Жетісу университеті: Моңғолия жастары үшін жаңа білім мүмкіндіктері

Ақтоты Жапатова 31 мар. 2025 17:19 610

2025 жылғы 27-28 наурыз аралығында І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің өкілдері Смагулова С.А. мен Исатаева Ә.А. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының орталығы Өлгей қаласында алғаш рет ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Отандастар қорымен бірлесіп ұйымдастырылған жоғары оқу орындарының «Моңғолиядағы Қазақстандық білім күндері» көрмесіне қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz

20-ға жуық ҚР ЖОО-ның қатысуымен өткен білім көрмесі барысында университет өкілдері 1500-ден астам мектеп бітіруші түлекке жоғары оқу орындарының артықшылықтары, білім беру бағдарламалары, қос дипломды білім беру бағдарламалары, академиялық ұтқырлық, оқу жүйесі туралы мәліметтер ұсынып, мамандық таңдауға қатысты ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, университетіміздің заманауи инфрақұрылымы мен шетелдік студенттер үшін жасалған жеңілдіктер туралы ақпараттар беріліп, шара соңында талапкерлерге университеттің имидждік өнімдері ұсынылды.

Іс-шараның басты мақсаты – шетелдік азаматтарды, оның ішінде Моңғолия жастарын, Қазақстанның жоғары оқу орындарына, соның ішінде Жетісу университетінде білім алуға ынталандыру. Жетісу университеті – сапалы білім беретін, заманауи инфрақұрылымға ие және халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін оқу орны. Бұл студенттерге әлемдік білім беру жүйесіне бейімделіп, кәсіби біліктіліктерін арттыруға жол ашады.

«Білім көрмесіне қатысу – бұл тек университетімізді таныстыру ғана емес, сонымен қатар Моңғолияның дарынды жастарына жоғары білім алу мүмкіндіктерін ұсыну. Біз үшін бұл шара өте маңызды, себебі Жетісу университеті Моңғолия жастарына халықаралық деңгейде сапалы білім алып, өз болашағын жарқын етуге мүмкіндік береді», - деді университет өкілі Әсел Исатаева.

Жетісу университеті Моңғолия жастарын сапалы білім алуға шақыра отырып, оларды халықаралық деңгейде білім алу мүмкіндігімен таныстыруды мақсат етеді. Оқу ордасының заманауи инфрақұрылымы, білім беру жүйесі, жоғары білікті оқытушылар құрамы және академиялық ұтқырлық бағдарламалары Моңғолия студенттеріне үлкен мүмкіндіктер ұсынады.


Рекомендовать
Последние новости