Түркістан облысындағы 61 ауыл ішімдік сатудан бас тартты. Бұл жайлы Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов облыс тұрғындарына онлайн режимде есеп беру кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz
17 ауданның полиция басшылығы жиынға бейнеселектор арқылы қосылды. Есеп беру трансляциясы департаменттің ресми парақшасында тікелей эфирде жүргізілді.

«Облыс бойынша 61 ауыл ішімдік сатудан бас тартты. Бұл арақсыз ауылдар құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Аталмыш ауылдарда соңғы бірер жылда қылмыс тіркелмеген, тәртіп пен тыныштық орнаған. Осындай берекелі ауылдар өзгелерге үлгі болуы тиіс»,- деп атап өтті генерал Мұрат Қабденов өз баяндамасында.
Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша өңірде атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстар мен ҚР ІІМ Е.Сәденовтің 2025 жылды «Профилактика жылы» деп белгілеуіне байланысты өткізіліп жатқан іс-шараларды тілге тиек етті. Қылмыс деңгейі азайғанын жеткізді.
Мәселен Түркістан облысында 2024 жылы тіркелген қылмыстық құқық бұзушылық саны 3,2 пайызға төмендеген. Ұрлық – 38,7%-ға, мал ұрлығы – 43,7%-ға азайған. Пәтер ұрлығын жасаған 8, алаяқтық қылмыстарын жасаған 23, мал ұрлаумен айналысқан 16 қылмыстық топ ұсталған.