Құрлысшыларға құрмет көрсетілді

Dalanews 12 авг. 2018 10:27 1149

Құрылысшылар күні мерекесіне орай Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев осы салада еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа  Алғыс хат табыс етіп, сый-сияпат жасады. Салтанатты жиынға ауданымыздың ардагер құрлысшылары мен сәулет және қала құрылысы саласында аянбай еңбек етіп жүрген сала қызметкерлері қатысты.

Жиында сөз алған өңір басшысы ауданымыздың экономикасы мен әлеуметтік деңгейінің көтерілуін құрылыстың қарқын алғанынан байқауға болатындығына тоқталды.
– Құрылыстың қарқынды жүруі мемлекеттің экономикасын, әлеуметтік деңгейін көрсетеді. Бұл саланың мамандары қашанда ізденісте жүреді. Сіздер  салған ғимарат, нысандардың игілігін жұрт көруде.  Біздің ауданымызда да білім, мәдениет, денсаулық сақтау, тұрғын үй, жол және коммуналдық салаларда ағымдағы және күрделі құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұлардың барлығы – аудандағы құрыш қолды құрылысшылардың ерен еңбектерінің арқасы, – деді Жамантай Қанайұлы.

Соңғы жылдары ауданымызда көптеген нысандар бой көтеруде. Соның арқасында жыл сайын ел игiлiгiне пайдалануға берiлген жаңа ғимараттар саны да артып келедi. Осы жұмыстардың жүзеге асырылуында құрылысшылардың орны мен маңызы ерекше екені сөзсіз.

Жиын барысында  бірқатар азамат аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, шара барысында  жетісайлық құрылыс компаниясы «Нүрлі-Л-Жетісай» ЖШС-не  Ұлттық бизнес рейтингі жөніндегі республикалық байқаудың қортындысымен «Жыл көшбасшысы» номинациясы табыс етілді. Аталған мекеме басшысы Мұрат Әмірбекұлына үздік сала басшысы ретінде «Жылдың үздік көшбасшысы» сертификаты қоса берілді.

Бұдан бөлек, аталған мекеменің бас есепшісі Ким Анитаға  қаржы және аудит саласы бойынша «Жыл көшбасшысы», мекеме басшысы Мұрат Әмірбекұлына «Жыл кәсіпқойы», бас инженер Нұрмахан Тұрғыновқа, өндірістік- техникалық бөлім бастығы Мұхтар Ахметовке  «Еңбек сіңірген құрылысшы» төсбелгілері тағылды. Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі 

Рекомендовать
Последние новости