Еуроодақ мен Қазақстан шикізат ресурстары мәселесінде ынтымақтастық орнатты

Dalanews 26 окт. 2023 10:58 1536

2023 жылғы 25-26 қазан аралығында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шарханұлы мен «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ төрағасы Ерлан Ғалиев  Брюссель (Бельгия) қаласында өткен  «Global Gateway» форумына қатысты.

«Жасыл» энергетика мен «жасыл» сутегіге көшу, инфрақұрылымды дамыту, маңызды шикізат ресурстары мен көлік дәліздері мәселелеріне арналған шараны Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен ашты.

Сапар барысында қазақстандық делегация сирек кездесетін металдар мәселесіне арналған панельді сессияға қатысып, тараптармен ортақ серіктестік мәселесін талқылады. Сондай-ақ, Иран Шарханұлы мен Ерлан Ғалиев еуропалық ұйымдардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

«Аталған форум аясындағы – сирек кездесетін металдарды дамыту тақырыбына арналған сессия маңызды мәселелердің бірі болды. Сессия барысында еуропалық әріптестерімізге шикізат ресурсына қатысты Қазақстан әлеуетін таныстырдық.  Кездесулерде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында шикізат ресурстары, логистика саласындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мәселелері талқыланды»,-деді вице-министр Иран Шарханұлы.

Форум барысында Global Gateway бағдарламасы аясында іске қосылған алғашқы 89 флагмандық жобаны жүзеге асыру басталды.  «Global Gateway» ұйымдастырушысы Еуропа Одағы.

Айта кетейік, «Global Gateway» форумы ЕО және серіктес елдерден 40-тан астам жоғары лауазымды үкімет өкілдері, қаржы институттары, соның ішінде Еуропалық инвестициялық банк және Еуропалық қайта құру және даму банкі, жеке сектордың, азаматтық қоғам өкілдерінің басын қосқан жиын.

Рекомендовать
Последние новости