Жамбылдағы жарылысқа кінәлі деп танылған қос сарбаздың жаза мерзімі тағы ұзарды

Қаракөз Амантай 14 мар. 2024 10:35 2861

Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылысқа айыпты деп танылған сарбаздардың жаза мерзімі тағы ұзарды. Мұндай шешім сотталғандар  апелляциялық шағым түсіргеннен кейін қабылданды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еске салайық, қайғылы оқиға осыдан екі жарым жыл бұрын болған еді. Сот үкіміне сәйкес, қатардағы жауынгерлер Ерболат Тұранов пен Әсет Әшірбай матаны өртеп, оқ-дәрілер тұрған қоймаға терезеден әдейі лақтырып жіберген. Осылайша екеуі командирлерінен кек алғысы келген. Нәтижесінде бірнеше жарылыс орын алды. Қайғылы оқиғадан 18 өрт сөндіруші мен әскери қызметкер қаза тауып, 100-ге жуық адам жарақат алған болатын. 20 жастағы жігіттер бастапқыда кінәсін мойындағанымен, кейін сөздерінен бас тартты.

Шымкент әскери соты оларды тоғыз жылға бас бостандығынан айырды.

КТК арнасының мәліметінше, әскерилер сотқа апелляциялық шағым түсірген. Осыған байланысты басқарма жаңа шешім қабылдап, сотталғандардың бастапқы жазаларына төрт жыл қосылды. Бұрынғы бөлімше командирі мен оқ-дәрілерді сақтау бөлімі бастығының үкімі де өзгертілді. Олар бұған дейін жазадан жалтарған еді. Енді жаңа сот үкіміне сәйкес, екеуі қару-жарақ ұстау ережесін бұзғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды.


Рекомендовать
Последние новости