Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев сотталды

Көркем Алдабергенова 03 июл. 2025 14:57

Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев 12 жылға сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сотпен анықталғаны: Көкірекбаев пен А. лауазымды тұлғалар бола отырып, ТОО директоры П.-мен сөз байласып, орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою үшін одан аса ірі мөлшерде пара алған. Сондай-ақ, П. шын мәнінде орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстарының актілеріне қол қоюды ұйымдастырған.

Осы әрекеттердің салдарынан мемлекеттік мекемеге 1 987 827 622,63 теңге көлемінде залал келтірілген.

Алқабилердің үкімімен Көкірекбаев пен А. Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігі бойынша, ал П. – 195-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы және 367-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.

Сот үкімімен Көкірекбаев12 жылға, А. мен П.-ға 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталғандар өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

2024 жылдың 7 маусымында Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР ТЖМ "Қазселденқорғау" ММ бұрынғы басшысы Кәрім Көкірекбаевты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша ақтаған.

Оның орынбасары Ахатаев пара алғаны үшін, ал Bazis Construction Infr ЖШС филиалының директоры Поплавский аса ірі мөлшерде пара бергені үшін кінәлі деп танылды.

"Алматы облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2024 жылдың 7 маусымдағы алқабилердің қатысуымен Кәрім Көкірекбаевқа, Әділ Ахатаевқа, Андрей Поплавскийға шыққан үкімнің күші жойылсын. Қылмыстық іс басты сот талқылауын өткізу үшін іс қаралған сотқа жолдансын", - делінген іс материалдарында.

Орынбасары және пара беруші ЖШС директоры – екеуі де сот шешімімен 11 жылға сотталды.

Алматы облысының прокуратурасы бірінші сатыдағы соттың қателіктеріне байланысты Көкрекбаев үкіміне апелляциялық шағым түсірді.

2024 жылғы 25 шілдеде Алматы облыстық соты апелляцияны қанағаттандырып, істі қайтадан қарауға жіберді. Үкімнің күшін жойды. Кәрім Көкрекбаев сот залында қамауға алынды.

Айта кетейік, 2023 жылдың мамыр айында Антикор осы іс бойынша айыптылар кәсіпкерлерден 396 миллион теңге пара алғанын жариялады.Оның ұсталғаны туралы 2022 жылдың 27 желтоқсанында белгілі болды. 

Еске салайық, Кәрім Көкірекбаев әр жылдары Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының әкімі, Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау вице-министрі, "ЭйрҚазақТур" ЖШС-нің бас директоры, "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясының вице-президенті, басқарушы директоры, даму жөніндегі вице-президенті, бас инженері болып қызмет еткен. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, Жамбыл облысы әкімнің бірінші орынбасары лауазымында болды.


Рекомендовать
Последние новости