Жетісу облысында әскери қызметін өтеп жүрген сарбаз Дастан Құрманбектің қаза табуы ресми дерек бойынша өз-өзіне қол жұмсау деп танылғанымен, ата-анасы бұл нұсқаға сенбейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Марқұмның ата-анасы Qaz365 агенттігіне оқиғаның мән-жайын баяндады.
"Баламның өзін-өзі өлтіруі мүмкін емес. Бір күн бұрын ғана барып қайттық, бәрі жақсы еді," – дейді марқұмның әкесі.
Анасы Дастанды өте төзімді, сабырлы бала болғанын айтады.
"Үйде ауырса да ешкімге айтпайтын. Әскерде қиын боларын білсе де, 'шыдаймын' деп кеткен еді," – дейді ол.
Ата-анасының айтуынша, қайғылы жағдай алдында Дастан телефон арқылы үш күн бойы ұйықтамай, суықта нарядта тұрғанын айтқан. Олар ұлымен кездесу үшін арнайы барып қайтқан соң, ертеңіне оның қаза тапқаны туралы суық хабар жеткен.
Құрлық әскерлері басшылығының мәліметінше, сарбаз қарумен жұмыс істеу ережелерін сақтамағандықтан жарақат алған. Оқиғаның нақты себептерін арнайы комиссия анықтап жатыр.