Жаңадан тағайындалған Ұлан ауданы әкімін маңызды міндеттер күтіп тұр

Dalanews 28 апр. 2023 13:36 1114

Бүгін аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Ұлан ауданының әкімі болып Думан Рахметқалиев тағайындалды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Думан Рахметқалиев-жас, әрі тәжірибелі маман, Шығыс Қазақстан облысы Таврия ауданы Ахмирово ауылының тумасы. "Экономика" мамандығы бойынша Прага халықаралық университетін, сондай-ақ Қазақстан-Америка Еркін университетін "құқық магистрі" біліктілігі бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2011 жылы Өскемен қаласының "Теплоэнергоснаб" ЖШС экономисі қызметінен бастады.

Астана қаласы "Қазатомөнеркәсіп-Демеу" ЖШС, ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Орман және аңшылық шаруашылығына жедел ден қою отряды КММ-де жұмыс істеді.

Қатардағы қызметкерден "Ертіс "ӘКК" АҚ Басқарма төрағасының орынбасарына дейін көтерілді. 2020 жылдың сәуір айынан бастап Шығыс Қазақстан облысының қаржы басқармасын басқарды.

Жаңа әкімнің алдында маңызды экономикалық міндеттер тұр. Ауданда тантал, ниобий және литий өндіретін, инвестиция көлемі 165 млрд теңге болатын байыту кешенінің құрылысы жүргізілетін болады.

Сондай-ақ, қорлар расталған жағдайда Ұлан ауданында сподумен концентраты (25 мың тонна) және литий карбонаты (жылына 4 мың тонна) өндіретін тау-кен байыту фабрикасын ашу жоспарлануда.

Агро және әлеуметтік секторда маңызды жобалар бар. Жаңа әкім Қасым Қайсенов кентінде 150 келушіге арналған емхана құрылысының жобасын іске асыруды бақылауды жүзеге асыруы және Таврия және Бозанбай ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтауы қажет. Аудан активінің отырысында Думан Рахметқалиев барлық күш-жігерін жұмсайтынына, сенімді ақтап, қойылған міндеттерді орындайтынына сендірді.

Рекомендовать
Последние новости