Жастардың жобалары Түркістан облысын дамытады

Dalanews 11 июн. 2019 14:20 1021

Түркістан облысын дамытуға арналған жас мемлекеттік қызметшілер әзірлеген үздік жобалар әкімдік тарапынан толық қолдау табатын болады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жинында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.

Жобалардың басым көпшілігі өңірдегі туризм саласын дамытуға бағытталған.  Атап айтқанда, «I-Shatyr» жобасы. Ол –  Ясауи кесенесі аймағында ыстықтан қорғайтын смарт шатырлар жүйесін орнату идеясы. Жобаны ұсынушы Жанбота Оразбаеваның айтуынша, интеллектуалды шатырлар ыстық климатты Түркістан қаласына арналған. Ясауи кесенесіне келуші туристерді жаздың күні күннен қорғап, көлеңкелеуге арналған. Жобамен танысқан облыс әкімі жаңа жүйені күз мезгіліне қарай іске қосу қажеттігін тапсырды.

«EKO-Jai» бұл – Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірі айланасында туристер үшін экологиялық шағын демалыс үйлерін салу жобасы. Жоба авторы Мәмет Нұрболдың айтуынша, экологиялық үйлерде туристерге барлық жағдай жасалады. Жалпы құны 50 млн. теңгеге 10 үй салуды ұсынып отыр. Облыс әкімі тиісті басқарма басшыларына жобаны жоспарға енгізіп, алдағы уақытта жүзеге асыру керектігін жүктеді.

«Zhan-Uia» жобасы. Өңірдегі қарттар үйі мен балалар үйін біріктіру жүйесі. Саматулла Нуриланың айтуынша, бұл канадалық жоба бала күлкісі мен мейірімге мұқтаж жандарды жақындастыруға бағытталған. Жобамен танысқан облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы келесі жылдан бастап Түркістан қаласынан жобаға қажетті ғимараттардың құрылыс жұмыстарын бастау қажеттігін тапсырды.

«Ethno Village» – бұл қаланың тарихи аймағына этноауыл салу жобасы. Жоба авторы Қоспаева Айжанның айтуынша, жалпы құны 40 млн. теңгені құрайды. Ясауи кесенесі аймағынан бой көтеретін этноауыл келуші туристерге қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен тағамдарын, төл ойындары мен қолөнерін таныстыратын болады. Жоба алдағы уақытта жүзеге асатын болады.

Жиында таныстырылған келесі жоба «Е-Halyk жүйесі. Бұл –  көпбалалы аналарға жәрдемақы беруді оңтайландыруға арналған бағдарлама. Жоба авторы Есенбаев Нұрдаулеттің айтуынша, бағдарлама әлеуметтік жәрдемақыны еш кедергісіз, кезексіз алып, уақыт үнемдеуге бағытталған.

Келесі «Таза сана, таза қала» жобасы –   Кентау қаласында қоқыс шығару жүйесін цифрландыру және тұрғындарды тазалыққа үгіттеуге арналған. Жоба авторы Ерманов Елнұрдың баяндауынша, жоба Кентау қаласындағы тазалық жүйесін цифрландыруға бағытталып отыр. Яғни, қоқыс жәшіктеріне арнайы QR-кодтар қойылып, қоқыстың көбейгені, жәшіктің босатылған уақыты орталықтандырылған жүйеге хабарланып отыратын болады.

Айта кетейік, бұл жобаларды ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалында қайта даярлаудан өткен жас мемлекеттік қызметшілер ұсынып отыр.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости