Жеңіс Қасымбек Өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысын өткізді

Жарбол Кентұлы 06 сент. 2024 18:57 294

Астана қаласының әкімдігі инвестиция тарту және экономикалық дамуды жеделдету мақсатында Өңірлік инвестициялық штаб құрып, оның жұмысы арқылы қалаға отандық және шетелдік инвестицияларды белсенді түрде тартуда, – деп хабарлайды Dalanews.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Таяуда қала басшысы Жеңіс Қасымбектің қатысуымен Өңірлік инвестициялық штабтың кезекті басқосуы өтті. Штабтың негізгі мақсаты – инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлар жасау, инвесторларға қолдау көрсету және олардың мәселелерін жедел шешу. Отырыс барысында жаңа инвестициялық жобалар үшін жер учаскелерін іздеу, техникалық шарттарды беру, нақты жоспарлауды түзету және әзірлеу, сондай-ақ шұғыл шешімді талап ететін өзге де өзекті мәселелер талқыланады.

– Бүгін инвестициялық штаб отырысында инвесторлардың ұсыныстарын қарадық. Мәселен, олар – 1700 орынға арналған екі мектептің құрылысы, диагностикалық орталық, цех және өндірістік қойма, 15 мың паллет орнына есептелген тоңазытқыш қоймасы, түсті металдар қорытпалары мен қышқыл аккумуляторлар шығаратын зауыт. Сол сияқты жабық тұрақ салу мәселесін қарастырдық, – деді Жеңіс Қасымбек.

Әкім бұл жобалардың қаланың дамуына жеке қаражат тартып қана қоймай, тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін айтты.

– Өңірлік инвестициялық штаб отырыстарын тұрақты негізде өткізіп тұрамыз. Онда әрбір жобаны жеке қарастырып, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Бірінші кезекте тұрғындар мен қаламызға қажетті жобаларды қолдаймыз, – деді қала әкімі.

Штабтың жұмысы нәтижесінде Астанада бірқатар маңызды инвестициялық жобалар іске асырылуда. Мысалы, 2023 жылы қалада 1,1 трлн теңгеге 160 жоба жүзеге асырылғанын атап айтуға болады. Оның ішінде 20-сы шетелдік инвестицияларды тарту арқылы іске қосылды. Бұл жобалар 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

Бүгінде Астана қаласы әкімдігі инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету жүйесі енгізген болатын. Бұл жүйе арқылы инвесторлар қажетті құжаттарды рәсімдеу, рұқсаттар алу және басқа да әкімшілік мәселелерді шешуде уақыт пен ресурстарын үнемдейді.

Астана қаласының әкімдігі инвестициялық штабтың жұмысын одан әрі жетілдіріп, жаңа жобаларды тарту және іске асыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл қала экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетіні анық. Өңірлік инвестициялық штабтың тиімді қызметі нәтижесінде Астана қаласы инвестициялық тартымдылығын арттырып, отандық және шетелдік инвесторлар үшін сенімді әріптеске айналуда.


Рекомендовать
Последние новости