Ғажайыптан тоқылған өнер. Астанада ашылған көрме қазақ елін елең еткізді

Dalanews 21 окт. 2024 12:02 4156

Астанада «She Rug» атты теңдессіз көрме ашылды. Экспозицияда қазақтың ежелгі қолөнері – кілем тоқудың барлық сатысы ұсынылды. Көрмені елорда тұрғындары мен қонақтары сол жағалауда орналасқан ForteBank ғимаратында тамашалай алады.

Көрме 17 қазаннан 8 қарашаға дейін Forte Kulanshi Artspace галереясында өтуде. Оның ашылу салтанатына өнер адамдары жиналып, қолөнер иелері шығарған кілемнің түр-түрін тамашалады. Көрменің орталық бөлігі ShyraQ әлеуметтік жобасы болмақ.

ShyraQ – бұл қолөнердің үздік дәстүрлерінде орындалған кілемдер арқылы Қазақстанның оқиғаларға бай тарихын және ерекше мәдениетін жаңғырту мен сақтау үшін құрылған бренд. ShyraQ жобасының негізін қалаған Сандуғаш Бейсенбекованың сөзінше, әр кілем Түркістан облысының әжелері мен жас аналарының қолымен тоқылған.

«Кілем функционалды тұрмыстық зат бола тұра, қазақ мәдениетінде шеберлікті, бірегейлікті және уақыт ағынын бейнелейтін терең мәнге ие. Бұл көрме дәстүр мен авангард стилін үйлестіре отырып, кілемді күнделікті көзге үйреншікті қалпынан бейнелеу өнерінің нысанына айналдырады. Басты мақсатым – осы көрмені шет елдерге, оның ішінде Ұлыбританияға, Францияға апару. Астанадан кейін Шымкент, Алматыға барамыз», - деді Сандуғаш Бейсенбекова.

Көрмеде Әлібай Бапанов, Мәлік Мұқанов, Ботагөз Төлеш, Құндыз Жилыбаева және Мереке Айдарша сияқты танымал гобелен шеберлерінің жұмыстары, сондай-ақ ShyraQ жобасының қатысушылары орындаған кілемдер ұсынылған. Экспонаттардың арасында әлемдегі ең көне Пазырық кілемінің бірегей жаңғыртылған жәдігерін көруге болады.

«She Rug» көрмесі қазақтың дәстүрлі кілем тоқу өнерінің көркем құндылығын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар оның маңызды әлеуметтік миссиясына – Қазақстанның ауылдық жерлерінде тұратын әйелдерді қолдау, оларды жұмыспен қамту және ежелгі өнерді сақтап, болашақ ұрпаққа тапсыру мүмкіндігіне ерекше көңіл аударған. ForteBank осы мәдени жаңғыру мен ұлттық дәстүрлерді сақтауға ықпал ететін жобаны қуана қолдаған.

«Біз 2016 жылдан бері өнер саласын қолдап келе жатырмыз. Forte Kulanshi Artspace галереясында алуан түрлі шеберлер өздерінің қолөнерін, туындыларын паш етуде. Бірақ бүгінгі өнер көрмесінің жөні бөлек, себебі ұлттық нақыштағы кілемдер көрсетіліп жатыр. Ал бұл – ұлттық өнердің бір нышаны. Меніңше, Қазақстанда тұрып жатқан азаматтар ұлттық өнерді қолдап, ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа дәріптей білуі керек. Сондықтан қазақ өнері мен мәдениетіне бей-жай қарамайтын азаматтарды көрмеге келуге шақырамыз», - деді «ForteBank» АҚ басқарма төрағасы Бекжан Пірматов.

Forte Kulanshi Artspace-тегі көрменің есіктері 2024 жылғы 8 қарашаға дейін көпшілікке ашық. Оны кіріп, көру тегін.


Рекомендовать
Последние новости