Жаңа Қазақстанда қоғамдық кеңестердің ықпалы артады - сарапшылар қауымдастығы

Dalanews 20 сент. 2022 14:21 868

Қазақстандық қоғамдық даму институты алаңында «Мемлекет басшысының Жолдауындағы қоғамдық бақылау мәселелері жөніндегі негізгі ережелерін талқылау» атты эксперттік кездесу өтті. Шараны ұйымдастырушы - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ.

Жиынға ҮЕҰ өкілдері, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері мен ҚҚДИ сарапшылары қатысты. Спикерлер Мемлекет Басшысының Жолдауын, оның ішінде қоғамдық кеңестер жұмысының тиімділігін арттыру және қайта форматтаудың маңыздылығы туралы мәлімдемесін талқылады.

Іс-шара барысында «Қазақстан Республикасындағы қоғамдық кеңестер – 2022» Ұлттық баяндамасы жобасының нәтижелері таныстырылды.

Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ аналитик-менеджері Елдос Жұмағұловтың модераторлығымен өтті.

«Бұл кездесу Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын, оның ішінде қоғамдық кеңестер қызметін қайта өзгертудің маңыздылығы туралы мәлімдемесін талқылау үшін ұйымдастырылды.

Қазіргі уақытта қоғамдық кеңестердің жұмысы туралы қоғамда сұрақтар көп, себебі олар Президенттің «естуші мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңызды құралына айналуда. Сондықтан да, қоғамдық бақылауды күшейту үшін, қоғамдық кеңестердің мәртебесін көтерген дұрыс»,- деді спикер.



Отырысты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Гүлбара Сұлтанова ашты.

Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының қоғамдық кеңестердің қызметіне ерекше назар аударатынын атап өтті.


«Биыл біз қоғамдық кеңестерді қалыптастыру процесіне азаматтардың белсенді қатысуының оң үрдісін байқадық. Ұлттық құрылтай құрылды. Бұл Президенттің қоғамдық кеңестердің рөліне ерекше мән беретінін білдіреді. Сонымен қатар, Жолдауда қоғамдық кеңестердің қызметін қайта форматтау міндеті қойылды».



ІІМ қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қазақстанның әйелдер күштері альянсының өкілі Баян Тойкебаева қазіргі уақытта қоғамның маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдауға белсенді қатысуы байқалатынын атап өтті.



Энергетика министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Болат Әуетаев Қоғамдық кеңес құрамынан мемлекеттік қызметшілерді алып тастап, тек қоғамдық қызметпен айналысқысы келетін сарапшыларға басымдық беру керектігін айтты.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Шыңғыс Лепсібаев қоғамдық кеңестердің жұмысын жетілдіру бойынша өз пікірін білдірді. «Қоғамдық тыңдаулар, жекелеген проблемалар бойынша басқа да көпшілік іс-шаралар өткізу, әлеуметтік желілерде жұмысты белсендірек жүргізу қажет», – деп мәлімдеді ол.


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Бәшімов те өз ұсыныстарын білдірді. «Қоғамдық кеңес – бұл аса маңызды институт. Қоғамдық кеңестің жұмысын бүкіл ел көруі үшін, оның әрбір мүшесінде өз жұмысын таныстыруға мүмкіндігі болуы тиіс, мысалы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында», – деді спикер.

Іс-шараға қатысушылар қоғамдық кеңестердің жұмысын жетілдіру бойынша басқа да ұсыныстарын айтты. Кездесуді қорытындылай келе, модератор Елдос Жұмағұлов іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға белсенді жұмысы, ұлттық баяндаманы дайындау кезінде ескерілетін ұсыныстары үшін алғысын білдірді.

https://dalanews.kz/del-qazir/81431-putin-ne-isterin-bilmey-alasuruda-r

Рекомендовать
Последние новости