Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Жетісай ауданына жасаған іссапары барысында «Киікбай Строй Сервис» ЖШС тарапынан жүргізіліп жатқан тік дренажды ұңғымалардың құрылысымен танысты, деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Негізгі табысы мен күн көріс көзі агросектормен тікелей байланысты ауданда соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімі мен сапасы төмендеген. Бұл аудан аумағында орналасқан 380 дана тік дренажды ұңғымаларының 210 данасының істен шығып, жерасты суы деңгейінің көтерілуімен тікелей байланысты.
Аудандағы жалпы аумағы 16 010 гектар аумақта орналасқан 97 дана дренажды, нақтырағы, Мақталы ауылдық округіндегі 7932 гектар алқапты қамтитын 47 дана, Қызылқұм ауылдық округіндегі 5766 гектар алқапты қамтитын 41 дана және Абай ауылдық округінің 2312 гектар алқабын қамтитын 9 дана дренаждың құрылысын жүргізуі тиіс «Киікбай Строй Сервис» ЖШС мекемесі бүгінде 46 дана жаңа тік дренажды ұңғымаларды бұрғылаған.
Ал суармалы жердің 35 921 гектарының 19 911 гектарына 113 дана дренаж орнатуды жоспарлап отырған «Арт-Құрылыс» ЖШС мекемесі Ынтымақ, Ш.Ділдәбеков және Ж.Ералиев ауылдық округтерінен 95 дана ұңғыманы бұрғылаған.
Нұрбол Әбдісаттарұлы сала мамандарымен жүздесу барысында мемлекеттік қаржы есебінен жүзеге асып жатқан жобалардың сапасы мен өндірістік кестеге сай жүргізілуін тапсырды.
Өткен жылдың қазан айында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі «ҚазСушар» РМК тапсырысымен «Ислам Даму Банкі» қаржысы есебінен басталған 210 тік дренажды ұңғымаларды қайта қалпына келтіру жұмыстары 2026 жылы толығымен аяқталып, ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде. Бүгінде 210 тік дренажды ұңғыманың 141-і қалпына келтірілген.