Әйелдер құқығын қорғау – қоғам назарында

Dalanews 25 мая 2018 11:11 3115

«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді әлдилейді» деп тегін айтпаса керек. Елімізде осыдан бір ай бұрын басталған «Әйелді аяла» ұлттық акциясының жұмысы қызу жүріп жатыр.



Бұдан біраз бұрын Әйелдердің шығар­ма­шылық бастамасы лигасы мен  Президент жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссиясы заманауи Қазақстандағы әйел рөліне арналған ақпараттық кампаниясы басталғанын мәлімдеген болатын.

Қазіргі таңда осынау ақпараттық кампанияға еліміз­дің беделді журналистері, бло­герлері, қоғамдық ойдың көш­бас­шы­лары, әйел құқығын қор­ғау­шылары, сонымен бір «Қала мен Дала» газеті қолдау біл­діруде.

«Әйелді аяла» ақпараттық кампаниясы мемлекеттік тілдегі әрі өнер жұлдыздары мен елі­міз­дің қоғам және мәдениет қай­раткерлерін әйелдердің құқық­та­рын қорғау мәселесі аясында біріктіретін Қазақстандағы ал­ғашқы ақпараттық науқанның бірі.

– Әйелдер мен қыздардың құқықтары адам құқықтарының ажырамас, құрамдас бөлігі болса да көп жағдайда келеңсіз оқиғалар мен төменсіту орын алып жатады. Нәзік жандыларға қатысты зорлық-зомбылық туралы ресми деректер, теңдік пен құқық мәселесі дәстүр мен əйелдің қоғамдағы таптау­рын рөлінің кө­лең­кесінде қа­лып қояды», –  дейді бұл ретте жоба үйлестірушісі Айжан Ошақбаева.

Әйелдер шығармашылық бас­тамасы лигасының президенті Асия Хайруллинаның айтуынша, әйелдердің құқықтарын іске асыруға байланысты заманауи қауіп-қатерлер мен мәсе­лелер бей­ресми, ашық пікір­талас алаң­дарында, форумдарда, мем­ле­кет­­пен диалог барысында тал­қы­ла­нып, мүмкіндігінше қо­ғам­ның түр­лі саласының на­за­рын аударуы тиіс.

«Біздің ақ­па­раттық кампа­ния әйелдердің құ­қық­тарын қорғау саласындағы ашық және көп қырлы диалогтың бас­тауы болады деген үміттемін», – дейді ол.
Бір жылға жалғасатын ақпараттық кампания шеңберінде әйелдер мен қыздар үшін тең мүмкіндіктер, зорлық-зомбылықтың алдын алу, әлеуметтік және саяси белсенді әйелдердің жетістіктерін насихаттау жайлы бейнематериалдар дайындалатын болады.

Сондай-ақ, әртүрлі сараптамалық кездесулер мен пікірталастар, тақырыптық фильмдер көрсетілімі, заманауи өнер көрмелері өткізіледі деп жоспарлануда.

Әлеуметтік жобаға танымал тележүргізушілер Дана Нұржігіт пен Ләйлә Сұлтанқызы, әнші Бахыт Шадаева мен Жеңіс Ысқақова, танымал актриса Әсел Сағатова қолдау танытуда.

 

Әйел құқығын қорғау: сөз бен іс

Күні кеше «Әйелді аяла» акциясының алғашқы отырысы өтті. Акция аясында «Қазақстандағы әйелдер құқығы: мүмкіндіктер мен кедергілер» атты конференция ұйымдастырылды.
Президент жанындағы әйел істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының қатысуымен өткен ауқымды жиында еліміздегі гендерлік саясат бойынша әйелдер қауымының қоғамдағы, саясат пен экономикадағы шешім қабылдау деңгейі сөз болып, жанұяда зорлық-зомбылық көрген нәзік жандылардың, жалғыз басты және көп балалы аналардың құқығын қорғау секілді өзекті мәселелердің себептері мен оларды шешу жолдары қарастырылды.

Асия Хайруллина атап өткеніндей, әйел құқықтарын және бұған қатысты туындаған түйткілдерді жасырмай айтатын кез келді.

 

«Гендерлік теңдік түсінігін аша түсетін мұндай шараларды көптеп ұйымдастырған маңызды. Бұған «Әйелді аяла» ақпараттық науқаны мен «Киімді кінәлама» және «Ұят» атты көрмелерді жатқызуға болады», – дейді ол.

 

Бұл ретте біз аталған акцияға қатысқан танымал тұлғалардың еліміздегі гендерлік ахуалға қатысты пікірін сұраған едік.

 

Камал ӘлпейісоваҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның сарапшылар кеңесінің хатшысы:

– Меніңше, үй шаруасындағы барлық жауапкершілікті әйелге артудан аулақ болған жөн. Әкелер де бала тәрбиесін мықтап қолға алуы керек қазіргі заманда. Жоқ, рас. Бұл – қазіргі қоғамның өте өзекті мәселелерінің бірі.

Кезінде қандай еді? Қазір қандай? Ертеректе ер баланы келешекте отағасы атанып қорғаушы, сүйеуші болатынын кішкентай кезінен миына сіңіретін. Мен маңайымдағы жастармен сөйлесіп, қалыңдықтарына қандай талап қоятынын тыңдаймын.

Ал ол талапқа сай келмесе ажырасып кете саламын дейтін бозбалалар өте көп. «Теңіздің дәмін бір тамшы судан білуге болады».

Осының өзі біздің ер балаларда отбасын құруға деген жауапкершіліктің аз екенін көрсетеді. Қызды, әйелді, жас келінді тәрбиелеу бойынша жұмыс жасайтын ұйымдар бар, қаншама конкурстар ұйымдастырылады. Бірақ ұлды тәрбиелеу дегенді естімеппін.

Қызды тәрбиелі қылып, тәрбиесіз жігітке берудің соңы жақсылыққа әкеліп жатқан жоқ.  Бұл ер мен әйелге жік салу емес. Мәселенің себебін талдау керек. Мектепке ұл тәрбиесі туралы бағдарлама кіргізу керек.

 

Дана Нұржігіт, тележүргізуші:

– Жасырары жоқ, көп жағдайда әйелдердің құқығын қорғай алмай жатамыз. Зорлық-зомбылыққа жол беріліп кетеді. Мінекей, біз осыған жекелей ғана емес, тұтас қоғам болып жұмылып тосқауыл қоюымыз қажет.

Домалақ аналар, Ұлжан, Зерелер арамызда қазір де бар. Жоқ емес. Елдің сөзін сөйлейтін, керек десеңіз қиын-қыстау жағдайда атқа қонуға әзір әйелдер қазақ даласында болған.

Өкінішке қарай, мемлекеттік құрылымдардағы әйелдердің үлес саны әлі де аз. Мен білсем 10-ақ пайыз. Неге осы көрсеткішті көбейтпеске?

Егер әйелдер араласқан болса біздегі перзентханалардағы жағдай өзгерер еді, балалар құқығы тапталмас еді, отбасындағы зорлық-зомбылық азаяр еді. Дәл қазір бізге әйелдерге қорған болар нақты заң қажет.

Гендерлік теңдік атты түсінікті тереңдете түсіндіретін бұл акция жыл аяғына дейін жалғасады. Осынау шараға өнер жұлдыздары мен қоғам қайраткерлерінің белсенді үн қосқаны мені қуантып отыр.

 

Ләйлә Сұлтанқызы, тележүргізуші:

«Қазақстандағы әйелдер құқығы: мүмкіндіктер мен кедергілер» атты конференциясына қатысуымның бірнеше себебі бар. Сіз бәлкім, мұндай шаралар бізге не береді деуіңіз мүмкін? Берері көп.

Иә, рас ауылдағы апаларымызға, қыз-келіншектерге мұндай шараның керегі шамалы. Олардың өз өмірі өзінде.

Дегенмен бұл шараның басты мақсаты гендерлік теңдік дегеннің не екенін ұғындыру. Оның түпкі мақсаты не? Көпшілік мұны әлі күнге түсінбейді. Теріс ұғынады. Мағынасын бұрмалап жібереді.

Гендерлік теңдік деген әйелдердің шалбар киюі, көлікке отыруы немесе шылым шегуі болмаса ер-азаматпен сөз таластыруы емес. Гендерлік теңдік – әйел құқығы табанға тапталған кезде көмекке келетін, араша түсетін принцип.

Әйел өзінің құқығын білуі тиіс. Ол құл емес, ол күң емес.

Әйел теңдігі әйел пікірімен санасудан басталады. Әйелге қол көтеру әлсіздіктің белгісі.  Ақылы бар, есі бар адам мұндайға бармайды. Елімізде әр 8-ші әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Үй-ішіндегі зорлық-зомбылықтан 400-ге жуық әйел көз жұмады. Бұл тек жылына ғана.

 

Айна Досмахамбетқызы, жалғызбасты аналардың құқығын қорғаушы:

– Жалғызбасты аналарға көрсетіліп отырған көмек өте аз. Меніңше, болашақта алимент мәселесін шешу бойынша арнайы қор құру қажет. Қоғам көп жағдайда кінәні әйелдің мойнына іліп қояды.

Бізде ажырасса да, күйеуі қол көтерсе де, мүгедек бала туса да әйел кінәлі деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан көп жағдайда әйелдер зорлыққа шыдайды.

Ілгеріде айттым біздің қоғамдағы жалғызбасты аналардың жағдайы ауыр. Мемлекет тарапынан қолдау қарастырылмаған. Бұдан бөлек, көптеген ер-азаматтар ажырасқаннан кейін өзінің жұмыс орнын жасырады. Ресми жалақысын көрсетпейді. Мұның бәрі – өз балаларына алимент төлемеудің жолы.

Қазақстанда 400 мыңнан аса жалғызбасты ана бар. Бұл – біздің қоғамдағы аса өзекті мәселенің бір. Балаға көзі ашық, санасы ояу ана керек. Анасы білімсіз болса, баласыз да білімсіз болып өседі. Қалай болғанда да, баланы қарайтын әйел. Еркек – түздің адамы.

Рекомендовать
Последние новости