Жансейіт Түймебаев: "Түркістанды дамытуға үкіметтік емес ұйымдар да үлес қосады деп сенеміз"

Dalanews 08 нояб. 2018 08:34 935

Түркістан  қаласында «Азаматтық қоғам және мемлекет: диалог, әріптестік және жауапкершілік» тақырыбында үкіметтік емес ұйымдардың облыстық VIII Азаматтық форумы өтті.

Келелі басқосуға өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен өкілдері, қоғамдық бірлестік жетекшілері мен азаматтық белсенділер мен кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысты деп хабарлайды облыстың баспасөз қызметі. 

Форумда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы орны ерекше екенін айтып, қоғамдық ұйымдар елді өркендету бағытында жұмыс істеуі керек деген ойын жеткізді.

«Биыл өңірімізде тарихи оқиғаларға куә болудамыз.  Елбасы Жарлығына сәйкес, Түркістан облысы құрылып, оның орталығы болып Түркістан қаласы бекітілді. Бұл тағдырлы шешім қоғамның барлық саласына тың серпін береді деген ойдамын. Себебі, жаңа облыс жаңа мүмкіндіктерге, биік шыңдарға жетелейді.

Үкіметтік емес ұйымдар да осы сәтті пайдаланып, жаңа облысты өркендетуге атсалысулары тиіс. Бүгінде жаңадан құрылған Түркістан облысында 738 қоғамдық бірлестік тіркелген.


Аудан, қалалардағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру, қаржылай қолдау бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі форумда елімізді, қасиетті Түркістанымызды түлететін, қоғамға тың күш беретін ұлы бастамалар мен игі істердің негізі қаланады деп сенемін. Ал, үлкен істер осындай келелі басқосулардағы бастамалардан туындайтыны сөзсіз», — деген Ж.Түймебаев бірқатар үкіметтік емес ұйым өкілдеріне Алғыс хат тапсырды.  

Жиында «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің төрағасы Шәріпбек Жамалбек азаматтық қоғамды дамыту бағытындағы ойларын айтып, альянстың атқарған жұмыстарымен таныстырды.



Форумда ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Нарымбетов, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Асылбек Қожахметов, «Чернобыль одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Әшірбаев, белгілі саясаттанушы,  «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті Дос Көшім және өзге де азаматтар сөз сөйлеп, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Үкіметтік емес ұйымдардың беделі мен әлеуетін қалай көтереміз? Елді өркендетіп, Түркістанды гүлдендіру үшін қоғамдық бірлестіктер не ұсына алады?


Билік тарапынан азаматтық қоғамды дамыту үшін қандай қолдау қажет? Жиында осы сұрақтар төңірегінде келелі пікірлер мен ұсыныстар айтылды.

Азаматтық форум аясында әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Бұл жәрмеңкеде бірінші орынды Қазығұрт ауданынан келген «Жалында жастар» қоғамдық бірлестігі жеңіп алды. Жеңімпазға 540 мың теңге ақшалай сыйлық тапсырылды. Екінші, үшінші орын алған азаматтар мен өзге қатысушыларға да сыйлықтар берілді. Жиын соңында спикерлерге сұрақтар қойылып, республикалық VIII азаматтық форумға баратын делегаттардың тізімі бекітілді.



Рекомендовать
Последние новости