Жетісайда жаппай сенбілік шарасы өтті

Dalanews 12 авг. 2018 10:19 1346

Жетісай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен  жаппай қалалық сенбілік өтті. Таң алакеуімнен  күрек, қалақ, сыпырғы ұстаған аудан, қала әкімдігінің 14 бөлімінің 300-ге жуық қызметкерлері қала орталығындағы саябақ пен орталық алаңды қоқыстан тазартып, шөптерін шауып, әктеу-сырлау жұмыстарын жүргізді. Арнайы көліктер қоқыстарды қала сыртына шығарды.

«Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың тапсырмасымен сенбілік апта сайын ұйымдастырылуда. Ондағы мақсат – қаламызды таза әрі көрікте етіп ұстау. Енді бірер күнде қаламызда үлкен іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Соның ең маңыздысы – «Қауынфест» фестивалі. Осыған орай қаламыздың негізгі үлкен көшелерінің бойлары күл –қоқыстан тазартылып, арық-атыздарға ағын су жіберілуде. Сондай-ақ, орталық саябақтағы шөптер шабылып, тұрғындар серуендейтін жолдарға асфальт төселуде», - дейді Жетісай қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қадырбек  Смаилов.

Сенбілік қаланың өзге аймақтарында да жалғасын тапты. Атап айтсақ, Абай, Дайрашов, Байботаев, Әуезов, Амангелді көшелерінде қыза түсті. Сенбілікке мемлекеттік қызметкерлерден бөлек, қала тұрғындары да атсалысты.    Алдағы уақытта да бұл шара жалғасын табатын болады. Жетісай қаласының аумағын көріктендіру, санитарлық тазалау және көгалдандыру мақсатында арнайы көліктер бөлініп, коммуналдық шаруашылық мекемелерінің техникалық мүмкіндіктерін жақсарту жоспарда бар.

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 

Рекомендовать
Последние новости