Жер дауы Мәсімовке үлкен сабақ болды

Dalanews 12 сент. 2016 15:18 1162

Кәрімовтің қазасы мен күштік құрылымдарды күшейту қажеттілігі Мәсімовтың «кетуіне» себеп болды. Саясаттанушы Досым Сәтпаев солай деп санайды. 

– Досым, айтшы, жаңа қызмет Мәсімовке жараса ма осы? 

– Бұл үшін Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұған дейінгі басшыларын бір сүзіп өтуіміз керек. Бұл органды элитаның ең ықпалды деген өкілдері басқарды. Мен білсем, күні кеше орнын босатқан Владимир Жұмақанов өмір бойы ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет атқарған және ҰҚК-ны басқару мүмкіндігіне ие болған жалғыз адам. Жұмақанов бұл қызметті жаман атқарған жоқ. Өз саласының қыр-сырын бүге-шігесіне дейін білді, өйткені.

photo_189746

Бірақ, біздегі кадрлық ауыс-түйіс бір адамның сол саланың маманы болуын талап етпейді ғой. Сол сияқты осы уақытқа дейін ҰҚК-ны басқарғандардың тізіміне қарасақ, көпшілігінің күштік құрылымдарға түк қатысы жоқ.

Мысал керек пе? Тәжин бар. Ол ұзақ уақыт бойы президенттің идеологиялық бағдарламаларын әзірлеумен және ішкі саясат мәселелерімен айналысты. Бұл қызметке Тәжинді тағайындағанда, ел оған Мәсімовті тағайындағаннан бетер таңғалған.

Ал Мәсімов…Негізі, бұл кісі күштік құрылымдардың жұмысымен жақсы таныс. Премьерлік еткен тұста Үкіметтің құрамына кіретін күштік блоктың жұмысын бақылау Мәсімовке жүктелген. Дәл осы қызметте ол терроризм мен экстремизмге қарсы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізуге атсалысты. Алматы мен Ақтөбедегі жағдайдан кейін Елбасы лаңкестікке қарсы күресті күшейтуді тапсырды. Тапсырған адамы – Мәсімов болатын.

— ҰҚК төрағасының орынтағына Мәсімовтен басқа лайықты үміткер табылмады ма? 

— Мұның бірнеше себебі бар. Алдымен оны премьерлік қызметтен неге алып тастағанын айтайын. Бұдан бұрын сіздің сайттарыңызға сұхбат бергем. Кез-келген Үкімет басшысын елдегі экономикалық тоқырауға оп-оңай кінәлауға болатынын айтқам. Мен үшін Мәсімов кеткен жағдайда, оны қайда әкетері, қайда отырғызары қызықты болды.

Президент әкімшілігінің жетекшісі жақында ғана тағайындалған. Мәсімовтың өзі күні кеше сол әкімшіліктен келген. Бұл жерге қайтып келер болса, күлер едік. Бір жағынан, Президенттің Мәсімовке, оның деңгейіне сай ұсынар қызметі санаулы ғана болғанын түсіну қажет.
Бір өңірге әкім боп кетсе, бұл оның (Мәсімовтың) – құлдырауы болар еді. Елшілікке аттандырса, «оның өзіндік  саяси астары бар, Мәсімов бұрынғы ықпалынан айырылды», дер едік.

Жалпы, қазіргі элита үшін Астанадан аулақтау — жаман ырым. Мәсімовтың ҰҚК-ға келуінен алғашқыда мен де күдіктенгем. Артынан ойласам, президент оны ең маңызды орынтаққа отырғызыпты.

– Демек, ҰҚК төрағасы болу Мәсімовтың төмендеуі емес қой? 

— Әрине, Премьер-министр мен Президент әкімшілігінің жетекшісі аса салмақты фигуралар. Бірақ, соңғы кездегі үрдісті назарға алыңыз. Қауіпсіздік мәселесі алдыңғы орынға шықты. Осы себепті де қоғамда ҰҚК-ның орны мен рөлі үлкейе, күшейе түседі. Билік күштік құрылымдарды бекерге күшейтіп жатқан жоқ. Экстремизм мен терроризмге қарсы жаңа заң қабылдаудың өзі осының дәлелі.

Екіншіден, ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Жұмақановтың әлсіз жері болды. Ол Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арасындағы «айқасты» тоқтата алмады.

Ақтөбедегі оқиғалар осы сөзіме дәлел. Алматыда, тіпті, сорақы болды.  Күштік құрылымдар салафиттерді кінәласа, полиция мұны криминалдық шабуылға жатқызды. Ақыр соңында, еліміздегі ең ықпалды екі орган бір-біріне қарама-қайшы келетін мәлімдеме жасады. Мәсімов осы былыққа нүкте қояр деген ойдамын. Ведомствоаралық «айқастарды» тыйса, тәртіп те түзелер еді.

— Мәсімовты орнынан алуға, оған деген қоғамның көңіл толмаушылығы әсер еткен жоқ па, осы? 

— Біржақты жауап беру қиын. Қалай болған күнде де, Жер дауы және даулы кодексті құптамаған халық наразылығы Мәсімовке үлкен сабақ болды. Жаңа қызметте ол бұқараның шамына тиетін шешімдерді абайлап қабылдайтын болады. Әйтпесе, тағы да бәріне өзі кінәлі боларын жақсы сезінеді.

Жаңа қызметте Мәсімов тактикасын өзгертуі мүмкін. Бірінші кезекте, қоғаммен байланысты жолға қою керек. Халықтың пікірін тыңдау маңызды. Лаңкестікпен күресте арнайы құрылымдар халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуі қажет.

Сосын Өзбекістандағы оқиғалар көрсеткендей, арнайы қызметтің жетекшісі билік ауысқан кезде негізгі ойыншылардың біріне айналуы мүмкін.

Бұл қызметке жайғасқандарды «сұр кардинал» деп, бекер айтпайды. Сайып келгенде, Мәсімов барлық құпия мәліметтердің үстінен басып отыр.

Бұл Мәсімовтың қолындағы аса жойқын қолшоқпар.
 Ылғи да айтамын. Соңғы кездегі Президент жүргізген ірі кадрлық ауыс-түйістер бекерден жасалып жатқан жоқ. Дариға Назарбаеваның Үкіметке келуі, Мәсімовтың ҰҚК-ға тағайындалуы, Тасмағанбетовтың Қорғаныс министрлігіне баруы, Тоқаевтың Сенат спикері болуы тегін емес.  Айтпақшы, президенттің туысы Самат Әбіш Мәсімовтың орынбасары.

Байқасақ, мұнда нақты ойластырылған (жоспарланған) тізбек бар. Мұның не мақсатпен жасалып жатқаны әзір белгісіз. Бәлкім, президент шахмат тақтасындағы фигуралармен тәжірибе жасап көрмек шығар, кім біледі. Бірақ, мұндай тәжірибе бекер жасалмайтынын түсінген жөн.

Дереккөз: "kaz.365info.kz"

Рекомендовать
Последние новости