Ескі Қазақстан қарымта қайтаруға қамданып жатыр

Dalanews 20 нояб. 2023 07:03 1462

Ақорда маңайындағы телеграм арналардың топшылауынша Болат Назарбаевтың асында бас қосқан ескі Қазақстанның өкілдері қазіргі статусына көңілі толмай, Тоқаевқа тісін қайрап жүр.  

Болаттың асына жиналған экс-президенттің жақтастары сырт көзге сыпайы, монтаны көрінгенмен, іштей алай-түлей күйде жүр. Мемқызметпен қош айтысқан бұлардың көпшілігі саяси ықпалын жоғалтқанмен, ақшалай ресурстан айырылған жоқ.

"Ескі Қазақстанның" есіл-дерті - реванш. Тоқаевтың президенттің мерзімі таусылуға тақаған сайын бұлардың бұрынғы жүйені қайтаруға деген құлшынысы да күшейе түспек. Жаңа Қазақстан жүзеге асырып жатқан реформалар бұлардың жанына жат.


Назарбаевқа ақырына дейін адал болуға ант берген топ - елді демократиялық стилде басқаруды мүлде құптамайды. Олардың ойынша дүйім дүниеге таралған демократияның дағдыларын қазақтардың бойына сіңіру қауіпті. Сондықтан қазіргі саяси реформаларды Тоқаевтың тұсында болмаса да, ол кеткеннен кейін барынша тежеуге тырысады.



Ілгеріде айтып өткендей, "ескіқазақстандықтардың" қолындағы ең құнды ресурс - ақша. Құлыбаевтың компаниялары елден тапқан түсімді жымын білдірмей шетке тасып жатыр. Назарбаевтың өзге сыбайластары да капиталға кенде емес. Саяси репутациясын қайтару үшін есеп-шотындағы миллиардтарды сарп етуден тайынбайды.

Әулеттің кейбір өкілдерінің қолында топтасқан медиа активтер керек кезінде елдегі ақпараттық саясаттың ауанын өзгерте алады.


Болаттың асына қатысқан экс-бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың сөз саптауынан Жаңа Қазақстанға сес көрсеткені  сезіліп тұрды. Өзінің тұсында "ойдан шығарылып, қолдан құралған" қылмыстық істер бойынша абақтыға қамалып, кейін ақталған азаматтарға қатысты сауалға "сот оларды кінәлі деп таныды" деп жауап берген Қожамжаров күллі ескі Қазақстанның атынан сөйлегендей әсер қалдырды.

[caption id="" align="alignnone" width="1200"] Фото - Ұлысмедиа[/caption]

Назарбаевтың сенімді серіктері жаңа заманның тәртібіне бағынып, Тоқаевпен арадағы уағданы сақтағысы келмейтінін айқын аңғартты. Мұндайда бұлардың уысындағы активтерді қайтару туралы әңгіме қозғаудың өзі ерсілеу естіледі.

"Ескіқазақстандықтар" Мемлекет басшысының реформалары ұзаққа созылмайтын уақытша құбылыс деп санайды. Тоқаевтың президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін қарымта қайтаратын оңтайлы сәт туады деген ойда.

Болаттың асындағы Тимур Құлыбаев пен Дариға Назарбаеваның бейқам отырысы қоғамның ашуына тигені өтірік емес. Ескі жүйенің өкілдерін өкшелей қуып, жауапқа тарту процесі қоғам тарапынан қолдау таппаса, қарсылыққа ұшырамайтыны анық.

https://dalanews.kz/del-qazir/95431-balaeva-turmystyq-zorlyq-zombylyqpe

Рекомендовать
Последние новости