Гүлшара Әбдіқалықова: «Басшылық қызметтегі әйелдердің саны артып келеді»

Dalanews 25 мая 2018 11:17 1254

Еліміздің қаржы саласында басшылық қызметте отырған әйелдердің үлес саны  30 пайыздан асқан.

Бұл туралы "Артықшылық орнына құқық. Әйелдер көшбасшылығы қазіргі әлемге қалай әсер етуі мүмкін?" атты дөңгелек үстел отырысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мәлімдеді.

Айта кетсек, аталғаш іс-шараны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен "EXPO & Women" халықаралық ұйымы Қазақстандағы "БҰҰ-Әйелдер" құрылымымен бірлесіп ұйымдастырды.

Сондай-ақ, жиынға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, шетелдік және ұлттық сарапшылар қатысты.

Отырыстың шымылдығын түрген ашқан Гүлшара Әбдіқалықова өз сөзінде әлемнің көптеген дамыған мемлекеттері әйел капиталын дамыту арқылы инклюзивті экономиканы қалыптастыру қажеттігін түсінгенін тілге тиек етті.

"Еліміздің мемлекеттік саясатының негізгі басымдығының бірі – әйелдер құқығын қамтамасыз ету және ілгерілету, сондай-ақ олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері болып саналады", – деді Мемлекеттік хатшы.

Гүлшара Әбдіқалықова сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаевтың "Шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдер өкілдігінің кеңеюіне қол жеткізу қажет" деген сөзін атап өтті.

Оның атап өткеніндей қазіргі таңда Қазақстанның қаржы саласында басшылық қызметтегі әйелдердің саны  30 пайыздан асқан.

Нақтылап айтсақ, нәзік жанды қауым 500-ден астам шағын және орта бизнес компанияларын басқаруда, яғни олардың 43 пайызын құрап отыр. Осы секторда құрылған барлық жұмыс орнының үштен бірі әйелдерге тиесілі.

Бұл орайда Мемлекеттік хатшы әйелдер қауымының қоғамдағы әлеуеті мен рөлін арттыру бүкіл әлемнің ілгерілеуімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін қандай жұмыстар атқару қажет?

«Оған қол жеткізу үшін БҰҰ ұсынған төрт К бағытына негізделген жаңа машықтарды меңгеру қажет», – дейді Гүлшара Әбдіқалықова.

Олар: сыни ойлау, коллаборативтілік, креативтілік және коммуникативтілік. Әлем сарапшыларының болжамы бойынша, 2020 жылға қарай бүгінгі еңбек қызметін айқындайтын білім мен дағдылардың үштен бірінен астамы өзгеретін болады.

Жиын қорытындысы бойынша гендерлік мейнстримингті ілгерілету үшін саясаттағы, экономикадағы және қоғамдағы әйелдер көшбасшылығын дамытуға бағытталған ұсынымдар әзірленді.

Рекомендовать
Последние новости