Қытай, Сингапур және Ресей теңіз жағалауларында ресейлік мұнайды тиеген танкерлер порттан алысырақ маңда зәкірлерін тастап, көгендеулі тұр. Өткен жұмада, 10 қаңтарда АҚШ Ресейдің мұнай секторына қарсы санкциялар салғаннан кейін осындай күрделі мәселелер туындаған. Осы жағынан алғанда, бұл соғыс басталғаннан бергі ең қатал әрі нәтижелі санкция болмақ, деп жазады bbc. Ең бастысы, кезекті санкция Ресейдің "көлеңкелі флоты" мен онымен байланысты компанияларға ауыр соққы болып тиюде. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде теңіз бетінде осылай қалқып, әрекетсіз қалған мұнай тасушы ресейлік танкерлер саны 65-тен асады, деп жазады Dalanews.kz.
Reuters агенттігінің MarineTraffic және LSEG мәліметтеріне жүгіне отырып, жүргізген зерттеуіне сәйкес, әртүрлі өңірде кем дегенде 65 мұнай танкері зәкірін тастап, қозғалыссыз тұр. Олардың көпшілігі Ресейдің Балтық және Қиыр Шығыстағы теңіз жағалауларында болса, бес танкер Қытай порттарының жанында, тағы жетеуі Сингапур жағалауында қалып кеткен.
Үйілген танкерлер ішіндегі 25 кеме алдында Иранның порттарында және Суэц каналы маңында болған.
Бір күн бұрын Қытай мен Үндістан АҚШ-тың жаңа санкцияларына байланысты Ресей мұнайын қабылдаудан бас тартатыны белгілі болды. Вашингтонның 10 қаңтарда мұнай компаниялары мен "көлеңкелі флотқа" қарсы енгізген санкцияларының, негізінен, 180-нен астам кемеге әсері бар.
Bloomberg мәліметтері бойынша, Olia, Mermar және Huihai Pacific атты үш кеме Қытайдың Шаньдун провинциясындағы порттарға жетпей тұрып қалған. Олар Находка маңында орналасқан Ресейдің Тынық мұхиттағы Козьмино портынан шамамен 2 млн баррель мұнай әкетіп бара жатқан. Алайда санкцияға ұшыраған кемелерді қытайлық порт операторы Shandong Port Group-тың өз порттарына кіруіне тыйым салған.
Желтоқсан айында Финляндияда Санкт-Петербургтен Мысырға Кука аралдарының туымен бет алған Eagle s мұнай танкері ұсталды. Оны Ресейдің "көлеңкелі флотына" да жатқызады.
Сонымен қатар ресейлік мұнай кемелері үшін Үндістан да өз порттарын жабатыны белгілі болды. Bloomberg-тің мәліметінше, Үндістан 10 қаңтарға дейін өз жағалауына келіп алған кемелерді, онда да олар 12 наурызға дейін жүкті түсіріп үлгерсе, қабылдауға дайын екенін айтқан.
Бұдан бөлек, Үндістан банктері санкцияға ұшыраған компаниялар қызметінен бас тарту үшін мұнайдың шығу тегі туралы сертификаттарды талап етпек.
Ресей мен Азия елдері теңіздерінің жағалауларында нөпір кеменің тұрып қалуымен қатар бір мезгілде Испанияда "Газпромның" "Портовая" зауытынан газ тасушы Cool Rover кемесі де көгенделді, деп жазады Ресейде шетел тыңшысы деп танылған The Bell. Бұл газ тасушы кеме де 10 қаңтарда АҚШ жариялған санкциялар тізімінде бар.
Айта кетсек, 2025 жылы 8 қаңтарда Иранның көлеңкелі флоты АҚШ пен Еуропа елдері салған санкцияны сәтті айналып өткенімен қоймай, санкцияға ұшыраған басқа елдерге де, соның ішінде Ресейге де қолғабыс етіп келгені мәлім болды. Осыны дәлелдейтін шетелдік БАҚ-та көлемді зерттеу мақала жарияланды.
Бүгін, 15 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Abu Dhabi Ports Group бас директоры Мұхаммед Әл-Шамисимен кездесті.Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың перспективасы талқыланды, сондай-ақ көлік-логистика саласында бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселесі қарастырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Abu Dhabi Ports компаниясының бірқатар ірі нысан құрылысына қатысты жоспарына қолдау көрсетіп, бұл бастамалар Қазақстанның Каспий теңізіндегі айлақ және теңіз инфрақұрылымын дамыту жөніндегі стратегиялық мүддесіне сай келетінін атап өтті.