Жасан Зекейұлы

Dalanews 29 авг. 2017 07:03 1623

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Тәуелсіздік тарихындағы «100 жаңа есім» иелерін анықтауды тапсырған болатын. Белгілі дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, «Жас-Ай» Шығыс-тибет медицина орталығының директоры Жасан Зекейұлы «100 жаңа есімге» лайық тұлға деп білеміз.

 

Арманы асқақ бозбала

«Отан отбасынан басталады», «Отан үшiн отқа түс – күймейсiң» деген таным-тұжырымды ойына түйген Жасан Зекейұлының бүгiнгi алған асуы мен бағындырған биiгi жөнiнде сөз айтпас бұрын, өткен өмiрiне қысқаша тоқтала кеткен жөн. Қазақ тарихының сырын да, жырын да, мұңын да iшiне бүккен қарт абыздай алып тау – жазиралы өлке Тарбағатайдың бауырынан түлеп ұшқан сұңқар тектi азаматтар жетерлiк. Ұлт табиғаты мен тағдырлы да тағылымды тарихын Ұлы Даланың кiндiктес осы бөлiгiнен бөле-қарау мүмкiн емес. Елiмiздiң Шығыс қақпасын күзетiп жатқан орманды-ойпатты, нулы-сулы, құмды-шөлейттi өлкенiң бiрi – осы жұрт. Кешегi тәумендi шағымызда, тарихтың доңғалағы қазақтың талайына қарай домаламаған қиын кезеңде екi империяның қақ ортадан бөлiп, қызыл сызық орнатқаны болмаса, қазақтың «кiндiк кесiп, кiр жуған» ежелден келе жатқан Атақонысы едi. Екiге бөлiнген елiңнiң ниет-мақсаты, арман-мүддесi бiр демесеңiз, Қытай мен Ресейдiң илеуiнде қалып, қаншама зұлмат жылдарды бастан кешпедi бұл қазақ?!  Тарбағатайдың Қытайдағы бөлiгiнде, Жайыр таудың етегiнде, Қарағайбастаудың мөлдiрiнен су iшiп, тұнығына шомылған бiрқыдыру ел бар. Жасан Зекейұлы, мiне, сонда, Толы ауданында 1967 жылы дүние есiгiн ашқан. Қарапайым шаңырақтың дәулетi де орташа болатын. Әкесi Зекей болса, Шыңжаңдағы университеттен «Көмiр кенi» мамандығының үш жылын бiтiрiп, оқуын аяқтауға отбасылық жағдайы көтермей, ауылда жүредi. Бiр күнi облыстан ауылға қытай басшылары келiп, халықпен жүздесу өткiзбесi бар ма?! Қастарына ерткен аудармашысы, қолдап-қоштаушысы көп. Бiрақ қытай басшылары мен жергiлiктi тұрғындар бiрiнiң ойын бiрi түсiне алмай дал болады. Себеп не дейсiз ғой?  Аудармашының шала сауаттылығы. «Жиында отырған әкем университет қабырғасында жүрiп, қытай тiлiн жетiк меңгерiп алған кiсi едi. Аудармашының шалағайлығын көрiп, өтiнiш жасап, сол арада өзi тiлмаштык етедi. Мұны көрген басшылар аты-жөнiн жазып алады да, апта өтпей аудармашы маман ретiнде аудан орталығына шақыртады. Сол күннен бастап отбасылық ауыр жағдайдан арылып, бiзге замануи бiлiм алуға мүмкiндiк туды. Әкем оқуын әрі қарай жалғастырып, университет дипломын алып, ауданда бiлiктi кадрлардың сапында қызмет еттi. Анам болса, қарапайым қызметте жүрсе де, ең негiзгi мiндет ретiнде бiздiң тәрбиемiзге баса назар аударды. Анам Шәрипаның бала кезiмнен маған айтып отыратын бiр сөзi бар: «Ешкiмнiң ала жiбiн аттама! Өзгенi сыртынан даттама!». Мен де көңiлiме кiрбiң ұялап, қиналған сәттерiмде осы сөздi жаныма тұтам, ойға алам. Iзгiлiк пен мейiрбандылық, iзеттiлiк пен адалдық – әкем мен шешемнiң маған үйреткен ең негiзгi қағидалары». Мектеп қабырғасында жүргенде өте зерек, әр сабақты зейiн қоя үйренген баланың есейген сайын ауыл жұртшылығының аузына есiмi iлiне бастауының сыры: ата-ана тәрбиесiнiң арқасы екенi айтпасақ та түсiнiктi. Отбасы тәрбиесiнiң ұлттық тәрбиемен бiтеқайнасып жататыны айдан анық. Балалық шағы кiтап оқумен, ғалымдардың өмiр жолын, ұлы адамдардың тағылымды ойларын ұғуға ұмтылумен өткен Жасан Зекейұлының толысып-шыңдалуына өзi өскен ортаның, ауыл адамдарының қайырымды iс-әрекеттерi әсер еткенi әр әңгiмесiнен байқалып тұрады.

«Бала кезiмде, – дейi ол, – менiң жан серiгiм кiтап болды. Әкем бәрiмiздi жинап алып, Абайдың өлеңдерi мен қара сөздерiн оқытатын. Мұны оқымай, елге игiлiктi iстер iстей алатын азамат болуларың мүмкiн емес дейтiн бiзге. Содан бастап кiтап көрсем ұмсынып тұру үйреншiктi дағдыға айналды. Батырлар жыры мен қиссаларды, аңыз-әфсаналар мен дастандарды сүйсiнiп, берiлiп оқитынмын. Кей кездерi түнiмен кiтап оқып, таңертеңгi сабаққа көзiмдi тырналап әрең ашатынмын. Әлi есiмде, «Абай жолын» алғаш оқыған сәтiм. Ұмытпасам, сол кездерi елдiң бәрi бұл кiтапты қалап-сұрап, бiрiнен бiрi ұрлап әкетiп оқитын. Бiр жерiне күйiнесiң, бiр жерiне сүйiнесiң. Бiрде өзегiңдi өксiк шарпыса, ендi бiрде далалық салиқалы дәуреннiң қызығына елiтiп, өзiңнiң қазақ боп туғаныңа мақтанасың. Иiс кемпiрдiң ұлы Исаның өзi жалғыз боранды түнде қасқырлармен алысып, суық өтiп, ауырып қайтыс болғанын оқып отырған сәтiмде, көзiмнен жас ыршып кеттi. Бәлкiм, менiң дәрiгер болуыма сол бiр кездегi көңiл-күй, iшкi жанашырлық өз әсерiн тигiзген де шығар...». Әке мен ана мейiрiнен асқақ не бар жалғанда.

Дәрiгер Жасан – әкесi мен анасынан алған көркем мiнездi сақтай бiлген, соның жемiсiн жеген жандардың бiрi. Бала кезiнде аудан орталығындағы үйлерiне ауылдағы жұрт көптеп келедi екен. Әрине, көп жағдайда емханаға жатып емделу мақсатымен. Солардың жүдеген, аурудан қиналған сәттерiн көрген бала жүрекке «емшi болсам» деген арман ұялайды. Мектепте жүргенде де, жоғары оқу орнында да өзге құрбы-достары секiлдi желiк қуып, уақытты босқа өткiзудi жаны сүймептi. Балалар төбелесiп, яки белгiлi себептермен жараланып, денелерiнен қан ақса, олардың қанын тоқтату үшiн топырақ сеуiп, iскен жерлерiне үлкен кiсiлерден көрген ем-домын жасап, бәйек болып жүретiн оның емшiлiк «тәжiрибесi»  – сүтке бiткен қасиеттердiң бiрi болса керек. Өзi де бұл ойымызды құптағандай: «Мен басқа саланы таңдап, әкемнiң көмегiмен болса да, әкiмшiлiк саласының бiрiнiң тұтқасын ұстауыма болар едi. Әйткенмен, ондай ой санама кiрiп-шыққан жоқ. Осы кәсiптi таңдадым. Оған ешуақытта өкiнген емеспiн» деп ағынан жарылды.

Сол жерде орта мектептi үздiк бiтiрiп, Үрiмжiдегi Медицина университетiн тәмамдағасын, Күйтүн қаласындағы орталық ауруханада хирург-маман ретiнде бiраз жыл жемiстi еңбек етедi. Аурухана ұжымына бiлiмдiлiгi мен бiлiктiлiгiн мойындата бiлген жас маманның iзгi арманы, айтулы аңсары – ұлтқа титтей де болса қызмет ету, перзенттiк қолғабысын тигiзу-тұғын. Сол үдеден шығу жолында жат елдiң заң-закүнiн қазақтың орайына ыңғайластырып, пайдалануды ұмытпаған оның iсiн бiреулер құптаса, бiреулер ұната қоймағаны да анық. «Хирург-маман ретiнде шама-шарқымша сол өңiрдiң қазақтарына көмектесуге тырыстым, – дейдi өзi жастық дәуреннiң алғашқы жылдарындағы жұмысы туралы толғана келiп. – Түскi ас кезiнде де дем алмайтынмын. Өйткенi, менiң операция жасауымды күтiп аурухана төсегiнде жаны қиналған дiмкәс жандар жатыр. Оларға көмектесу, бiр минут болса да, ертерек ем-шара қолдану – өзiмнiң мойныма жүктелген iшкi жауапкершiлiк. Сосын, ол кезде, әсiресе, өзiмiздiң қаракөздердiң жағдайы өзге ұлттармен салыстырғанда төмендеу болатын. Ауру-сырқау да көп. Көбiсiнiң емхананың белгiлеп берген жүйесi бойынша емделуге қалтасы көтермейдi. Мен дем алмай жұмыс iстесем, оларға қолымнан келгенiнше дәрумендi дәрiлердi арзандатып, басы артық ем-шараны азайтып берсем, кiрiптар жандарға көрсеткен азғантай көмегiм екенiн iштей сезетiнмiн. Әуелi үлкен жиындарда менi ұлтшыл ғып көрсетуге ұмытылғандар да табылды...». Рас-ау, бақастық пен күндестiк, көреалмаушылық секiлдi iшмезер пиғылдардың қай ортада болса да бар екенi белгiлi жайт.

Ондай келеңсiздiктерге жасу, алған мақсаттан қайту – ерлiк болып па?! «Ұлтшыл» Жасанның рухы пәс тартпақ түгiл, одан арман аршындай түседi. Еңбектiң арқасында досын да, қасын да сүйiндiрген ол тек хирург ретiнде елге танылуды мiсе тұтпай, күн-түн демей iзденедi, оқиды. Әсiресе, шығыс медицинасын, оның қыр-сырын бүге-шiгесiне дейiн игеруге ден қояды. «Сол кезде инемен емдеудi өзiм сырттай бақылап, барлап жүретiнмiн. «Ел бiлгендi мен неге бiлмеймiн?» деген ой маза бермейтiн. Айналаң толы – табиғат әлемi. Алла-тағала оның ешбiрiн артық жаратқан емес. Қытай медицинасының артықшылығы – табиғаттың қуатымен адамды емдеудiң түрлi тәсiлдерiн игеруiнде. Шөп пен судың, ағаш пен жан-жануардың бәрiнiң артықшылығын, өзiндiк қасиеттерiн жiтi бақылауында. Қытайда бұл том-том кiтап болып қаттаулы. Университетте жүргенде алған бiлiмдi одан әрі жетiлдiру үшiн, қытай медицинасының арғы өзегiне үңiлу үшiн сол томдықтарды жастанып жатып оқуды әдетке айналдырдым. Тоқсанға келген қытайлық ұстазым бар. Сол кiсiден ыждағатпен үйрену барысында iшiне енген сайын бұл ғылым саласына деген iңкәрлік-құштарлығым анағұрлым арта түстi».

Талмай iздену мен талпынудың нәтижесi – Ж. Зекейұлының бүгiнгi игiлiктi шаралары. Еш ойланбастан атамекенге ат басын бұрған алғашқы топтың өкiлi ретiнде ол маңдай терiн ұлық та ұлағатты елiне төгiп келедi. Өзi басқарып отырған «Жас – Ай» медициналық орталығы сөзiмiзге дәлел.



«Жас-Ай» медицина орталығы қалай құрылды?

Бұл орталық бұрын шағын ғана медицина орталықтарының бірі еді. Қазір Алматыдағы әл-Фараби даңғылының бойында 5 қабатты биік ғимарат бой көтерген. Қашан барсаңыз да, емделушілердің көптігін көресіз. Өткен жылы Астана қаласынан «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медицина орталығының бөлімшесі ашылды.

Құрылғанына 13 жылдан асқан орталықтың жұмысы мен емге зәру жандарға сыйлаған шапағаты туралы баспасөз беттерiнде аз жазылып жатқан жоқ. Жетпіс мыңнан астам жұртқа емдiк көмек көрсеткен орталықтың басты ұстанымы – қиналғандарға қол ұшын созу, тәнiне шипа, жанына рухани тiрек болу. Бүгiнге шейiн мыңдаған қолы қысқа жандардың бiрiне тегiн, ендi бiрiне жағдайына қарай жеңiлдiкпен емдеудi ұсынған бұл орталық емделушілердің ыстық лебізіне ие болып келеді.

Алматы облысы, Іле ауданы, Жетіген ауылының тұрғыны Ердәулет Атагелдиев «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медицинасының орталығы туралы былай пікір білдіріпті.

«Біз үйленген соң шамалы уақыт өткеннен кейін жұбайым Ботагөз ауырып,  мазасыздана бастады. Біраздан кейін оған  «Оң жақ аналық безінің қабынуы» деген диагноз қойылды. Осы диагноз бойынша ота да жасалды. Бұл 1999 жыл болатын. Арада 3 жыл өтіп барып, тағы да 2002 жылы жоғарыда аталған диагнозбен әйеліме қайта операция жасалды: сол жақ аналық безі мен түтікшесі алынды. Арада біраз уақыт өткеннен соң, сол бұрынғы диагнозымен жан сақтау бөліміне дейін түсті. Осындай әуре-сарсаңмен 6 жыл өтті. Нәрестелі бола алмадық. Осы отадан кейін жүкті боласың деген соң, тағы бір ота жасатуға келістік. Алайда нәтиже болмады. «Осы мықты» деген дәрігерге барғанымда маған айтқаны: «Бала көтермек түгілі, әйелің аман қалса, соған шүкір де». Дегенмен, Алладан үмітімізді үзген жоқпыз. Елдегі мықты деген медициналық мекемелерді аралап, емделе бердік. Жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы балалы болуды ойлап, «ЭКО» орталығының дәрігерлеріне барғанымызда да, «балалы болу мүмкін емес» деп жауап берді. Осылай теңселіп жүргенде «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медицина орталығы бар дегенді естіп, сонда бардым. Бізді профессор Жасан Зекейұлы қабылдады, тамыр ұстап, диагноз қойды. Ол кісі әйеліме «бір емес екі балалы боласың» деп қуантып тастады. Ол кезде біз Жәкеңе шынайы үміт артпасақ та, дәрігер ретіндегі жылы сөзімен үміттендіргені үшін, көңілімізді көтеріп, біліктілігін танытқаны үшін риза болып қалған едік. Бірақ Жасан біліп айтыпты. Шынымен, әйелім орталықта ем қабылдай бастағанда өзін жақсы сезіне бастады, ем қабылдап жүргенде жүкті екені байқалды. Бұл қуанышымызды бұрынғы емдеген дәрігерлер естігенде олар таңырқап, Ботагөзден қалай бала көтергенін сұрапты. Осылайша сөнуге айналған үмітімізді «Жас-Ай» жақты.

Ботагөз тұңғышым Әбдрахманды өмірге әкелді. Кейін Әбдрахманның қарындасы Ханифа туды. Баланың зарын бір кісідей тартқан біз ең әуелі Аллаға, екінші Жасан Зекейұлына алғысымыз шексіз», – дейді Ердәулет Атагелдиев. Бұл – бір ғана мысал. Әйтпесе, орталыққа келіп емделіп, ауыр науқастан құлан-таза айыққандар жеткілікті. «Жас-Ай» журналынан біз талай жанның алғыс хаттарын ұшыраттық. «Жазылмайтын ауру жоқ, емшісіне кезіксе» деп дәрігердің өзі айтпақшы, орталықтан ем алып, жаңа өмірге қадам басқан жандар жыл санап көбейіп келеді.

Мысалы, инсульт алған 4 мың адам сауықса, сал ауруына шалдыққан (ДЦП) 5 мың бала орталықтың емімен аяқтан тұрып, ел қатарына қосылған. Бұдан басқа белсіздік пен бедеулікке шалдығып, перзент сүйе алмауы мүмкін қаншама отбасы осы орталық арқылы сәбилі болды. Дәстүрлі медицина орталықтары «ем қонбайды» деп кесіп-пішкен талай науқас осы орталық арқылы сауыққанын осында емделген жандардың өздері айтып жүр.

«Жас-ай» медицина орталығынан ем алған науқастардың 80-90 пайызы ауруынан жазылып, аяқтан тұрып кеткенін нақты статистика арқылы білдік.

 

Ішкі үндестік туралы ой

Жасан Зекейұлы бала кезiнде ата-анасының қолдауымен баян тартуды үйренiптi. Музыкаға деген ықыласы елден ерек баланың өсе келе ауруларды емдеу барысында үн мен әуездiң үйлесiмдiлiгi зор көмек болғанын тiлге тиек ете келе: «Науқас жанның алдыңа кiрген кезде жанарынан, сөзiнен, iс-қимылынан-ақ қай жерiнiң ауырып тұрғанын байқайсың. Бойдағы үндестiк пен үйлесiмдiлiк бұзылса, ауру бар деп бiлiңiз. Мен соны жүрегiммен сеземiн. Кейбiр науқастарға тексермей тұрып-ақ,  қандай сырқат бар екенiн, қай жерлерi ауыратынын айтып берем. Яғни, iшкi жан-дүниесiнiң музыкасын тыңдаймын», – дейдi жылы жүзiне әнтек күлкi үйiрiлiп. Ол тағы да: «Адам болғасын – адамша өмiр сүруге тиiспiз. Абай айтпаушы ма едi: «... күнiне, аптасына, айына, тым құрығанда жылына бiр рет болса да, өзiңе өзiң есеп бер» деп. Иә, адам болып туғасын, адам боп күн кешу – мiндет. Мен соны көңiлiме бекем тұтқан адаммын. «Бүгiн не iстедiм, не бiтiрдiм, ертең не iстей аламын?» Осы сұраққа жауап iздемеген жанның Хақтың жолында, халықтың алдында арының тазалығын айғақтай алуы неғайбыл. «Бiрiңдi, қазақ, бiрiң дос, көрмесең iстiң – бәрi бос» тұжырым-түйiнi де осы тұрғыдан айтылған деп түйсiнемiн. Ел iргесiнiң бүтiндiгi мен тұғырының бекем-биiктiгi үшiн, осы сөз – сөз. Қазiрге шейiн Абайды оқып, өзiмдi өзiм шыңдауға, жiгерлендiруге тырысам» деп  көңiлге түйген көп ойын ортаға салды.



Қайырымдылық жасауды ұмытпайды

 

Жасан Зекейұлы бұған дейін 500-ге жуық ғылыми мақала жазып, бірнеше кітап шығарып үлгерді. Оның жазған мақалалары шетел баспасөзінде де жарияланып, ғылыми ортаның қызығушылығын тудырып келеді. «Жас-Ай» орталығында зерттеу лабораториясы жұмыс істейді.

Дәрігер қоғамдық жұмыстардан да тыс қалып көрген емес. Мемлекеттік маңызы бар мәселелерге дер уақытында үн қосып, қоғамдық шаралардың басында жүретін дәрігер үнемі әртүрлі шараларға қолдау көрсетіп келеді. «Жас-Ай» медициналық орталығы Ұлттық мәдени шаралардың өтуіне, спортшылар мен жағдайы төмен отбасыларға қаржылай қолдау жасап келеді. 13 жыл бойы тұрмысы төмен отбасыдан шыққан оқушыларға еліміздегі ең беделді жоғарғы оқу орындарына оқу грантын бөліп келеді. «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен өткен қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысып, жыл сайын «Мектепке барар жол» акциясы бойынша жүздеген қамқорсыз қалған балаларға көмек қолын созуда.

Ұлттық-қоғамдық «Алтын жүрек» сыйлығы халыққа істеген осындай қалтқысыз қызметі  үшін берілді. Жасан Зекейұлының жомарттығы мұнымен шектеліп қана қоймай, ел алдында жүрген азаматтар мен халық қалаулыларына, жергілікті бизнес өкілдеріне де қолдау танытып отырды. Елі үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға тегін ем түрін ұсынды. Өзі құрған «Ел шуақ» қоры арқылы сан-салалы игі істерге көмек қолын созып, меценаттық танытып келеді.

Дәрігер өзі бас болып, «Жас-Ай» журналын шығарып, медицина саласындағы түрлі сұрақтарға жауап іздеп, оқырмандарға ұсынып отыр. Журналдан сіз медицинаның өзекті де өткір мәселелерін оқып, қойған сұрағыңызға нақты жауап ала аласыз.

Нақтылы дерекке сүйенер болсақ, осыған дейін 800 миллион теңгеге тұрарлық 15 мың адамға тегін ем көрсеткен. Бұл – шынымен де айтуға, дәріптеуге тиісті игі іс. Жасан Зекейұлының мұнан бөлек, кез келген іс-шара кезінде жомарттық танытып, демеуші болып жүретінін ел жақсы біледі.

 Түйін:

Осы өткен 2016 жылғы желтоқсанында Брюссельден (Бельгия) қуанышты хабар келді. Халықаралық Еуропа медициналық қауымдастығы ОКСФОРД, ЕМА ұйымдарымен бірлесіп, «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медицина орталығына «Халықаралық үздік клиника» атағын берді, бұған құжаттары бар екі медалі,  № 022 «MEDICAL  PRACTICE» сертификаты қоса тіркелген. Осы сыйлықты алу үшін Еуропаға барған Ж. Зекейұлы көптеген білікті мамандармен танысып келді. Қазір Жасан Зекейұлының еңбектеріне Батыс жұрты қызығушылық танытып отыр. «Жас-Ай» медицина орталығына елімізден ғана емес, шетелден келіп емделушілердің саны артып келеді. Бұл тек Жасан Зекейұлының ғана жетістігі емес, елдің жетістігі деп білген жөн. Біз қазақ дәрігерінің бұдан да биік белестерді бағындырарына сенеміз.

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.


Рекомендовать
Последние новости