Еуропалық делегация Отырарға келді

Dalanews 18 июн. 2017 16:08 726

Отырарға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының төрағасы К. Муттонен бастаған бір топ шетелдік делегация келіп кетті.

14 маусым күні «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі ЕҚЫҰ павильонының ресми ашылуына қатысқан делегация мүшелері екі күн бойы Астананың көрікті жерлерін аралап, қазақтың салт-дәстүрлерімен танысты.

Мұнан соң еуропалық делегация Оңтүстік өңіріне бет алды. Шымкенттегі ресми кездесулерден соң тарихы терең, ғасырлардан сыр шерткен Отырар өлкесіне ат басын бұрды. Мәртебелі меймандарды аудан әкімінің міндетін атқарушы Р.Әліш қарсы алып, күллі мұсылман қауымы қастер тұтатын Арыстанбаб кесенесіне алып барды. Үш тілді еркін меңгерген Н.Әмзе құрметті қонақтарды Арыстанбаб әулиенің өмірі және кесене тарихымен терең таныстырды.

Арыстанбаб кесенесінен кейін талай тарихты қойнына жасырған Отырар төбе қалажұртына бет алған қонақтар осында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарын көзбен көрді. Қонақжай отырарлықтардың атынан Р.Әліш еуропалық меймандарға естелік үшін кәдесыйлар тапсырды. Өздерін қызықтырған сан сауалдарға тұшымды жауап алған қонақтар ризалықпен аттанды.

Рекомендовать
Последние новости