“Жағдай тұрақты”. ҚР ІІМ және Бас прокуратура референдум учаскелеріндегі құқықтық тәртіпке баға берді

Қаракөз Амантай 06 окт. 2024 13:49 1049

ҚР Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басқармасының бастығы Бекжан Қараманов дауыс беру кезінде заң бұзушылықтар болмағанын мәлімдеді, деп жазады Dalanews.kz. 

“Бүгін прокуратура органдарына республикалық референдумға қатысты өтініштер түскен жоқ. Сондай-ақ қазіргі уақытта сот органдарына да талап арыздар енгізілмеген”, - деді спикер.

ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, референдум учаскелеріндегі оқиғаларға уақытылы ден қою үшін әрбір ауданда мобильді жедел-тергеу топтары құрылды.

“Полицияның жедел басқару орталықтарының бейнебақылау камераларының көмегімен референдум учаскелеріне іргелес аумақтарды бақылау күшейтілді. Жалпы, қазіргі уақытта референдум учаскелеріндегі жағдай тұрақты. Қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ”, - деді ІІМ ресми өкілі.

Еске салайық, дауыс беру тізіміне 12,3 миллионға жуық қазақстандық енгізілген.

Референдумға 30 шет мемлекет пен төрт халықаралық ұйымның (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес) атынан 177 байқаушы қатысады.

Дауыс беру барысын 14 мемлекеттің орталық сайлау органдарының өкілдері, соның ішінде Әзірбайжан, Беларусь, Тәжікстан және Өзбекстан орталық сайлау органдарының төрағалары да бақылап отыр.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 37 елден 200 шетелдік журналистерді аккредиттеді, олар да республикалық референдумды бақылап, ақпарат таратады.

Елімізде барлығы 10 323 сайлау учаскесі жұмыс істейді, сонымен қатар, 59 елде шетелдік мекемелерде ашылған 74 сайлау учаскесі бар. Референдум нәтижелері дауыс беру күнінен бастап жеті күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.


Рекомендовать
Последние новости