Жақиянов пен Ұранхаевты не байланыстырады?

Dalanews 13 июн. 2022 12:51 991

Маусымның 11-і күні Абай облысының әкімі қызметіне Нұрлан Телманұлы Ұранхаев тағайындалды.

Осы күнге дейін Нұр-Сұлтан қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы қызметін атқарған.

Нұрлан мырза 90-шы жылдары туған шаһары Семей қаласында кәсіпкерлікпен айналысты. Қазақстанның 3 дүркін чемпионы «Елім-ай» футбол клубының жеңісті сәттері қазіргі Абай облысының әкімімен тікелей байланысты.

Dalanews.kz іскерлігімен танылған Нұрлан Ұранхаев жайлы,  өңірде бірге еңбек еткен бұрынғы Семей облысының әкімі болған Ғалымжан Жақиянов пен сұхбаттасып, пікірін білді.

«Мен Семей облысының әкімі болған кезде, Нұрлан қалада алдыңғы қатардағы  кәсіпкер, белсенді азамат еді. Сол уақыттан білетінмін. Жасыратыны жоқ отбасымызбен де араласқанбыз. Ол спорттың әсіресе, футболдың жанкүйері болатын.

Бір күні келіп, қаламызда аяқ допты жандандырсақ деген тілегін білдірді. Бастамасын қолдап, жергілікті бизнесмендердің басын қосып, бір ауыздан Нұрланның футболды жандандыру идеясын құптадық.

Сонымен жергілікті бюджеттен бір тиында шығармай, демеушілердің жәрдемімен команда аяғынан нық тұра бастады.  


94-95-ші жылдары еліміздің екі дүркін чемпионы болды. Алғашқы рет осы Нұрлан, Қазақстанға Бразиялия елінен шет елдік ойыншылар алдыртып, «Елім-айда» жақсы ойын өрнегін көрсеткен еді.



 

Демек, футболдың отаны Семей жерінде аяқ доптың қайтадан жандануына Нұрлан Ұранхаевтың қосқан үлесі зор. Міне, сол кезде уақытпен санаспай, тыңбай еңбек еткенін жақсы білемін», – деді Ғалымжан Жақиянов.

– Нұрлан Телманұлының спортан бөлек, қоғамға қандай пайдасын тигізді?

– Өзіңіз жақсы білесіз, 1995 жылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Әсіресе, халықтық тойға Семей облысы үлкен күш түсті.

Міне, сол кезде Нұрлан да басқа кәсіпкерлермен бірге қол ұшын созып, азаматтығын білдіріп, қаржылай қолдау көрсеткен еді. Сонымен қатар облыста балалар мен жасөспірімдерге, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау мақсатында «Балауса» қайырымдылық қорын құрған болатынбыз.

Міне, осы қорға да өз деңгейінде қаржылық көмек көрсетіп тұрды.

Ел президентінің жарлығымен Нұрлан Ұранхаев Абай облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Тоқаевтың кадрлық таңдауына не дейсіз?

– Нұрлан Семейдің өз тумасы. Туған жерінде әкім болғаны орынды.

Екінші жағынан алып қарасақ, менің көзқарасым бойынша әкімді тағайындамай, халық таңдап, сайласа деймін. Халық алдында жауапкершілігі жоғары болушы еді.

Әліптің артын бағайық, Абай облысына әкім болу оңай емес. Басымнан өткен. Жақсы түсінемін. Әлеуметтік-экономикалық жағдай өте күрделі. Өндіріс орындары тоқтап тұр.


Абай облысының орталығы Семей қаласы да соңғы кездері дамымай қалды. Көптеген мәселелер шешу керек. Уақыт көрсетеді.

Отыз жасында орда бұзған Нұрлан Ұранхаевтың бойындағы қандай қасиетін бағалар едіңіз?

– Әкесі марқұм Телман ақсақал облысқа танымал атқамінерлердің бірі еді. Ал Нұрланды ел білетін, кәсіпкер, іскер, белсенді азамат ретінде білемін. Мінездемені жақсы жағынан ғана бере аламын.



Семей облысының соңғы әкімі ретінде, Абай облысының тұңғыш әкіміне қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– Бір тілек,

халықпен қазақ тілінде сөйлесіп, облысқа қарайтын шалғай жатқан ауыл, аудандарға жиі ат басын бұрып, сол елді мекеннің тұрғындарының хал-ахуалын біліп тұрса деймін.


Ал іскерлік қабілеті жағынан, Абай облысын дамытып, алып кетеді деп ойлаймын.

Соңғы рет Нұрлан Телманұлымен қашан сөйлестіңіз?

– 2000-шы жылдың басына дейін көрген кезде араласып, амандық сұрасып жүрдік. Бірақ қатты араласқан жоқпыз. Сәлеміміз түзу болды. Өздерің арқылы сәлем жолдап қояйын. Жұмысына табыс тілеймін.

Мен білетін  Нұрлан іскер, белсенді азамат болатын. Халқына жұмыс жасаса деп тілеймін. Ел аман болсын! Қуаныш, көп рахмет.

...

Жақиянов: «Семейім…»

Ол Семей облысының таратылып, Өскеменге қосылуын құптаған жоқ.

«Семей – Семей болып қалуы керек. Кешегі бабалардан қалған дәстүрді басшылыққа алсақ та, бүгінгі геосаясатты таразыға салсақ та, қазақ елінің бір ордасы – ұлы ғұламалардың Отаны – Семей» деді. Басқа қолынан не келуші еді? Ол кездегі әкімнің билігі шектеулі болатын, мәселе әкімде де емес еді…

Ол Семейді реформалағысы келді. Өлкені социализмнің жоспарлы жүйесінен жаңа нарық қатынастарына көшіру үшін түбегейлі реформаларды жүзеге асырған.

Аяқтай алған жоқ бастаған ісін. Сол кездері Үкімет ішінде «экономикалық реформалардың отаны – Семей» деген пікір болған.


Бастысы, Семей облысын таратқан сол кезгі Үкіметтің шешімі қаншалықты қисынды болды? Мұның экономикалық-әлеуметтік әрі саяси тұрғыдан қателік болғанын уақыттың өзі дәлелдеген сынды.

Сұхбаттасқан, Қуаныш Рахметоллаұлы




Рекомендовать
Последние новости