Ыстамбұлдың экс-мэрі сыбайлас жемқорлық үшін 2 352 жылға дейін сотталуы мүмкін

Қаракөз Амантай 12 нояб. 2025 10:11

Ыстамбұл қаласының Бас прокуратурасы 402 күдіктіні қамтитын сыбайлас жемқорлық ісі бойынша шамамен 3 900 беттен тұратын айыптау қорытындысын әзірледі. Құжатқа сәйкес, Ыстамбұлдың экс-мэрі Экрем Имамоғлуға 828 жылдан 2 352 жылға дейінгі түрме жазасы сұралуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz CNN TÜRK арнасына сілтеме жасап.

Бас прокурор Ақын Гюрлектің мәліметінше, іс бойынша 143 қылмыстық эпизод қарастырылған. Олардың ішінде 12 пара алу, 7 заңсыз ақша айналымы және 7 алаяқтық эпизод бар. Қазір 105 күдікті қамауда отыр.

Айыптау қорытындысында Имамоғлу басқаратын топтың әрекеті мемлекетке 24 миллион АҚШ доллары және 160 миллиард түрік лирасы (шамамен 3,8 миллиард доллар) көлемінде зиян келтіргені көрсетілген.

Наурыз айында Ыстамбұл университеті Имамоғлу мен тағы 27 адамның дипломдарын жарамсыз деп таныды. Бұл шешім оның Түркия президенттігіне қатысуына кедергі болады. Айыптау органдары дипломды жалған беру ісі бойынша оған шамамен 9 жыл түрме жазасы және саяси қызметпен айналысуға тыйым салуды сұрап отыр.

Имамоғлу 2019 жылдан бері Ыстамбұл мэрі қызметін атқарып келеді. 2024 жылы қайта сайланып, биліктегі партия үміткеріне қарағанда шамамен 12% артық дауыс жинаған. Наурыз айынан бері ол Силиври қаласындағы түрмеде сыбайлас жемқорлық ісі бойынша қамауда отыр. Терроризм дерегі бойынша ашылған екінші іс бойынша сот прокуратураның қамауға алу өтінішін қабылдамаған.

Шілде айында сот Имамоғлуды бас прокурор Ақын Гюрлекке және оның отбасына қоқан-лоқы көрсеткені үшін 1 жыл 8 айға соттады. Сонымен қатар 2022 жылдың желтоқсанында ол Сайлау комиссиясы өкілдерін қорлағаны үшін 2 жыл 7,5 айға сотталған және саяси қызметпен айналысу құқығынан айырылған. Айыпталушының қорғаушысы бұл шешімге апелляция берді. Саяси қызметке тыйымның күшіне енуі үшін Жоғарғы соттың ЦИК өтінішін мақұлдауы қажет. Партия апелляциялық сот шешімін күтіп отыр.


Рекомендовать
Последние новости