Жетісу өңірі: Құрылысқа бөлінген қаржы қалай игерілуде?

Dalanews 16 авг. 2019 10:59 951

Бұл туралы Жетісу өңірінің құрылысшыларын төл мерекесімен құттықтаған аймақ басшысы Амандық Баталов айтты.

 

Еңбек адамын ескеріп жүрміз бе?

Иә, айғай-шу, ырду-дырдуға толы қазіргі заманда еңбек адамының көп жағдайда тасада, еленбей қалатыны өтірік емес.

«Ең алдымен, еңбек адамы бағалануы керек. Ой-қабілеті мен білек күшін тең ұстайтын кәсіп иелерінің бірі  – құрылысшылар», – дейді Амандық Баталов.

Осы орайда Талдықорған қаласында Бикен Римова атындағы драма театрында құрылысшыларды құттықтаған ауқымды кездесу өтті. Жиынға облысы әкімі арнайы келіп қажырлы, қайратты құрылысшыларды төл мерекесімен құттықтады, өз ісінің үздіктерін арнайы сыйлықтармен марапаттады.

Құрылыс саласының жалпы адамзат тарихындағы алар орны алабөтен. Бұл адам баласы алғашқы боп игерген көне кәсіптің бірі де бірегейі. Құрылыс саласы ешқашан өзінің өзектілігін, маңыздылығын жоғалтпайды. Өркениет өзгерген сайын құрылыс саласы да оның көшіне ілесіп отырады.

Тиісінше, құрылыс саласына деген сұраныс заман алға жылжыған сайын артқан үстіне арта бермек, – деді Амандық Баталов.

Оның айтуынша, талғам өзгерген сайын құрылыс индустриясына жүктелер жауапкершілік те ауырлай түсуде. Бір кездегі «хрущевкалардың» заманы келмеске кетті, бүгінгі сәулетшілерге, жобалаушыларға, инженерлерге, тас қалаушыларға, сылақшыларға қойылар талап күн өткен сайын құбылып, өзгеріп жатыр.

– Бұл – бір жағынан, заңды құбылыс. Құрылысшылардың кәсіби біліктілігі өссе, ұтылмасымыз анық. Демек, сан мен бірге сапа да өседі деген сөз. Үзбей ізденіп, білмегенін үйреніп, білгенін жетілдіріп отыратын құрылысшылары ертеңгі күні ел экономикасының дамуына да үлес қосады.

Соның нәтижесін бүгінгі Талдықорған облысының келбетіне қарап бағалауға болады. Бүгінгі Талдықорған сәні мен сәулеті келіскен көрікті де әсем қалаға айналды. Бұған құрылысшылар қауымының қосқан үлесі зор.

Соңғы жылдары облыс аумағында еңселі ғимараттар, шағын аудандар бой көтерді, жинақы да қолайлы жолдар төселді, саябақтардың күтімі де ретке келіп, төңірегімізді жасыл желек көмкеріп жатыр. Мұның бәрі құрылысшылар қауымының еселі еңбегінің нәтижесі.

Сіздер атқарған ауқымды істің игілігін бүгінгі күні қарапайым халық көріп отыр. Осы үшін де сіздерге барша Жетісу жұртының атынан алғысымды айтамын, – деді облыс әкімі.

Мерекелі басқосуда бұдан бөлек облыстағы құрылыс саласындағы оң өзгерістер егжей-тегжейлі айтылды. Облыс басшысы «7-20-25», «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» бағдарламалары орындалуы барысына тоқталып,  әлеуметтік нысандар тұрғызу, жол жөндеу мен салу, инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту мәселелерін де сөз етті.

Тұрғын үй, жатахқана һәм газдандыру мәселесі

Нақтылап айта кетелік. Биылғы жылы Алматы облысындағы құрылыс жұмыстарына 101 млрд теңге қаржы бөлінген. Өткен 8 айда соның біраз бөлігі нәтижелі игерілген.

2019 жылы 784 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып, сол жоспарға сай биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 364,8 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Үкіметтен және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен биылғы жылы 8 білім беру мекемесі, 10 денсаулық сақтау нысаны, 4 денешынықтыру-сауықтыру кешені, ішкі істер органдарының 18 нысаны ел игілігіне берілетін болады.

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасында баса айтылған студент жастарды жатақханамен қамтуға сәйкес Жетісуда 1930 орындық жатақхана құрылысы жақында басталғалы отыр.

Облысты орталықтандырылған сумен қамту деңгейі биылғы жылдың соңында 91 пайызға жеткізіледі.

Ал газдандыру жұмыстары қазіргі таңда облыстағы 20 ауданның 15-інде жүруде. Соның ішінде облыс орталығы Талдықорған қаласындағы жұмыс 2020 жылы аяқталып, 55 мың абонент көгілдір отынға қосылады.

Амандық Баталов өңір көрсеткіштеріне тоқтала келе, облыстағы құрылысшылар еңбегін тағы бір мәрте тілге тиек етіп, олардың жаңадан құрылған Райымбек ауданын көркейтудегі, Арыс қаласын қалпына келтірудегі белсенділігіне ризашылығын білдірді.

«Барша құрылысшыларға мықты денсаулық, толағай табыс, еңбекте жетістіктер тіледі», – деді Баталов.

 

ТҮЙІН

Амандық Ғаббасұлы құрылыс саласының үздік мамандарын марапаттады. Атап айтқанда, бірқатар мемлекеттік мекемелердің, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің қызметкерлеріне «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің және облыс әкімінің Құрмет грамоталары және алғыс хаттары табысталды.

Мұнан соң Алматы облысының Құрметті азаматы Оралбек Жақиянов, «Алматы Prodaction Construction & Invest» ЖШС атқарушы директоры Нұрсұлтан Жұмабек, «НСК Астана Құрылыс» АҚ президенті Қайрат Сандықпаев, «Талдықорған жолдары» ЖШС техникалық өндіріс бөлімінің жас маманы Алмас Ақжалбеков әріптестерін төл мерекелерімен құттықтап, лебіздерін білдірді.

Мереке соңында концерттік бағдарлама ұсынылып, танымал эстрада әншілері мен облыстағы өнер ұжымдары сахнада өз өнерлерін көрсетті.

Рекомендовать
Последние новости