Амандық Баталов: «Ата Заң – татулық пен елжандылыққа үндейді»

Dalanews 30 авг. 2019 11:11 839

Алматы облысында Конституция күніне арналған жиында мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған бірқатар жас маман ант берді. Осы маңызды қадамдарымен оларды Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен салтанатты жиында облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мерекелік шара Конституцияның қалыптасу тарихы туралы прологпен ашылды. Мұнан соң облыс әкімі Амандық Баталов жиналғандарды мерекемен құттықтады.

–  Елдің басты құжаты, киелі кітабы саналатын Конституция әр азаматқа өзін жеке тұлға ретінде дамытуға, еркін білім алуға, қалауынша еңбек етуге, кәсіппен айналысуға, рухани және материалдық игіліктерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан да ыстық мекен, жылы ұя, ортақ Отанымыз Қазақстанда өмір сүру – біз үшін зор мақтаныш! Конституциямыздың «Біз, Қазақстан халқы» деп басталуының өзі мемлекетімізде ел бірлігінің, халықтар достығының негізгі құндылық екенін айғақтайды. Басты Заңымыз баршамызды татулыққа, елжандылыққа, бір-бірімізге құрметпен қарауға шақырады. Тәуелсіздіктің 30 жылға жуық тарихы Ата Заңымыз айқындаған осы бағытымыздың дұрыс екенін көрсетіп отыр. Бүгінде Қазақстан беделді, өркендеу жолына түскен, тарихы, тілі, мәдениеті қалыптасқан, әлем картасынан берік орын алған мемлекетке айналды. Сол жеткен жетістіктерімізді, Елбасы салып берген сара жолды жалғастыруға, стратегиясын одан әрі нығайтуға Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бәрімізді жұмылдырып отыр. Осы ортақ іске атсалысып, белсене үлес қосу – басты міндетіміз, – деп атап өткен А.Баталов облыстың даму жағдайы жайында қысқаша айтып берді.

Облыс әкімінің айтуынша, биылғы жылдың қаңтар, шілде айларында экономиканың барлық негізгі салаларында өсім бар. Өнеркәсіпте 502,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102,1% құрады. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім 231,7 млрд теңгеге жетіп, 2,2% өсім қамтамасыз етілді. 263,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 23 мыңдай жұмыс орны құрылған.

Мәселен, Nur Otan партиясының XVIII съезінде берілген тапсырмаларды орындау мақсатында республикалық бюджеттен көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге қосымша 5,6 млрд теңге бөлінді, соның 2,2 млрд теңгесі 180 пәтерлік 8 тұрғын үй салуға, сол сияқты 3,4 млрд теңгесі 492 пәтер сатып алып беруге бағытталады. Қабылданған шаралардың арқасында биылғы жылы облыс бойынша 672 көпбалалы отбасы көптен күткен баспаналарына қол жеткізеді. Жалпы, «Нұрлы жер» бағдарламасының шеңберінде әлеуметтік әлжуаз топтарды жалгерлік тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 8,7 млрд теңге бөлінді. 708 пәтерлік 284 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы жетістіктердің барлығына да негізі Заңымыздың талаптары мен ережелерін басшылыққа алудың нәтижесінде қол жеткізілді. Баршаңызды Конституция күнімен құттықтай отырып, мықты денсаулық, еселі еңбек, толайым табыс, әр отбасына бақ-береке тілеймін! – деген А.Баталов, салтанатты бұдан әрі марапаттау рәсімімен жалғастырып, бірқатар мемлекеттік, сот және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады. Сонымен бірге сайлау заңнамасының конституциялық негіздерін білуге арналған жас мемлекеттік қызметшілер арасындағы акцияның жеңімпазы Мержан Төлегеновке ҚР Орталық сайлау комиссиясының дипломы берілді.

Сол сияқты мемлекеттік қызметке жақында қабылданған бес жас маман ант берді. Жас қызметшілер еліміздің Конституциясын, заңдарын сақтауға, Қазақстан халқына ынтамен, кәсіби, адал қызмет етуге, мемлекет мүддесін қорғауға, халықтың игілігіне қызмет ете отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын жүргізуге сөз берді.

Жас мамандарды құттықтаған Амандық Баталов, жауапкершілікті сезіне отырып, халыққа адал қызмет еткенде ғана жетістікке жетуге болатынын тілге тиек етіп, мемлекеттік қызметтегі еңбектерінде абыройлы болуларына тілектестік білдірді.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости