Мақтаралда 22 мың 844 гектарға мақта дәні себілді

Dalanews 25 апр. 2018 15:49 1055

Мақтарал ауданында көктемгі егіс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Соңғы күндері ауа-райының құбылып, жауын-шашынның жиілеп кетуінің салдарынан мырзашөлдік диқандар биыл мақта дәнін себу жұмыстарын  былтырғыдан 10-15 күнге кеш бастауға мәжбүр болды.  Соған қарамастан бүгінгі таңда мақтаралдық шаруалар 22 мың 844 гектарға мақта дәнін егіп үлгерді.  Сондай-ақ, ауданда 56 мың гектар жер чизлденсе, 93 мың гектардан астам алқап  тырмаланып, тұқымдық шиттің себілуіне дайындалуда.



Биыл Мақтарал ауданындағы көктемгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан 5 мың тоннадан астам жанар жағармай бөлінсе, бүгінде оның 3900 тоннасы шаруаларға үлестіріліп берілген.

Биыл өңірде тұқымдық шит тапшылығы сезілген жоқ. Аудан әкімі Ж. Бейсенбаевтың тапсырмасымен  арнайы жұмыс тобы құрылып, көктемгі дала жұмыстарына қажетті 3 мың тонна шит дайындалған болатын. Бұдан бөлек, ауданға Қытай мен Түркия елдерінен де тұқымдық шит тасымалдануда. Қазіргі таңда шаруалар тұқымдық шиттің келісін сортына қарай 250-300 теңге аралығында сатып алып жатыр.



Айта кетейік, былтыр Мақтарал ауданының қырманына 219 мың тоннадан астам "ақ алтын" жиналған болатын. Мақта дақылының орташа өнімділігі әр гектардан 23,1 центнерді құрады.  Жиналған өнімнің 118 мың тоннасы комбайнмен, қалғаны қол күшімен терілді.  Науқанға 641 терімшілер бригадасы, 25 мыңға тарта терімші, 290 комбайн жұмылдырылған еді.

Былтыр өңірде мақта бағасы 165 теңгеден басталып, 178 теңгеге дейін көтерілді. Жер емген шаруалар бағаның биыл да жоғары болатынына сенім артып отыр. Өнім көлемін арттыру үшін ауданда арнайы семинар - кеңес ұйымдастырылып, диқандарға сапалы тұқым, арнайы күтім жолдары мен зиянкестерге қарсы күрес  шараларының тиімділігі түсіндірілді.

Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости