Green card ұтып алған қазақ Әмірикадағы өмір туралы айтты

Қаракөз Амантай 03 мая 2024 15:50 5763

Айдос Сартайдың АҚШ-қа қоныс аударғанына 4 жылдың жүзі болды. Бастапқыда арнайы визамен сапар шеккен ол, жақында Green card-қа ие болған. Осы тұста Айдос мырза Dalanews.kz-ке АҚШ-тағы өмір салты мен жұмыс нарығын, қала берді виза мен грин-карта алу жолын бөлісіп өтті.

Кейіпкеріміздің сөзінше, Әмірикаға сапар шегуіне пандемия тікелей әсер еткен.

"Пандемия талай адамның қаржылық жағдайын құлдыратып жіберді. Жұмыс бірде бар, бірде жоқ. Бір шетінен жалақы да мардымсыз болды. Берешегім де көбейе бастады. Мұның шешімін табу керек болды. Соның бірі – Әмірикаға бару еді. 2020 жылдың жазына қарай мен АҚШ-қа аттандым", - дейді ол.

Ал виза алуына алыс құрлықта тұратын достары көмек қолын созған.

"Достарыма қарап, мен де виза алуға шешім қабылдадым. Сөйтіп, олар маған осы іспен айналысатын маманның нөмірін берді. Виза алу анау айтқандай оңай емес, маманның ақыл-кеңесін құлағыма құйып, консулдың алдына бардым. Мұнда әр адам өзінің жеке стратегиясын құруы керек. Біз жұбайым екеуіміз визаға тапсырысты бір уақытта бердік және қайтып келерімізді растайтын аргументіміз болды. Әмірикаға қыдырып барарымызды, ал балаларымыздың Қазақстанда қаларына акцент бердік.

Виза бойынша кеңес берген маман, нақты штатты таңдау керектігін айтты. Ал біз Пенсильвания штаты, Питтсбург қаласына барамыз деп шешім қабылдадық. Егер бүкіл Әміриканы шарлаймыз десеңіз, консулдың күдігін туғызасыз. Үшіншісі, төлқұжатыңызда түрлі визалардың болуы еді. Әсіресе, Еуропаның Шенген визасы, Англия немесе Канадаға барғаныңыздың айғағы болса, виза алу әжептәуір жеңілдейді.

Дей тұрғанмен, мұның өзі де сіздің виза алуыңызға толық кепілдік бермейді. Қатты қобалжудың да қажеті жоқ. Психологиялық дайындық керек. Елшіліктегі мамандарды алдау мүмкін емес, себебі сіз бен біз секілді азаматтардың мінез-мұлқын әбден танып алған. Сол үшін тәуекел етіп бару керек. Менің жағдайымда бағым жанды деп айта аламын", - дейді кейіпкеріміз.

Оның сөзінше, Әмерикада табыс табамын деген адамға мүмкіндік көп. Әлбетте кедергілер де кездеседі. Оған бірінің төзімі жетсе, енді бірі күйзелістің құзына құлайды.

"Мұнда барлығы адам үшін, адамның қолайлы өмір сүруі үшін жасалған. Бүкіл инфрақұрылым адамның қажетіне қызмет етеді. Жұрттың жүзі жылы. Қайда бармасаң да, әрдайым күлімсіреп жүреді. Иә, бізге қарағанда криминал жоғары.

Бұл елге аяқ басқан адам кинолардан көретін өмірді күтеді. Менің жағдайымда бәрі ойдағыдай болды әрі жоспарларыма сәйкес келді. Себебі, мен осындағы қазақтардың ортасына топ ете қалдым (жолдас-жораларым және інім күтіп алды). Алғашқы уақытта баспана тұрғысынан қиналған жоқпын. Рас, барлығының бұлай жолы бола бермейді.

Бөтен елге, бөтен жерге таныс-тамыры жоқ, көк тиынсыз келетін адамдар да бар. Арман етіп келген Әмірика қабақ шытып күтіп алған кезде "бәрі құрысын" деп кері кетіп қалатындар да кездеседі", - дейді Айдос мырза.

Кейіпкерімізге АҚШ-тың өмір салтына бейімделу үшін біраз уақыт кеткен.

"Елің мен жеріңді тастап, мүлде жаңа ортаға түскен кезде үлкен адаптациядан өтесің. Қайтқың келетін сәттер де болады. Сол кезеңге шыдас беру керек, әрі қарай Әміриканың өмір дағдысына бейімделіп, толқынға ілесіп кеткеніңді аңғармай да қаласың", - дейді ол.

Оның сөзінше тіл мәселесі әмірикалық ортаға бейімделудің басты факторының бірі.

"АҚШ-қа баруды армандайтын қазақтар қазірден бастап ағылшын тілін қолға алуы қажет, ерінбеңіздер. Ағылшын тілін меңгеру арқылы өз-өзіңізге инвестиция құясыз", - дейді кейіпкеріміз.

Кейіпкеріміздің айтуынша, АҚШ-та үйді жалға алудың жыры көп, қағазбастылық бар.

"Қазақстанмен салыстырған кезде, бюрократия жоғары. Сіздің өткен-кеткен тарихыңызды мұқият тексереді. Bacground chek, яғни биографиялық мағлұматтар талап етіледі. Нақтырақ айтсақ, адамның кредиттік рейтингі, одан бөлек сотталған-сотталмағанын растайтын құжат, білім деңгейі, жұмыс тарихын електен өткізеді. Сол үшін алғаш табан тіреген уақытта құжаттардың толық болмауынан үй жалдау өте қиын болады.

Үй жалдау құны штат пен қалаға байланысты өзгереді. Мысалы, біз достарымызбен екі бөлмелі пәтерге 1300 доллар төлейміз. Ал жеке үй мен коттедж бағасы 1500-2000 доллардан басталады. Ал сапасы жақсы коттедждердің бағасы 2500-3000 долларды құрайды. Бостон, Сан-Франциско, Лос-Анджелес сынды қалаларда бір бөлмелі пәтерді жалдау құны 2000-2500 долларға жетеді”, - дейді.

Сонымен қатар ол көлік бағасын да сөз етті.

"Көлік құны аса қымбат емес. Жүріп тұрған, сапасы жақсы көліктерді 4000-5000 долларға алуға болады. Әміриканың ұнайтын бір тұсы – орташа жалақы 4000-4500 доллар деп есептейтін болсақ, артық шығынсыз бір айда көлік тебуге мүмкіндік бар".

Ілгеріде ағылшын тілін меңгеру мәселесін бекер сөз еткен жоқпыз. Айдос Сартайдың айтуынша, Әмірикада ағылшының әлсіз болса, қара жұмысқа жегілесің.

"Жалпы кез келген мигрант Әмірикаға алғаш келгенде құжаты болмайды. Сол үшін алғашқы уақытта астыртын, рұқсатсыз жұмыс істейді. Көп жағдайда бұған адамның ағылшын тілін меңгермеуі себеп болады. Бұл – өте ауыр кезең. Құжатың болмағасын қолың байлаулы. Банктердің өзінде картаны әрең ашасың. Бұған да шыдау керек. Құжат мәселесі реттелгесін жұмыс табу да жеңілдейді", - дейді ол.

Осы тұста ол өзінің жұмысына тоқталып өтті.

"Мен тамақ жеткізу және таксилік қызметті қатар атқарамын. Жалпы, бұл - ауқымды тақырып. Ең бастысы, еңбегің ақталады. Маңдай теріңді сығып, жұмыс істесең, тапқан табысың соншалықты мол болады. Еңбек ақталмаса, адамдар бас сауғалап АҚШ-қа ағылмайтын еді. Соңғы 4 жылдың ішінде 10 миллиондай мигрант Әмірикаға кірді деседі. Ал қара жұмыста жоғары табыс табу өте қиын. Көбіне адамдар жүк тасымалына шығады. Табысы орташадан жоғары. Бірақ, бұл жұмысқа көпшіліктің белі шыдамайды", - дейді Айдос Сартай.

Айтуынша, мұндағы адамдардың басым бөлігі "нәпақасын" жеткізу қызметінен табатын көрінеді.

"Басқа қалалардағы тыныс-тіршілікті білмедім. Питтсбург қаласында тамақ жеткізу сервисінен тәуір табыс табуға болады. Таксилеткеннің де берекесі бар. Негізгі жұмыс – осы. Қазақтардың қарасы енді-енді көбейіп келеді. Әмерикаға көшу үрдісі елімізде 2010 жылдан бастап қарқын алды. Меніңше, уақыт өте АҚШ-та қазақтардың үлкен коммюнитиі құрылады. Қазіргі тенденцияның өзі осыған әкеле жатыр", - дейді кейіпкеріміз.

Айтуынша, бұл елде комфорт өмір сүру үшін 15– 20 мың доллардың төңірегінде табыс табуың керек. Алайда ТМД-дан келетін қауым түсіне бермейтін нюанстар бар.

"Бұл елде табысыңыздың 30-35 пайызы салыққа кетеді. Сақтандыру мәселесі де міндетті. Көлік не үй алсаңыз, тіпті денсаулық мәселесі бойынша арнайы сақтандыру енгізілген".

Айдос Сартай жақында АҚШ-тың тұрақты тұрғыны әрі резиденті екенін растайтын жеке куәлікке ие болған. Оны қазақша "көк карта" деп атайды. Осы құжаты барлар елде еш кедергісіз жұмыс істеп, кіріп-шығып жүре береді. АҚШ азаматтарымен тең оқып, бизнес ашып, әлеуметтік көмек ала алады. Осы тұста Айдос мырза грин-карта алудың жолын бөлісті.

"Грин-карта алудың жолы көп. Мысалы, грин картаны лотерея ұтып алу арқылы, босқын немесе саяси босқын статусы арқылы, жұмысшыларға арналған бағыт бойынша алса болады. Оның түрі көп.

Өзім жұмысшыларға арналған бағыт бойынша грин-карта алдым. Жалпы бұл бағыттың, мен білетін, төрт түрі бар: EB1, EB2, EB2 NIW, EB3. Толығырақ әр бағыт бойынша қарап алсаңыздар болады. Мен өз бағытым туралы айтып кетейін. Оның ішінде менікі EB2 NIW (Employment-Based 2 National Interest waiver).

Бұл бағыттың артықшылығы(EB2 NIW) жұмыс берушіні және белгілі бір жұмыс орнын көрсетуді қажет етпейді. Бірақ өзіңіз тапқан жұмысыңыз немесе ашқан ісіңіз (бизнес) Әміриканың ұлттық мүддесін (national interest) қорғайтын және осы елге пайда алып келетін іс болуы керек. Сол үшін сіз өзіңіздің білімді және тәжирбиелі маман екеніңізді дәлелдеуіңіз керек.

Бұл бағыт бойынша тапсыру үшін екі негізгі талап бар:

1. Сізде университет оқыған дипломыңыз болуы керек. Минимум бакалавр.

2. ⁠ Оқыған мамандығыңыз бойынша ең кемінде 5 жыл тәжірбиеңіз болуы керек. Тәжірбиені магистрдің дипломымен де жабуға болады.

Сонымен қатар қосымша сізді жақсы маман ретінде дәлелдейтін құжаттарды тапсырса болады. Мысалы, әртүрлі сертификат, лицензия, мақтау қағаздары т.б.

Бұдан басқа, басында айтқанымдай, тапқан жұмысыңыз немесе ашатын ісіңіз туралы ақпарат тапсыруыңыз керек. Оның Әміриканың ұлттық мүддесін (national interest) қорғайтын және АҚШ-қа пайда алып келетін іс екенін дәлелдеу керек. Қысқаша осылай.

Менің білімім де, тәжірбием де энергетика саласымен байланысты. Сол үшін энергетика бойынша іс ашамын деп документтерімді тапсырып, грин-картаға қол жеткіздім. Бүкіл процесске 3 жыл 3 айдай кетті. Қазіргі таңда жобаны іске асыруға кірісіп кеттім", - дейді ол.

Кейіпкеріміздің айтуынша, Америкада саяси мәдениет жақсы дамыған.

"Осы тұста басымнан өткен бір кейске тоқталып өтейін. Мысалы, менің грин-картам уақыт жағынан кешіктірілді. Осылайша мен штатымыздың конгресс-вуменіне жүгініп, грин-картамның кешіктіріліп жатқанын айтып, көмек сұрадым. Бір қызығы, ол бірден жауап берді. Артынша штаттағы адвокат  байланысқа шығып, оларға өтініш жіберетінін жеткізді. Осы сәтте риза болғаным соншалық, егер болашақта АҚШ  азаматы атанып жатсам, осы басшыға дауыс беремін деген ниетім болды. Себебі олар маған ұзақ перспективада болатын мәселені демде шешіп берді", - дейді ол.

Ал АҚШ-қа қоныс аударған қазақтар мұндағы өзіндік мәдениет пен тәртіпке бағынуы тиіс.

"Қазақстандағы түсінікпен Әмірикада жүру өте қиын. Заң мүлтіксіз жұмыс істейді. Ал адамдардың реакциялары әртүрлі болады. Ережелерді ескеріп, сақтықта жүру керек", - дейді Айдос Сартай.


Рекомендовать
Последние новости