"Назарбаевтың жаны қиналып жүр". Танымал саясаткер экс-президентті кешіруді сұрады

Көркем Алдабергенова 13 мар. 2024 11:18 34589

Мемлекет қайраткері, ғалым Жақсыбек Құлекеев экс президент Нұрсұлтан Назарбаевты кешіруді сұрады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жақсыбек Құлекеев Назарбаевтың 30 жыл бойы атқарған еңбегі зор екенін айтады.

"Бәрі бірдей ол кісіден теріс айналып кетті деп айту қиын шығар. Жанында жүрген азаматтар бар. Назарбаевтың өзін де кезең-кезеңге бөліп қарау керек. Алғаш егемендік алған кезде 2005 жылға дейін елбасы өте үлкен қызмет жасады. Жалпы егемендіктің 30 жылдығында елбасының атқарған еңбегі зор. Қазақстанды дүниежүзіне танытты, шекарамызды бекітті, ол кісінің қабілеті өте зор азамат.

Ал соңғы 10 шақты жылда ол кісі өзінің беделін, билігін жеке басына, отбасына көбірек пайдаланып кетті. Содан халық шаршады", - дейді Құлекеев "Сұрауы бар" YouTube-арнасына берген сұхбатында.

Жақсыбек Құлекеев Нұрсұлтан Назарбаевты кешіруді сұрады.

"Елбасы да пенде, ол да әке. Ол да ата. Немере, шөбере сүйіп отыр. Отбасының айналасындағыларға қатысты қоғамда айтылып жатқан пікірлерге о кісі алаңдамайды екен, қынжылмайды екен деп айту өте қиын. Ол да ет пен сүйектен жаралған адам ғой. Меніңше, о кісіні дәл қазір табалаудың қажеті жоқ. Қолымыздан келетін болса, егемендік үшін, келешек ұрпақ үшін о кісінің жақсы атын сақтап қалған дұрыс.

Елбасы мен оның айналасында жүрген адамдардың озбырлығын немесе қылмыстық әрекетін бөліп қараған жөн деп ойлаймын. Президенттің ұстап отырған саясаты да сондай. Мемлекет үшін, болашақ ұрпақтар үшін, егемендіктің туын берік қылу үшін Назарбаевтың атқарған рөлі өте жоғары. О кісіні қазір қорлайтын болсақ, ол – егемендікті қорлағанмен бірдей нәрсе.

Сондықтан бұл тұрғыда мен халықтың елбасыға кешірімді болғанын қалар едім. Ал отбасының жақын мүшелері мен отбасыға жақын азаматтар, жақындығы болмаса да сол кісінің жанында жүріп көп пайдасын көрген азаматтар бар. Солардың ісін кешіру-кешірмеу жасаған іс-әрекеттеріне, қылмысына байланысты", - деді Құлекеев. 

Айта кетейік, Қаңтар оқиғасынан кейін әуежайға асыққан Дариға Назарбаева шешесін ұмытып кеткен деген ақпар тараған болатын. DALA INSIDE телеграм арнасы осы турасында ой өрбітіп, бірқатар қызықты тезистерді ортаға салған танымал саясаткер Жақсыбек Құлекеевтың кітабына қайта үңілген болатын.

Қаңтардың қарсаңында экс-президент Германияда ота жасатқан "сантехник" інісі Болаттың көңілі сұрау үшін Шамалғанға келген.

Жағдай ушыққан тұста Назарбаев пен кейбір әулет өкілдері брондалған көлікпен қырғыз шекарасын кесіп өткен. Қырғыз жеріне табаны тигесін, қауіп бұлты сейіліп, Назарбаев кланы сол арадан әуежайға жеткізілген, әрі қарай Дубай қайдасың деп Араб жеріне тартып отырған.

Құлекеевтің айтуынша Әлия әуелден-ақ Араб әмірлігінде болған. Бұған оның кейіннен өшіріп тастаған әлеуметтік желідегі аккаунты дәлел.

"Сервис Әлияның орналасқан жерін автоматты түрде Араб әмірлігі деп анықтады. Жария тұлғаның аккаунты көкпен белгіленсе, мұндай анықтама қойылады", – дейді ол.

Қаңтар кезінде Назарбаевтың басқан кешкендерін көзі қарақты қауым шет-шағалай біледі. Ал экс-президенттің тұла бойы тұңғышы Дариғаның Алматыдан шыға алмай, соры қайнағанын біреу білсе, біреу білмес.   


Рекомендовать
Последние новости