тонна қант қызылшасы өткізіліп, зауыттар одан 42 мың тонна қызылша қантын өндіреді, сол сияқты қамыс құрағынан 29 мың тонна қант шығарады. Осылайша биыл аймақта жалпы көлемі 71 мың тонна қант өндіріледі. Бұл туралы бүгін Астана қаласында Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Оның айтуынша, қызылшаны субсидиялау нормативі тоннасына 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Осы мақсатқа бюджеттен 8,4 млрд. теңге бөлінген. Оған қоса қызылша шаруашылықтарына өнімнің әр тоннасына тағы 15 мың теңгені өнім қабылдаған зауыт төлейді. Бұл қант қызылшасының алқабын 2 есе көбейтіп, 8,5 мың га дейін жеткізуге мүмкіндік берген.

Сонымен қатар спикер егістік алқаптарын ұлғайту үшін су шаруашылығы нысандарын қайта жаңғыртудың маңызы зор екенін атап өтті:

– Су шаруашылығының 11 объектісінің құрылысы жүргізілуде. Тағы 16 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр, оның 7-еуі - жаңа су қоймасы. Соның нәтижесінде алдағы 2-3 жылда 48 мың га жерді сумен қамту жақсартылып, тағы 20 мың га жаңа суармалы жер айналымға енгізіледі, – деді спикер.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі


Рекомендовать
Последние новости