І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде жасанды интеллектті енгізу тәжірибесі

Жарбол Кентұлы 17 июн. 2025 16:17

Біз технологиялық өзгерістер дәуірінің табалдырығында тұрмыз. Жасанды интеллект (ЖИ) білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналуда. ЖИ оқытушыны алмастырмайды, тек оның рөлін күшейтеді. Ол оқытушыны білім тасымалдаушысы ғана емес, білім беру процесіндегі модератор, тәлімгер, стратег ретінде көрсетеді. Осы орайда, ЖИ тек технологияны қолдану ғана емес, ең алдымен жаңа мәдениетті меңгеру – инновацияға ашықтық, үздіксіз үйренуге дайын болуды талап ететін жаңа мәдениет екенін түсіну маңызды. Біздің басты мақсатымыз — жасанды интеллектті қолдану ғана емес, ЖИ білім беру үдерісінің әрбір қатысушысымен одақтасқан экожүйе құру.

Бұл бағытта университет маңызды қадамдар жасауда.

Атап айтсақ, университет базасында жасанды интеллект және Виртуалды шындық зертханасы, Физика-математика факультетінде ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект кафедрасы құрылды.

Университеттің негізгі процестерін цифрландыруға, автоматтандыруға және оңтайландыруға бағытталған LMS жүйесі – «Smart Жетісу» цифрлық платформасы жұмыс істейді. «Huawei» компаниясымен жасасқан ынтымақтастық аясында университет базасында заманауи техникалармен жабдықталған Huawei академиясы ашылды.

2024-2025 оқу жылында жүзеге асырылатын барлық бакалавриат бағдарламаларына «Жасанды интеллект негіздері» пәні, магистратура мен докторантураға арналған білім беру бағдарламаларына «Жасанды интеллектпен оқытудың заманауи тәсілдері», «Басқарудағы сандық технологиялар», «Бизнес зерттеулеріндегі жасанды интеллект және деректерді талдау», «Жасанды интеллект және зияткерлік меншік», «Жасанды интеллекттің экономикалық үдерістерге әсері» сияқты пәндер мен модульдер енгізілді.

Университетішілік «Jas Galym – 2025» байқауында жас ғалымдар «Кіріктірілген жасанды интеллект (ЖИ) бар дауыстық көмекші әзірлеу» тақырыбындағы жобасымен жеңіске жетіп, 2 000 000 теңге көлеміндегі қаржыландыруға ие болды. Стартап жобалар байқауында  студенттер «жасанды интеллект көмегімен мультипликациялық фильмдер жасау» атты әзірлеме ұсынды. Университет оқытушысы Райгүл Желдібаева  «Жас Ғалым» байқауында «Тілдік емес мамандық білім алушыларының академиялық ағылшын тілін меңгерудегі көмекшісі ретінде жасанды интеллект: рандомизацияланған сынақ»тақырыбындағы жобасымен жеңімпаз атанды.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің AI-Sana флагмандық жобасының бастамасын жүзеге асыру барысында «І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» КЕАҚ ресми түрде зәкірлік университет болып танылды. Жоба жасанды интеллектті (ЖИ) дамытуға және елдегі цифрлық экономиканы қалыптастыруға бағытталған.

AI-Sana  жобасына қатысу  - университеттің ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, Жетісу өңірінің тұрғындарына алдыңғы қатарлы цифрлық дағдыларды игеруге мүмкіндік ашады. Бұл жергілікті кадрлардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өңірдің дамуына ықпал етеді.

AI-Sana бағдарламасы аясында мыңдаған студент пен жас кәсіпкер ЖИ-дің қыр-сырын меңгеріп, оны өз кәсібінде қолдануға мүмкіндік алады. Болашақта ЖИ-мен жұмыс істеу – бағдарламашылардың ғана ісі емес, ол экономистер, заңгерлер, агрономдар, дәрігерлер, басқа да мамандар үшін де пайдалы құралға айналмақ. Әлемнің жетекші сарапшыларының қатысуымен әзірленген бағдарламаны озық білім беру бастамасы деп айта аламыз.  Жетісу университеті осы жобаға қосылу арқылы жасанды интеллектіні терең меңгерген сапалы маман даярлауға күш саламыз.

Жоба үш кезең бойынша  жүзеге асырылуда. Бірінші дайындық кезеңінде 5400 университет студенті Huawei платформасын пайдаланып жасанды интеллект саласындағы негізгі дағдылар бойынша оқуды сәтті аяқтады.

Екінші кезеңде біз білім алушыларға кәсіпкерлік дағдыларды, бағдарламалау және машиналық оқыту негіздерін үйретуді жоспарланып отыр.

Жасанды интеллект және виртуалды шындық зертханасының негізінде білім алушылар ЖИ технологияларын қолдана отырып, бес бағдарламалық қосымшаны әзірлейді: Олар әртүрлі тапсырмаларды орындай алатын дауыстық көмекші , білім алушыларға эдвайзерлік және кураторлық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін ЖИ агенті, талапкерлер мен білім алушыларға арналған чат-бот, анимациялық және бейне контент, бейне ойын әзірлеушісі. Соңғы кезең ЖИ саласындағы стартаптарды дамытуға және іске қосуға бағытталған студенттік командаларды құру.  Бұл технологиялық кәсіпкерлікті, инновацияларды дамыту және жасанды интеллект арқылы аймақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болмақ.

 


Рекомендовать
Последние новости