Гузаль Галиакбарова: "Заңды білу бәрімізге ортақ"

Dalanews 25 апр. 2018 16:23 826

Заңгер - бүгінгі қоғамда үлкен сұранысқа ие мамандық. Өйткені, қоғамдық қатынастарды реттейтін заң. Бірақ, бәріміз бірдей сол заңдарды, құқықтарды өз бетімен қолданып, меңгере бермейміз.

Бұл жағдайда барлығымыз білікті заңгер мамандарына жүгінеміз. Сондықтан, әрбір ұйымда міндетті түрде құқықтық қамтамасыз ету бойынша құрылым немесе арнайы заңгер маманы болады. Олар сол ұйымның заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді.

Заң саласының маманы, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің Құқықтық қамтамасыз ету басқармасы бас сарапшысы, заң Phd-докторы Гузаль Галиакбаровамен осы саланың ерекшелігі жөнінде әңгімелестік.

Гузаль Ғазинұрқызы, сұхбат беруге келіскеңіңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Алғашқы сізге қоятын сұрағымыз өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз? Қандай өңірде дүниеге келдіңіз?

Мен Ақтөбе облысы Ойыл ауданында дүниеге келдім. Тарихқа көз жүгіртсек, бұл өңірдегі Ойыл өзенінің маңы арқылы Ұлы Жібек жолы кесіп өтетін. Әлі күнге дейін Ұлы Жібек Жолы бойындағы сауда-саттық нысандарының ескерткіштері сақталған. Сондықтан Ойыл өңірі тарихи жерлердің қатарына жатады.

Туған жерімнің табиғаты– көз тамсандырады. Ақтөбе өңірінің табиғаты ерекше сұлу мен үшін. Мұнда Қазақстанға әйгілі көптеген көрікті жерлер бар. Балалық шағымның ең қызықты әрі әсерлі сәттері осы жерде өтті. Мен туған жерге деген сағынышымды сөзбен жеткізе алмаймын. Жүрегімдегі ыстық махаббатымды осы сұхбатқа сыйғыза алмас едім.

Балалық кезіңізде қандай армандарыңыз болды? Көп армандадыңыз ба? Және сол армандарыңызға жету үшін алдыңызға мақсат қоя білдіңіз бе?

Ата-анам Ақтөбе қаласында тұрады. Мектепті, алғашқы жоғары білімді   Ақтөбеде тамамдадым.Мақтанғаным емес аттестатымда «төрт» деген баға болған жоқ.
Сынып жетекшіміз «армандарың туралы» шығарма жазып келіңдер деген кезде, мен арманшыл бала қиялмен әділдік жолында күресетін «сот» болсам деп армандадым.

Тіпті сынып жетекшімнің айтуынша жыл сайын жазылған шығармаларда басқа оқушылардың арманы жиі өзгеретін болса, менің арманым мүлде өзгермеген екен.Әр жыл сайынғы шығармамда бойжеткен соң «сот» боламын деп жаздым.

Иә, арман адамды алға жетелейді. Қазақта «армансыз адам– қанатсыз құспен тең»- деген мақал бар. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне«Заңгер» мамандығына оқуға түскенім де сол арманның жетелеуі болар.Университетте мен түрлі дебаттарға, пікір-сайыстарға, ғылыми конференцияларға қатысатынмын. Шынымды айтсам, ғылымға деген құштарлығым студенттік кезімнен бастап, байқала бастады. Сондықтан болар, ғылыми мақалалар жазуға қызығушылық таныта бастадым.Осы ғылым жолын жалғастыру мақсатында Астанаға келіп,Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне «Заңтану» мамандығы бойынша магистратуруға түстім, сосын өзімнің қалауыммен оқуды докторантурада жалғастыруды шештім. Оқып жүрген кезімде шетел университеттері мен халықаралық ұйымдарда конференцияларға қатысып, ғылыми-зерттеу тәжірибелерінен өттім. Олардың ішінде, Гази университеті (Түркия), UBIS университеті (Швейцария), Тарту универсиеті (Эстония), Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы кеңсесі(Швейцария), Халықаралық еңбек және Дүниежүзілік сауда ұйымдары (Швейцария), және т.б.

Өткен жылы «Phd докторы» ғылыми дәрежесін иелендім.

Мамандығыңыз «заңгер». Осы саланың қоғам өміріндегі рөлі қандай деп ойлайсыз? (өз пікіріңіз) Жалпы қазіргі замандағы заңгерлер қандай принципте жұмыс істеулері керек? 

Заң –қоғамдағы өте өзекті сала. Негізі заңтану өте ерекше орны бар мамандық деп ойлаймын. Көпшілікелімізде заңгерлер көп деп айтып жатады, бірақ, менің ойымша,сапалы заңгерлер аз. Әрбір болашақ заңгер университте оқып жүрген кезінен-ақ  сапалы жұмыс істеймін деп алдына мақсат қою керек. Жан-жақты болу керек.
Өйткені заңгер мамандығы тек қана заңды оқумен шектелмейді, заң қоғамдық қатынастардың барлық салаларында бар. Сондықтан ең бастысы  тәжірибеге араласу керек.

Жалпы заңды білу заңгерлерге қатысты емес, бәрімізге қатысты. Заңды кез-келген мамандық иелері білулері тиіс.  Әрбір адам өз құқығын қорғау үшін заңнамалық тұрғыда сауатты болуы керек. Біз құқықтық мемлекетте тұрғандықтан заң саласының қоғамдағы орны, деңгейі жоғары деп ойлаймын. Сондықтан осы саланың қыр-сырын танып келе жатқан болашақ заңгерлерге үнемі жан-жақтылық танытып, ізденісте болуға кеңес беремін.

 Белгілі заңгерлерден кімді үлгі тұтасыз? Осы саладағы ұстаздарыңыз жайлы айтып берсеңіз.   

         Үлгі тұтатын ұстаздарым көп. Олардың қатарында Еуразия ұлттық университетінде маған сабақ берген, заң ғылымдарының кандидаты Светлана Бақытқызы Жаркенова, магистратура мен докторантурада оқыған кезде ғылыми жетекшім болған, Қазақстан мен Орта Азиядағы алғашқы әйел – заң ғылымдарының докторы, профессор Еңлік Нұрғалиқызы Нұрғалиева, факультетімізде жұмыс жасап бастағанымда жұмысберуші ғана емес, сонымен қатар, жақсы тәлімгер бола білген Шолпан Валерийқызы Тлепина сияқты үлкен өмірге жол сілтеген ұстаздарым бар. Оларды мен үлгі тұтамын. Әлі күнге дейін олардың оқыған дәрістері, өзекті кеңестері менің есімде.

        Гузаль, мемлекеттік қызметке келуіңізге не себеп болды? Біреулер айтып жатады, мемлекеттік қызметте не істейміз, күні-түні жұмыстан көз ашпайсың, есеп, құжат бастан асады-деп, бірақ сіз үшін мемлекеттік қызметтің маңыздылығы қандай?

Бірнеше жыл университетте Заң факультетінде сабақ беріп, 2017 жылдың басында Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитетіне қызметке орналастым. Қазіргі уақытта Құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысымын.

Бұрындары университетте еңбек етіп жүргенімде нақты мемлекеттің дамуына өз үлесімді қосқым келедідеп ойланатынмын. Араға уақыт салып, бұл ойымда жүзеге асты.
Мемлекеттік қызметті таңдауымның себебі, менің ойымша, еліміздің кез-келген азаматы туған елдің дамуына өзінің айтарлықтай үлесін қосуы тиіс. Алдағы уақытта мемлекеттің гүлденуіне өз үлесімді қосқым келеді.

Әрине, білім беру саласыда мемлекеттік қызмет саласы да ел үшін маңызды бағыт болып табылады. Жоғары оқу орнында ғылымның дамуына үлес қосатын болсақ, мемлекеттік қызметте –мемлекеттік маңызды іс-шараларға тікелей атсалысамыз. Мемлекеттік қызмет пен жауапкершілік егіз ұғым. Адамды жақсы істерге жетелейтін жауапкершілік деп білемін. Әрбір іске жауапты қарағанда ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткіземіз. Міне мемлекеттік қызметке осы жауапкершілікті сезіне отырып келдім.

 Қазір Министрліктің Дін істері комитетінде құқықтық бағытта жұмыс істейсіз? Мемлекеттік органдағы жұмысыңыз жайлы айтып кетсеңіз. Қазіргі уақытта қандай жобалармен айналысып жатырсыз? 

Біз комитеттің қызметіне қатысты нормативтік құқықтық актілерді және т.б құқықтық құжаттарды әзірлейміз. Басқарманың құзыретіне қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарастырамыз, сот процестерінде мекемеміздің мүдделерін қорғаймыз. Сондай-ақ қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірлеу жұмыстарына да қатысып жатырмыз.

 Гузаль, сізге қоятын келесі сұрағым, жұмысқа қатысты емес, жалпы бос уақытыңызда не істейсіз? Хоббиіңіз бар ма?

Қазір бос уақытымда ағылшын тілін білу деңгейімді жетілдірудемін. Классикалық әдебиеттерді оқығанды ұнатамын. Сондай-ақ бос уақытымда ғылыми мақалалар жазамын. Шынымды айтсам, бос уақытым бола бермейді(күлді). Бір сөзбен айтқанда, менің басты хоббиім біліктілігімді шыңдау.

 Алда қандай жоспарларыңыз бар?

Негізі қазақтың әрбір сөзінің астында үлкен мән-мағына жатыр. «Еңбек адамның көркі, Адам заманның көркі»-дейді халқымыз.
Сондықтан бастысы аянбай еңбек етіп, әрдайым алға қарай ұмтылыста болу керекпіз. Сонда ғана прогресс болады.

Өзге елдердің тілін меңгеріп, жан-жақты болуымыз керек. Алдағы уақытта өз саламның белгілі бір маманы болғым келеді. Әрине болашақта жоспарларым, армандарым көп.Сондықтан бәрі уақыттың еншісінде деп ойлаймын.  Арманға жеткізетін еңбек. Оған жету үшін аянбай еңбек етеміз. Ең бастысы олардың көбі орындалып келеді. 

 – Гузаль, Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан, Қуандық Танабас



 


 

Рекомендовать
Последние новости