Жаңа қалада жаңа мектеп салынды

Жарбол Кентұлы 12 нояб. 2024 10:11 958

Алматы облысы, Алатау қаласы, Еңбек ықшамауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектеп қолданысқа берілді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

З қабатты мектеп 600 орынға шақталған. Ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары, облыстың құрметті азаматтары, ардагер ұстаздар мен ауыл тұрғындары қатысты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өткен болатын. Мемлекет басшысы үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қабылдауды тапсырды.

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ерғалиұлы Әбдірахымның мәліметінше, облыстағы білім саласының басты проблемасы – үшауысымды оқыту мен орын тапшылығы екені белгілі.

«Сондықтан мәселені шешу мақсатында 2024 жылы облыста «Жайлы мектеп» жобасы аясында 26, жеке инвестор арқылы 4 және жергілікті бюджет есебінен  2 мектеп қолданысқа беру жоспарланған», — деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, мектеп құрылысын жүргізген мердігер Бауыржан Сержанұлы, құрылыс жұмыстарының басшысы Сайлау Ғалымжан Ниетбекұлы  және жоба жетекшісі Наркеш Ернар Жасұланұлы Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиевтің атынан Алғыс хатпен марапатталды.

«Сізге қажырлы еңбек жолыңызда белсенді қызмет пен қоғамдық жұмысты табысты ұштастырып ұлт мұраты жолындағы еңбегіңіз үшін алғыс білдіремін! Ұлт болашағы жас ұрпақтың білім алуы үшін жасаған абыройлы еңбегіңіз бен биік жетістіктеріңіз бүгінгі таңда оқушылардың игілігіне беріліп отыр. Үлгі болатын осындай өнегелі істеріңізді ұрпақтарыңыз жалғастыра берсін деген ізгі ниетімді білдіре отырып, сізге зор денсаулық отбасыңызға амандық қызметіңізге абырой тілеймін!», — делінген Алғыс хатта.

Нұрлан Ерғалиұлының айтуынша, мектепте сапалы білім алу үшін барлық жағдай қарастырылған. Мектепте соңғы үлгіде жабдықталған кабинеттер, ерекше білім алушыларға арналған инклюзивті  орталық, шеберхана, кітапхана, робототехника, STEM және модификациялы кабинеттер, спорт залы, асхана, мәжіліс залдары  балалар игілігіне қызмет етеді.

«Болашақ жастарымыздың жаһандану кезеңінде сапалы білім мен саналы рухани тәрбие беру  маңызды. Ендігі кезекте, облысымыздың дарынды балалар саны бүгінгі жаңа да жайлы мектепте білім алатын оқушылармен толығатынына сенімдімін», — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.


Рекомендовать
Последние новости