Green Future Index рейтингі: Қазақстан 33-ші орынға тұрақтады

Dalanews 01 авг. 2021 04:15 1239

Әлем елдеріндегі жасыл экономиканың үлес салмағын анықтап, соған сай инвестициялық анықтама әзірлейтін Green Future Index-тің биылғы рейтингінде біздің ел 33-ші орын алды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

The Green Future Index рейтингі ел экономикасының жасыл технологияларға өту үрдісін сараптан өткізіп, соның негізінде әрбір елге жеке-жеке баға береді. Массачусетс университетінің Technology Review порталында жарияланған осы жолғы рейтингінде "жасыл жобалардың" үлесіне көңіл бөлінген.

Нақтылап айтсақ, мемлекеттің баламалы энергия көздеріне қаншалықты инвестиция бағыттағаны, жасыл экономикамен байланысты инновациялық жобаларды қаржыландыруға қаншалықты көңіл бөлетіні назарға алынған.

Қазақстан 4,9 ұпаймен 76 мемлекеттің ішінде 33-ші орынға тұрақтаған екен. Ал үздік бестіктің қатарына Дания, Норвегия, Ирландия, Франция және Исландия елдері кірген.

Бұдан бұрын Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мәмин 2030 жылға қарай Қазақстандағы жасыл энергияның үлесі 15 пайызға дейін жететінін мәлімдеген.


"Қазақстан 2060 жылға дейін шикізатқа тәуелділіктен арылып, жасыл экономикаға арқа сүйейтін болады. Баламалы энергия көздерінің үлесін арттыруға бар күшімізді салудамыз.

2020 жылы отандық энергетикадағы қайта қалпына келетін энергия көздерінің үлесі 3 пайызды құрады, келесі жылы бұл көрсеткішті 6 пайызға көтеруді көздеп отырмыз.

Ал 2030 жылға қарай жасыл экономиканың энергетикадағы үлесі 15 пайызға жететін болады", – деген Асқар Мәмин.

Осы мақсатқа жету үшін Қазақстан жаңа Экологиялық кодекс қабылдаған, құжат биылғы жылдың 1 шілдесінде күшіне енген. Кодекс жасыл экономикаға басымдық беретін компанияларды Батыс елдерінің тәжірибесі негізінде мемлекеттік деңгейде қолдауды көздейді.

Қазақстанның 2013-2020 жылдағы Жасыл экономикаға өту туралы концепциясы өз нәтижесін беріп, елімізде қайта қалпына келетін энергия көздеріне сұраныс артқан (ілгерідегі 3 пайыз), ал газ электр станцияларының саны 20 пайызға өскен.

Рекомендовать
Последние новости